Қостанайлықтар «Ауыл аманаты» бағдарламасынан қолдау күтеді

Қостанайлықтар «Ауыл аманаты» бағдарламасынан қолдау күтеді

Қостанайлықтар «Ауыл аманаты» бағдарламасынан қолдау күтеді
ашық дереккөзі
«Ауыл аманаты» жобасының мақсат-міндеттерін түсіндіруге арналған мобильді топ Солтүстік өңірлердің 116 ауылды мекендерін аралап, соңғы кездесуін Қостанай облысының Қарасу ауданына қарасты Октябрьский ауылында аяқтады деп хабарлады turkystan.kz. «AMANAT» партиясы ел үкіметімен бірлесіп әзірлеген «Ауыл аманаты» жобасы халықтың табысын арттыруға бағытталған. Жоба аясында азаматтар ауыл аумағындағы кез келген қызметті дамыту үшін 2,5% несие ала алады. Ауыл шаруашылығы саласына 7 жыл, ал өзге де кәсіп түрлеріне 5 жылға 7,6 млн теңге көлемінде несие беріледі. Кепілге жылжымайтын мүлік қабылданады. Елді мекендерде жыл соңына дейін скрининг, яғни талдау жүргізіліп, халықтың ұсыныстары топтастырылады.  width= Айта кету керек,  жоба аясындағы мобильді топ мүшелері Гүлсін Абдуллина, Дмитрий Шледевиц, Аслан Салауатов Қостанай облысында  тамыз айының  20 - 29 аралығында 40 ауылды қамтыды. Бағдарлама аясында шалғай орналасқан ауылдағы  халыққа ақпараттық түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Сұрақ жауап форматында өткен кездесулерде  ауыл тұрғындары белсенділік танытып, кәсіп ашу жолдарына қатысты сұрақтарын қойды. Арқалық қаласына қарасты Ашутасты ауылының тұрғыны Нұрдәулет Байтұрсынов 11 жылдан бері  жеке кәсіппен айналысып жүрген азамат. Ол жиында бағдарламаның тиімділігін естіп, қызығушылық білдірді.
«Қазіргі уақытта сүт шығаратын зауытым бар. Одан бөлек, дүкен аштым. Жаңа жобамен таныстық, пайызы мен кепілдігі халыққа тиімді, әрі пайдалы деп ойлаймын. Ауылда қазір жұмыс көзі аз. Сол себепті, алдағы уақытта жұмыс санын көбейту үшін қажет. Осы бағдарлама алдағы уақытта шынымен іске асса мен қуана-қуана пайдаланар едім», - деді Н. Байтұрсынов
Жангелді ауданына қарасты Тәуіш ауылында 150-дей үй түтін түтетіп отыр. Ауыл тұрғыны Абылай Қазов жастардың өз ісін ашып, ауылды дамытуы керек деп есептейді. Оның айтуынша, жайылымдық жер жеткілікті болғандықтан мал өсіруге ыңғайлы. Коперативтер құрылып, етті бірлесіп өткізетін болса тиімді болар еді деген ойын білдірді. Федоров ауданына қарасты Успеновка ауылында елге оралған қандастар мал басын көбейтіп, кәсіп ашқылары келеді. Ауыл тұрғыны Қуаныш Боқай осы ауылда 25 жылдай тұрып келеді.
«Қазір  кәсіпкерлер етті арзанға алғысы келеді. Мал ұстайтын адамдар бірігіп ет өткізсек тиімді болар еді. Күтіп, баптап баққан малымызды жақсы бағаға өткізуге мүмкіндік туады», - дейді ол.
Амангелді ауданының Үрпек ауылының тұрғындары мұндай жаңалықты қуана қабылдады.
- Ауыл Аманаты жобасы өзіме ұнады. Осы ауылда шағын бизнесіміз бар. Соны дамытып, кеңейткіміз келеді. Мемлекеттен көмек болса екен дейміз. 2,5 пайыз жеңілдікпен несие алу өте жақсы деп есептеймін. Жастарға да үлкен мүмкіндік тумақ, - деді ауыл тұрғыны Роза Дүйсенбай.
Сондай-ақ, Байғабыл ауылының мұғалімі де аталған бағдарламаның тиімділігі жоғары деп санайды.
- Несие щарттарымен таныстық. «Ауыл аманаты» бағдарламасының артықшылығы - ең төмен пайызы. Сондай-ақ 5-7 жылға  беріледі екен. Болашақта осы бағдарламаны пайдаланамын. Шағын кәсібімді бастауға үлкен көмек болатын сияқты, - дейді Ж.Сарманова.
Амангелді ауданына қарасты Амантоғай ауылының  халқы  да табыс арттыруға бағытталған бағдарламаға оң көзқарас танытып, бұл бағытта өздерін қызықтырған сұрақтарын  қойды. Алдағы жылы бағдарламадан үлкен үміт күтетіндіктерін жеткізді. Айта кетейік, халықтың табысын арттыру бағдарламасы 2023 жылдың қаңтарында басталады.