«Көксерек» фильміндегі Құрмаштың тағдыры

Жазушы Мұхтар Әуезовтің әңгімесінің желісі бойынша жазылған «Көксерек» көркем фильмі 1973 жылы көрерменге жол тартты. Фильмді қырғыз Кеңес Одағының танымал кинорежиссері Толомуш Өкеев «Қазақфильм» киностудиясында түсірді. Кино-картинаның Бүкілодақтық тұсаукесері 1974 жылы 8 сәуірде Мәскеу қаласында өтті. Киноға қырғыз бен қазақтың танымал актерлері Сүйменқұл Чокмаров, Қарғамбай Сатаев, Нұржұман Ықтымбаев, Әлиман Жанғорозова шақырылды. Басты рөлдегі Құрмаштың рөлін актер Қамбар Уәлиев сомдады.

«Көксерек» фильміндегі Құрмаштың тағдыры
ашық дереккөзі
53770

«Көксерек» фильмінің қазақ фильмдерінің алтын қорына енуіне Қамбар Уәлиев сүбелі үлес қосқан. Ол 1962 жылы Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Үңгіртас ауылында дүниеге келген. 10 жасынан бастап, «Шоқ пен шер», «Ән пәнінен төрт», «Көксерек», «Алмазная тропа», «Шаңырақ» фильмдерінде басты рөлдерде ойнады. Сондай-ақ ол «Қарлығаштар көктемде келеді» (Өзбекстан), «Балалар бізге қарайды», «Алмаз сүрлеуі» (Украина), «Құрманғазы» фильмдеріне де түскен. Актерге Құрмаштан басқа рөлдері аса танымалдылық әкелмеді.

Қамбар Құрмаштың рөліне қалай таңдалды?

Актер 4 жыл бұрын Saryarqa телеарнасына берген сұхбатында оны басты рөлге қалай таңдап алғаны жөнінде айтқан. «Интернаттан ауылыма қайтқым келіп жүрген кезімде, мектепке кино түсіретін адамдар келеді. «Киноға түскің келе ме?» деп камераға түсіріп алды. Ол кезде баламыз, көп нәрсені түсінбейміз. Кейін бізді сыртымыздан таңдап, «Қазақфильм» киностудиясына алып келді. Кинопроба жасап, Құрмаштың рөліне лайық деп танылдым», –  деді ол. 

Кинодан кейінгі актердің тағдыры туралы телепродюсер Әлия Құдайбергенова Facebook-тегі парақшасында жазды. 

Онда продюсер Қамбар Уәлиевтің тек жақсы актер ғана емес, жақсы адам болғанын тілге тиек еткен. Ол актермен кездескен сәттегі сезімі мен оның тағдырын баяндап берді. «Жалынғандай боп, табан тіреп тұрып алдым. Тілектес екенімді, сыйлайтынымды айттым. Келіншегі өте жақсы адам екен. Қамбар ағаның көңіліне қарағыштап, «ағаң бөлек адам ғой, Әлия. Атақпен де, ақшамен де ауырған жоқ. Ешкімнен ешнәрсе сұраған жоқ. Айтар болсақ, әңгіме көп... Реніш те, қиянат та... Оның бірін де айтқызбайды, Қамбар», – деп мұңайды. «Аға, «Көксерек» сізге не берді?» дегеніме «кір жуатын машина» деді. Еріксіз мырс етіппін, шынымен олай ойламаппын. «Көксерек» ғажап кино ғой! Ал, Құрмашты сізден өзге ойнауы мүмкін еместей! Қалай, сұмдық сендіріп ойнағансыз!» деп едім, селқос қана: «Есесіне күлкімді ап қойды... Содан кейін күле алмай қалдым. Психологиямның күл-талқанын шығарды...» деді. Қазақ ұлттық кино өнерінің дамуына үлес қосқан «Көксеректі» көрмеген қазақ жоқ шығар?! Құрмашты да. Бірақ «сол бала қайда?» деген ешкім болмағаны, біздің елде таланттарды бағаламайтыны, олардың көбінің өмір сүруге икемсіз екенін біле тұра, көре тұра мән бермейтініміз жанымды ауыртты... Тұрмыс-тіршіліктің ауыртпалығы, күнделікті жасап жүрген тірлігі ағаны қажытып-ақ тастапты. Көлікті жөндеу орталығында (СТО)  істейді екен. Әйелі – мейірбике. Балалары бар. Екеуінің тапқандары пәтерақы мен ас-ауқаттан артылмайды. «Аға, көлік жөндетуге келгендер Құрмаш деп, танып жататын шығар?» дедім, қойғым келмеген сұрақты қойып. «Жоқ, көбі емес. Бірақ, білетіндер біледі. Одан не пайда? Қазір денсаулығым да сыр беріп жүр. Баяғы сол фильмге түсіп жүргенімде суық тигізгенмін, әлі күнге сол сырқат қыр-соңымнан қалмайды...» деді. Айтпасына қоймай, біраз дүниені ақтардық. Аға балаларының болашағына алаңдаулы екенін баса айтты. «...Жеңгеңнің жақсылығы ғой, әйтпесе мына қоғамға қажетсіз екенімді баяғыда ұққанмын! Әйтеуір... тірі жүргеніңе тәубе дейсің... Үй сұрамаймын. Өздері бірнеше рет бермек боп, қайтадан бермейтін боп... Бала емеспін ғой. Қоя салыңдаршы дедім. Менің өмір сүргенім ешкімге де міндет емес. Менен де зорлар өтті ғой, сый көрмей...», - деді әңгіме арасында. Талант деген бар болса, ол «Көксерекке» мән берген, Құрмашқа жан берген Қамбар Уәлиев еді ғой! Ол қазақтың киносы еді ғой! Қамбар аға жақсы актер ғана емес, жақсы АДАМ болды» деп жазды Құдайбергенова. «Көксеректің» режиссері Толомуш Өкеев 1976 жылы аталмыш фильмге қатысты пікір білдірген. «Мені, әсіресе, соңғы кездері адам мен табиғаттың қарым-қатынасына қатысты проблема қатты толғандырады. Біз көп жағдайда жоғары мақтаныш сезімімен табиғатқа табындыру туралы айтып жатамыз. Бұл, әрине, дұрыс та шығар. Бірақ жасампаз ұрпақтың желеуімен қоршаған ортаның басты құндылықтарын қиратып, жойып алуымыз әбден мүмкін. Меніңше, Табиғат- анаға қамқорлық көзқарас қалыптастыру керек.  Онымен үйлесімді қарым-қатынас жолдарын іздеген жөн. Міне, осы проблеманы адам мен қасқырдың драмалық байланысы арқылы «Көксерек» фильмінде көрсетуге тырыстым», - деген жазбасында. Режиссердің қызы Ғазиза Өкеева «Таңшолпан» бағдарламасына берген сұхбатында атылмыш фильм әкесі Толомуш Өкеевтің озық туындыларының бірі болғанын айтқан. «Осы фильм әкемнің үздік туындыларының бірі деуге болады. Бір қызығы, «Көксеректің» түпнұсқасы жоқ еді. Қай бір жылы Мәскеуге арнайы барып, көшіріп алып келдім. Жалпы, туындыны қазақ-қырғызға ортақ дүние дер едім. Мысалы, аталмыш фильмнің табиғатын аша білген актерлердің бірі Ақанғұлдың рөлін қырғыздың танымал актері Сүйменқұл Чокморов сомдаған», –  дейді ол.

Фильмге қатысты деректер

Фильмге түскен жас қасқырлар хайуанаттар бағынанан таңдап алынды. Көксеректің рөліндегі екі қасқырдың екеуін де Мәскеуден әкелген. Дрессировщиктер түсірілім алдында 2 жабайы қасқырды бірнеше күн аш ұстаған. 1973 жылы «Көксерек» к/ф «Оскарға» ұсынылды. Фильм Қырғыз Алатауының баурайында, Ыстықкөл жағалауында түсірілген. «Көксерек» 1974 жылы Әзербайжан астанасы - Бакуде өткен Бүкілодақтық кинофестивальдің бірінші жүлдесіне ие болды және «Ең үздік актер бала» аталымы бала Қамбарға бұйырды. Түсірілімде қасқырлардың аяқтарына тартып қалғанда құлайтын және көзге көрінбейтін бұғалықтар қолданылған. Фильмде ешқандай түз тағысы жараланбаған.

 width= width=

Әңгіме мен фильмнің айырмашылығы 

«Көксерек» әңгімесінде көктем мезгілі сипатталған. Ал фильм күзде түсірілген. Ақанғұл шығармада Құрмаштың әкесі, кинотуындыда қатал әрі қатыгез ағасының рөлінде ойнайды. Көркем шығармада Құрмаштың анасы жоқ екені баяндалған. Кинода ол әке-шешесінен бірдей айырылған жетім баланың рөлін сомдады. Айта кетейік, «Көксерек» фильмінің шыққанына биыл – 49 жыл. Ал Құрмаштың рөлін сомдаған Қамбар Уәлиевтің дүниеден озғанына 10 жыл болды.

Серіктес жаңалықтары