Ұлт руханиятының жалаугері

Ұлт туралы әңгіме болғанда негізгі сөз сол ұлт­тың мәдениеті мен өркениетінің қа­лып­­та­са бастаған кезінен басталады. Тарих­қа қа­зақ атымен еніп, дербес мемлекет құр­ға­­нымызға бес жарым ғасырдан асса да, шын мәнінде өр­кениет көшіне ілесіп, әлемге өз еліміздің аты­нан тіл қатқанымыз – өткен ғасырдың ба­сы.

Ұлт руханиятының жалаугері
ашық дереккөзі
1613

Міне, сол тұста төл әліпбиіміз бен төл ғы­лымымыз және ұлттық бас­па­сө­зі­міз­дің пай­да болуына ерен еңбек сіңірген тұл­ға Ахмет Байтұрсынұлы еді. Биыл оның 150 жыл­дық мерейтойын республикалық кө­лемде және ЮНЕСКО деңгейінде тойлау ша­­ралары жүріп жатыр. Осыған орай Қа­зақ­стан Пре­зи­денті Қасым-Жомарт Тоқаев ал­дын ала бекі­тіл­ген жұмыс кестесіне сәйкес, 5 қыркүйек күні Қостанай облысына барып, жұ­мыс са­пары аясында қазақ тіл білімі және әде­биет­тану ғылымының атасы, ұлт ұстазы Ахмет Бай­тұрсынұлының 150 жылдық мерей­тойы­ның ресми іс-шараларына қаты­сады. Бұл – Ахмет Байтұрсынұлындай ұлт ұста­зына деген мем­лекеттік деңгейдегі құр­меттің көрінісі. Қасіретті де қасиетті ғұмыр иесі Әр қайраткерді өз дәуірі тудырады дей­тін тәмсіл бар. Бұл – кезі келгенде әр ұлттың өз құдіретін көрсететінінің дәлелі. Ал ондай кезеңде қоғамды алға сүйрейтін пассионарлар тарих сахнасына шығып, өз мис­сиясын атқарады, олар бастаған ізгілікті іс одан әрі жалғасын тауып, тұтастай ұлттың жан-жақты дамуына зор әсер етеді. Сон­дықтан қазақ руханиятында Ахмет Бай­тұрсынұлының орны өте биік, маңызды әрі зор құрметке лайық. Бір басына құдай керемет қабілет пен талантты үйіп-төгіп берген ақын, қа­зақ тіл білімі ғылымының негізін салушы және әдебиет зерттеуші ғалым, түркітанушы, публицист, педагог, аудармашы, қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынұлы 1872 жылы 5 қыркүйекте Қостанай облысы Жангелді ауданы Ақкөл ауылында (бұрынғы Торғай уезінің Тосын болысы) дүние есігін ашты. Ата­сының аты – Шошақ, әкесінің есімі – Байтұрсын, анасының ныспы – Күңше. 1885 жы­лы сайлауда уез бастығы Яковлевке на­ра­зылық танытқаны үшін Шошақ балалары Ақтас, Байтұрсын, Сабалақ үшеуі сотталып, дүние-мүлкі тәркіленіп, Сібірге 15 жылға каторгаға айдалады. Тек әкесінің інісі Ерғазы ғана ол кезде оқиға болған жерден жырақта жүргендіктен, жазадан аман қалады. Сөйтіп, тағдырдың жазуымен Ахмет атасы Шошақ пен әкесінің інісі Ерғазының тәрбиесінде болады (Ахметтің әкесі Байтұрсын айдаудан оралып 1909 жылы, анасы Күңше 1919 жылы өмірден өткен). Алдымен екі жыл ауыл молдасынан сауат ашқан ол 1890 жылы Торғай­дағы екі сы­ныпты қазақ-орыс училищесін, 1895 жылы Орынбордағы мұғалімдер мектебін бітіреді, сөйтіп 1909 жылға дейін Ақтөбе, Қостанай, Қарқаралы уездеріндегі орыс-қа­зақ мектептерінде оқытушы, Қарқаралы қа­лалық училищесінде меңгеруші қызметін атқарады. Мұғалім кезінде елдегі саяси жағ­дай­ларға қанық ол 1905 жылы халықты басқару, сот, білім беру, сыртқы миграция, тағы басқа саяси маңызы бар мәселелер кө­терілген Қарқаралы петициясы автор­лары­ның бірі болады, сол үшін 1909 жылы 1 шілдеде губернатор Тройницкийдің бұй­ры­ғымен тұтқындалып, Семей түрмесіне қа­малады. Жеті айдан соң оған жерге жер ау­дару жөнінде шешім қабылданып, 1910 жылы 9 наурызда Орынборға келген А.Бай­тұрсынұлы 1917 жылдың соңына дейін сонда тұруға мәжбүр болды. Дегенмен Байтұрсынұлының Орынбордағы өмірі қоғамдық-саяси қызметке арналып өзінің сенімді серіктері Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулатұлымен бірге тұңғыш жалпыұлттық «Қазақ» газетін шығарып, халқының сауатының ашылуына, саяси көзқарасының орнығуына күш салды. 1917 жылы Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов, Елдес Ғұмаров, Есенғали Тұрмағанбетов, Ғабдулхамит Жүндібаев, Ғазымбек Бірімжановтармен бірге «Алаш» партиясының бағдарламасын әзірлеген Ахмет Байтұрсынұлы Алашорда үкіметі құрылғанда оның құрамына енбеді, дегенмен 2-жалпықазақ съезінде осы үкі­меттің оқу-ағарту комиссиясының төра­ғасы бо­лып бекітілді және 1919 жылы наурызға дейін Алашорда үкіметінің Торғай облысы бө­лімінің мүшесі болды. 1919 жылы нау­рызда Алашорда үкіметі атынан Мәскеуге Кеңес үкіметімен келіссөзге аттанған ол сол жылдың шілдесінде РКФСР Халық комис­сарлар кеңесі мен Қазақ әскери-револю­ция­лық комитеті төрағасының орынбасары бо­лып тағайындалды және Байтұрсын­ұлы­ның ықпалымен Алашорда басшылары мен мүшелеріне Кеңес үкіметінің кешірімі жария­ланды. Ол 1920 жылы тамызда Қазақ АКСР-і үкіметінің құрамына еніп, 1920-1921 жылы Қазақ АКСР-і халық ағарту комиссары болып жұмыс істеп, 1922 жылы Өлкелік халық комиссариаты жанындағы Академиялық орталықтың, 1922-1925 жылы Халық ағарту комиссариаты ғылыми-әдеби комиссиясының, Қазақ өлкесін зерттеу қо­ғамының төрағасы қызметінде болды. Осы­мен бір мезгілде Байтұрсынұлы ұстаз­дықтан қол үзбей, 1921-1925 жылдарда Орынбор­дағы, 1926-1928 жылы Ташкенттегі Қазақ халық ағарту институттарында қазақ тілі мен әдебиеті, мәдениет тарихы пәндерінен сабақ беріп жүрді. 1926 жылы Бакуде болып өткен Бірінші түркологиялық құрылтайдың төралқа мүшесі болды. 1928 жылы Алматыда Қазақ мемлекеттік педагогика институты ашылғанда осы оқу ордасына келіп, про­фессор қызметін атқарды. 1929 жылы 2 мау­сымда «Алаш» қозғалысы қайраткер­лері­мен бірге ол Алматыда тұтқынға алынып, Мәс­кеудегі Бутырка абақтысына жөнелтілді. Сөйтіп, КСРО Халық комиссарлар кеңесі жанындағы ОГПУ «үштігінің» 1930 жылы 4 сәуірдегі шешіміне сәйкес Байтұрсынұлы ату жа­засына кесілді, алайда кейін ол шешім өзгеріп: 1931 жылы қаңтарда 10 жылға концла­герьге жіберілсе, 1932 жылы қарашада Архангельскіге 3 жылға жер аударылды. 1934 жылы М.Горькийдің жұбайы Е.Пешкованың көмегімен Байтұрсынұлы отбасымен бірге мерзімінен бұрын босатылып, Алматыға ора­лады. Бұл жерде тұрақты жұмысқа қа­был­данбай, түрлі мекемеде қысқамерзімдік қызметтер атқарады. 1937 жылы 8 тамызда сталиндік репрессияның қармағына ілініп, сол жылдың 8 желтоқсанында атылды. Сөй­тіп, жарты ғасырдан аса уақыт ұлтына зор еңбек сіңірген Ахмет Байтұрсынұлының есі­мі еш жерде аталмай, еңбектеріне тыйым салынды. Бірақ мәңгілік ештеңе жоқ екен, 70 жыл­дай халықтар түрмесіне айналған қы­зыл империяның өткен ғасырдың соңғы ши­регінде шаңырағы шайқалып, қоғамда жа­риялылық пен демократия күш ала бас­тағанда кезінде саяси көзқарастарына бай­ланысты жазықсыз жапа шеккендерді саяси тұр­ғыда ақтау күн тәртібіне шықты. Сөйтіп, 1988 жылдың басында Қазақстан Ком­партиясы Орталық Комитетінің жанында ста­линдік репрессиялардың құрбаны болған хал­қымыздың ардақты ұлдарының саяси жә­не шығармашылық-мәдени қызметтеріне оң баға беру туралы арнайы комиссия құры­лып, өз жұмысын бастады. Соның нәти­же­сін­де Қазақ КСР-нің Қылмыстық және пра­во­лық кодексінiң 375-бабын басшылыққа ала отырып Жоғарғы Сот: «СССР Халық Комиссарлар Советiнiң жанындағы ОГПУ-дің ІV коллегиясының 1930 жылғы 4 сәуір­дегі және 1931 жылғы 13 қаңтардағы Бай­тұрсынов Ахмет, Дулатов Міржақып, Ай­мауы­тов Жүсiпбек, Есполов Мирза-Ғазы, Ғаб­басов Халел, Әдiлев Дiнмұхамед, Бiрiм­жанов Ғазымбек, Юсупов Ахмед-Сафа, Жұ­мабаев Мағжан, Омаров Елдес, Битiлеуов Да­молла, Болғанбаев Хайретдин, Байтасов Абдолла, Жәленов Кәрiм және тағы басқалар жө­нiндегi қаулысының күшi жойылсын, олар­дың iс-қимылдарынан қылмыстық әре­кеттер табылмағандықтан да тергеу барысы тоқ­татылсын» деген шешім шығарды. Со­ны­мен бірге Қазақстан Орталық коми­тетінің идеология жөніндегі хатшысы Өзбекәлі Жәнібековтің араласуымен Ғылым акаде­мия­сында арнайы комиссия құрылды, сол ко­миссияның шешімі бойынша Алаш қай­раткерлерін саяси және шығармашылық тұр­ғыдан ақтау туралы арнайы қаулы шық­ты Солайша, жазықсыз қуғын-сүргінге ұшы­раған Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, М.Шоқай, М.Тынышбаев, Х.Дос­мұха­медов, Ж.Досмұхамедов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, Ш.Құдайбердиев, басқа да көп­теген Алаш қайраткерлері мен ғылыми-шы­ғармашылық зиялы қауым өкілдері саяси, аза­маттық тұрғыда ақталды. Міне, осыдан бастап Ахмет Бай­тұр­сын­ұлының есімі халқымен қайта қауышып, шығармалары жарияланып, ұлт ұста­зының есімі Отанында ұлықтала бас­тады. Әр ісімен ұлт мерейін көтерген тұлға Бір адамның бірнеше салада тер төгуі таң­ғаларлық нәрсе емес, ондай жан­дар бар, ал барлық салада бірдей жетістікке жету миллиондардан бір адамның басына қо­натын бақ болса керек. Ахмет Бай­тұрсын­ұлы­ның қазақ әліпбиін реформалауға сіңір­ген еңбегі, қазақ тіл білімі ғылымының не­гізін салуы, қазақ әдебиеттану ғылымын жа­сауы және поэзия мен публицистикада істе­ген істерінің мән-маңызы ерекше, себебі ол қай-қайсысында да үлкен жетістікке жете білді. Байтұрсынұлы – ақын. Тумысынан зерек те сергек, сұңғыла сана иесі Ах­мет Байтұрсынұлы жастайынан алған бі­лімімді қайтсем халқымның қажетіне жа­ратамын деп ойлағанда ең алдымен сөз құ­діретіне қол созды. Бұл оның азаматтық ұста­нымын қалыптастырған жол болды. Өйт­кені ежелден екі ауыз сөзбен ердің құ­нын шешкен қазақи болмысқа сол тұста сөз­дің, өлең-жырдың әсері мол болатын. Сөй­тіп, ол бойға біткен ақындық қуатымен ұлтын оятуға үн қосуды мақсат тұтып, 1909 жылы «Қырық мысал» атты аударма кітабын шығарды. Бұл кітап Абайдың алғашқы өлең­дер жинағы және Міржақып Дулатовтың «Оян, қазақ» атты кітабымен бір жылда жа­рық көріп, қазақ даласына тарады. «Қырық мысал» орыстың әйгілі ақыны И.Крыловтың мысалдарынан еркін аударма кі­табы болды. Себебі А.Байтұрсынұлы Кры­лов мысалдарын сол қалпында жеткізуден гөрі оны қазақи дүниетанымға лайықтап, шы­ғыс әдебиетінде ежелден бар – нәзира (жа­­рыса жырлау) үлгісімен жеткізді. Яғни, орыс ақынының мысалдарындағы сюжет­тер­ді негізге ала отырып, қайта жырлап шық­ты, сол арқылы қазақ халықтың ауыр ха­лін, арман-тілегін, мұң-мұқтажын астар­лай жеткізіп, елін оқуға, білім-ғылымға, ру­хани биіктікке, адамгершілікке, мәдениетті кө­теруге, еңбек етуге, заманнан қалмай білім игеруге үндеді. Қазақты билеп-төстеп отыр­ған патшалық Ресейдің қанаушылық-отар­шылдық саясатын, шенді-шекпендінің ал­дында құлдық ұрған шенеуніктерді сынады. Бұл ұйқыда жатқан қазақтың ой-санасын оятуға ұмтылған ақынның жан шырылы еді. Дегенмен әдебиеттегі алғашқы қадамы болса да Байтұрсынұлының бұл кітабы әлі де өз маңызын жойған жоқ, бұл ақынның талант құ­діретін танытса керек. Ахмет Байтұрсынұлының екінші кітабы «Маса» деп аталады. 1911 жы­лы жарық көрген бұл кітапқа енген өлеңдердің мәні сол тұстағы ағартушылық бағытпен үндесіп, қа­зақ даласында Шоқан, Абай, Ыбырай қа­лыптастырған гуманистік, демократиялық ба­ғытпен үндесті. Онда ақын ұлтының кем­шіліктерін көрсетіп, өзі өмір сүріп отырған кезеңдегі қоғамға көңілі толмайтынын жеткізді. Кітаптағы «Қазақ салты», «Қазақ қалпы», «Досыма хат», «Жиған-терген», «Ті­лек батам», «Жауға түскен жан сөзі», «Бақ» сияқ­ты өлеңдерінде А.Байтұрсынұлының ақын­дық қуаты мен халқын сүйген үлкен жүре­гі көрінді. Ал әдеби тұрғыдан келгенде ақын­ның көзі тірісінде үш рет басылып шық­қан «Маса» өзінің әуенділігі мен мен ой өрнегі жағынан қазақ поэзиясына өзіндік жаңа­лық, соны өзгеріс әкелген кітап еді. Сон­дай-ақ Байтұрсынұлы қазақ тіліне А.Пуш­кин, М.Лермонтов, Ф.Вольтер, С.Над­сон се­кілді ақындардың өлеңдерін жоғары дең­гейде аударып танытты. Байтұрсынұлы – публицист. Өзінің жур­налистік қызметімен қазақ пуб­лицистикасының бастауында тұрған са­наулы тұлғалардың бірегейі. Сондықтан оның аты аталғанда ұлтымыздың ойында 1913-1918 жылдары шығып тұрған «Қазақ» га­зеті тұрады. Өйткені Ахмет Байтұрсынұлы «Қа­зақ» газетін шығарып, өзі редакторлық жә­не журналистік қызмет атқарды. Газеттің ал­ғашқы санында «Өзіміздің елімізді сақтау үшін бізге мәдениетке, оқуға ұмтылу керек. Ол үшін ең алдымен әдебиет тілін өркендету ке­рек. Өз алдына ел болуға, өзінің тілі, әде­биеті бар ел ғана жарай алатынын біз ұмыт­пауға тиіспіз. Бұл мәселеде біздің ха­лымыз оңды емес. Осы күні орыс школы мен татар мектептерінде оқып шыққандар қазақ тілін елеусіз қылып, хат жазса өзге тілде жа­зып, қазақ тілінен алыстап барады. Бұл, әри­не, жаман әдет. Егер тілге осы көзбен қара­сақ, табиғат заңына бағынбай, біздің ата-бабаларымыз мың жасамаса, ол уақытта тілмен де, сол тілге ие болған қазақ ұлтымен де мәңгі қоштасқанымыз деп білу керек. Егер оны істегіміз келмесе, осы бастан тіл, әдебиет жұ­мысын қолға алып, өркендететін уа­қы­ты­мыз жетті» деп жазған Ахмет Байтұрсын­ұлы ә дегеннен тіл тазалығы мен әдебиетіміздің дамуы үшін белсене еңбек етіп, көптеген мақала жазды. Публицист қаламгердің га­зетте жарияланған «Көшпелі һәм отырықшы нор­ма», «Уақ қарыз», «Бұ заманның соғысы», «Жәр­дем комитеті», «Закон жобасының баян­дамасы», «Қазақ халқын билеу туралы 1868 жылы шыққан уақытша положение», «Губернатор өзгертілуі», «Соғысушы пат­ша­лар», «Қазақ жерін алу турасындағы низам», «Қа­заққа ашықхат», «Бастауыш мектеп» сияқ­ты сыни мақалалары сол тұстағы елдің га­зет оқуға, баспасөз құдіретін тануына зор әсер етті. Айта кету керек, оның публи­цис­ти­калық туындылары тек «Қазақ» газетінде ғана емес «Айқап», тағы басқа газеттерде жа­рияланып тұрды. Осылайша, ол қазақ бас­пасөзінің де негізін салып, өркен жаюына зор еңбек сіңірді. Байтұрсынұлы – қазақ тіл білімінің негізін салушы. Бұған оның қазақ әліп­биіне реформа жасауы және қазақ ті­лінде оқулық жазып, тіл білімі ғылымында жа­саған жұмыстары дәлел. 1910 жылы ол қа­зақ тілінің табиғатына бейімделген араб жа­зуы негізінде әліпби жасады. «Бір дыбысқа – бір таңба» принципімен жасалған бұл әліпби өзінің жазуға және оқуға ыңғай­лы­лығымен қазақтың сауатын ашуға зор пайдасын тигізген еңбек болды. Өзі жасаған жаңа жазу үлгісін «Қазақ» газетіне шығарған А.Байтұрсынұлы жаңа әліпбиді қолданудың қа­жеттілігін белсене насихаттады. Сон­дық­тан ол 1924 жылы Орынборда өткен қазақ зиялыларының тұңғыш съезінде және 1926 жылы Бакуде өткен түркі білімпаздарының құрылтайында араб жазуындағы жаңа әліп­бидің қажеттілігін, құндылығын жан-жақ­ты дәлелдеп ғылыми баяндама жасады. Қа­зақ тілінің заңдылығын, ерекшеліктерін ғылыми жақтан негіздеп жасаған Байтұрсынұлының әліп­биі ұлттық жазуымыздың қалып­тасуын­да аса ірі мәдени жетістікке айналды. (Тіпті, кеңестік кезеңде шетелдердегі қазақтарға ар­нап Қазақстанда шығарылып тұрған «Шал­қар» газеті де осы жазумен басылып тұрды). Ахмет Байтұрсынұлының 1912 жылы шыққан «Оқу құралы» қазақтың тұңғыш әліп­пелерінің бірі. Ол бірнеше рет жетіл­дірі­ліп, 1925 жылға дейін жеті рет қайта ба­сылып шықты. Қазақ тілінің табиғатын та­нытатын «Оқу құралы» әдістемелік тұрғыдан күні бүгінге дейін аса бағалы оқулық са­на­лады. Тілді үйрену тек әліпбиді игеруден тұрмайды, сондықтан Байтұрсынұлы бұл жолдағы ізденісін кеңейтіп, қазақ ті­лінде білім беретін мектептер үшін үш бө­лім­нен тұратын «Тіл – құрал» атты оқулығын жазды. (Оның фонетикаға арналған бөлімі 1915 жылы, морфологияға арналған бөлімі 1914 жылы, синтаксис бөлімі 1916 жылы ж­арық көрді). Сөйтіп, «Тіл – құрал» атты қа­зақ тілінің тұңғыш оқулығы пайда болды. Ол оқулық қазіргі қазақ тілі оқулықтарының негізі еді. «Тіл – құрал» қазақ тіл білімінің бар­лық саласының құрылымын жүйелеп, ғы­лыми негізін салды. Оқулықта қазақ ті­ліндегі тілдік ұғымдарға терең ғылыми анықтамалар берілді, терминдері жасалды. Мәселен, күні бүгінге дейін пайдаланып жүр­ген зат есім, сын есім, етістік, есімдік, одағай, үстеу, бастауыш, баяндауыш, пысық­тауыш, шылау, сөз таптары, сөйлем, құрмалас сөйлем, қаратпа сөз, тағы басқа жүздеген ұлттық терминді Ахмет Байтұрсынұлы жасады. Ол сонымен бірге тіл үйренушілер мен оқытушыларға арнап «Тіл жұмсар», «Баяншы» деген әдістемелік кітаптар жазып шығарды. Айта кету керек, А.Байтұрсынұлы­ның атын атауға қатаң тыйым салынған кеңес­тік кезеңде де қазақ тіл білімінде оның жа­саған жүйесі сақталып, терминдері пай­даланылып келді. Бүгінде әлемдік ғылыми орта Ахмет Байтұрсынұлының түркология ғы­лымындағы ерен еңбектерін түгел танып, мойындайды. Байтұрсынұлы – әдебиеттанушы. Ол қазақ әдебиеттану ғылымының не­гізін салушы ретінде де көп еңбек сіңірді. Бұл тұрғыдан алғанда оның 1913 жылы «Қазақ» газе­тінің үш санында жарияланған «Қазақ­тың бас ақыны» атты мақаласы қазақ тіліндегі алғашқы әдеби зерттеу мақала­лардың ең көрнектісі саналады. А.Байтұр­сын­ұлы бұл мақаласында ақын Абай Құнан­байұлының өмірбаянын беріп, оның ұлттық әдебиетіміздегі аса ірі тұлға екенін көрсетіп, шығармаларының мазмұнының тереңдігі мен ақындық шеберлігін жан-жақты баян­дайды. Сондай-ақ Абайдың поэтикасы, орыс әдебиеттерімен байланысы туралы терең пікірлер айтып, ақын мұрасының эстети­калық қадір-қасиеттерін ашқан. Ол бүгінгі абайтану ғылымының іргетасын қалаған ал­ғашқы зерттеу еді. А.Байтұрсынұлының қазақ фольклорын жинап, жариялаудағы еңбегі үлкен. 1923 жылы Мәскеуде қазақтың эпостық жыры «Ер Сайын» дастанын кітап қылып шығарып, оның алғысөзі мен түсініктемелерін жазды, сонымен бірге ауыз әдебиетіндегі жоқтау жырларды жинап, жүйелеп 1926 жылы «23 жоқтау» атты кітапты бастырып шығарды. Бүгінде қазақ әдебиеттану ғылымы өсіп-өркендеген ғылым, ал соның басында А.Байтұрсынұлының 1926 жылы шыққан «Әдебиеттанытқыш» атты кітабы тұр. Бұл – қазақ әдебиеттану ғылымындағы тұң­­ғыш теориялық еңбек. «Әдебиеттаныт­қыш» – қазақ көркем сөз өнерінің табиғаты, сыры, мазмұны, ерекшеліктері, жанрлары, жаңа терминдер, ұғымдар жайлы жан-жақты зерттеулер жүргізіліп, тұжырымдар жасалған кітап. Еңбекте әдебиеттің эстетикалық әсемдік әуенін талдауға баса мән берілген, жа­з­ба әдебиеттегі ағымдар, әдістер туралы ай­тылған. Кітап «Сөз өнерінің ғылымы», «Қара сөз бен дарынды сөз жүйесі» деп ата­латын екі бөлімнен тұрады. Ондағы теория­лық талдаулар мен сөз өнеріне қатысты тұжырымдарында А.Байтұрсынұлы фольк­лор­дан және көптеген автордың шығар­маларынан мысалдар келтірген. Кітаптағы Асанқайғы, Нысанбай жырау, Бұдабай ақын, Наурызбай би, Құбыла ақын, Жарылғап ақын, Алтыбас, Ақмолда, Әбубәкір, Шор­танбай, Байтоқ, Сүгір ақын, Мұрат, Досжан, Орынбай, Шернияз сияқты ақын-жыраулар шығармаларынан алынған мәтіндерге қарап «Әдебиеттанытқыш» авторының қазақтың арғы-бергі сөз зергерлері жайында көп біл­генін байқауға болады. Тұжырып айт­қанда, Ахмет Байтұрсынұлы «Әдебиеттанытқыш» кітабы арқылы қазақ әдебиеттану ғылымына осыдан бір ғасыр бұрын түрен салып, оның болашақ дамуына даңғыл жол көрсеткен ұлы ұстаз болды. ...Бір мезгілде ұлттық жазуын жасап, бас­пасөзін бастап, тіл ғылымын түрлендіріп, әдебиет ғылымын негіздеген Ахмет Байтұр­сын­ұлындай тұлға әлемде аса сирек кездесе­тін феноменалдық құбылыс. Бірақ тағдыр сондай перзентті қазақ халқының маң­дайы­на жазған екен. Ұлт ұстазын ұлықтау – ұлттың мерейі Ұлттың өзін сақтау жолындағы ең игі­лікті ісінің бірі – ұлыларын ұлық­тау. Өйтпеген күнде ұлттың өзіне деген құр­меті, мақтанышы болмайды. Ал мақтан тұ­тар ардақтысы, төбеге көтерер тұлғасы жоқ не аз елдің өзгелердің қасында қашанда ең­сесі түсіңкі, рухы пәс. Құдайға шүкір, музыкада Құрман­ғазыдай, әдебиетте Абайдай, спортта Қа­жымұқандай алыптары бар қазақтың тіл-әдебиет ғылымында Ахмет Байтұрсын­ұлы секілді тұлғасы бар. ­Аласапыран заманда бас еркіндігінен айырылып, жаттың боданында болған елдің заманы туып, азаттығына қайта ие болған тұста Ахмет Байтұрсынұлындай арда пер­зен­тін өз тұғырына қондырып, төбесіне кө­терді. Бұл тарихи әділеттілік халқымызға рух береді, елдігін тануға, танытуға күш бе­ре­ді. Бір кезде солақай саясат Ахметтей ға­зиз жанның – ұлт руханиятының жалаугері болған тұлғаның есімін ел жа­ды­нан өшіргісі келгенімен, бәрібір құдіретті тарих оны зұлымдық құрсауынан жұлып алып, рухын аспандатты. Бүгінде Ахмет Байтұрсынұлының атын, оның ел үшін еткен еңбегінің маңы­зын білмейтін қазақ баласы жоқ. Кітап­тары қайта-қайта басылып, ол туралы шы­ғармалар жазылуда. Оның аты көшелер мен мектептердің, оқу орындарының, ғылыми-зерттеу институтының, музейлердің маң­дайында жазулы тұр, білім алып жатқан жас ұрпақтың әр оқулығында шығармалары сөй­леп тұр. Ол туралы кинолар түсіріліп, экран­дардан көрсетіліп жатыр. Ахмет Байтұрсынұлының Отаны – тәуелсіз Қазақстанда оның жыл сайын аты ар­д­ақталып, оған арналған ғылыми кон­ференциялар, әдеби кештер өткізіледі. Бас­пасөзде оған арналған мақалалар, әдеби шы­­ғармалар жарияланып жатады. Ал биыл­ғы 150 жылдық мерейтойын мемлеке­тіміз ерек­ше, кең көлемде тойлап жатыр. Мұның бәрі – ұлт ұстазына деген сарқылмас құр­мет­тің көрінісі. Баспасөзін, әліпбиін, тіл ғылымын, әде­биет ғылымын өзгелер жасап бер­ген елдер қаншама? Ал біз Ахмет Байтұр­сын­ұлы секілді алыбымыз тұрғанда өз руха­ния­тымызды өзіміз жасадық деп мақтанышпен айта аламыз. Ол мақтаныш ұлтымызға мәң­­­гілік рух беретін мақтаныш.

Ахмет ӨМІРЗАҚ

Серіктес жаңалықтары