51422
Балық аулау – байырғы кәсіп
Балық аулау – байырғы кәсіп
Балық аулау ісін байырғы кәсіп ретінде санайтын елдер әлемде бірен-саран. Көбі балық аулауды хоббиге теңеп, демалыс күндері өзен-көл маңына барып қармақ құрады. Ал бұл кәсіпке бар ғұмырын сарп етіп, маңдай термен нәпақа тауып, ризық-несібесін арттырып жүргендер ол қармақты бұйым көрмейді. Көл бетінде ұзыннан-ұзақ созылған сүзекіні тартып, балыққа ау тастайды. Адал табыс табуды мақсат еткен оларға тулап-толқып, буырқанып жатқан теңіздің желі де тосқауыл емес. Тіпті, қыстыгүні көлдің басына қос тігіп, сүйменмен ойық ойып балық аулайтын оларға өңменіңнен өтіп кететін суық та кедергі емес.
Теңіздің тосын мінезімен бетпе-бет келуге мәжбүр адамдар Балқаш көлінің Жетісу облысына қарасты жағалауында орналасқан Көпбірлік ауылында да тұрады. Жалпы саны 175 үй түтінін түтетіп отырған бұл ауылдың байырғы да басты кәсібі – балық шаруашылығы. Нәпақасын теңізден терген балықшылар ауылының Көпбірлік деп аталуының өзіндік тарихы бар. Кезінде коллективтендіру кезеңінде көл маңында құрылған 6 колхозды біріктіріп, бірлігі жарасқан ауыл болсын деген ниетпен осылай атаған. Ауыл тұрғындарынан «Ауылдың бетке ұстар балықшысы деп кімді айтар едіңіз?» десеңіз, ауылға сіңген еңбегі мен сұрапыл соғыста көрсеткен ерлігі әлі күнге дейін ел ауызында жүрген Момыш Жұмашұлын айтады. Ерте жастан еңбекке араласқан бозбала Момыш Екінші дүниежүзілік соғысқа аттанған еріктілер қатарына қосылып, ел үшін аянбай күресіп, табандылық танытқан. Сосын ауылына аман-есен оралып, ерлігі ел ішіне таралып, қанша ұлықталса да, қол қусырып жатпай, атасынан қалған кәсіп балық шаруашылығын қолға алған. Алдымен инженер, сосын 30 жыл бойы бригадир болып жол бастаған соғыс қаһарманы зейнетке шықса да тікесінен тік тұрып, күндіз-түні дамыл таппай жұмыс істегені осы күнге дейін ауыл тұрғындарының есінде.
[caption id="attachment_193696" align="alignleft" width="281"] Момыш Жұмашұлы[/caption]
«Ол кісі жасы 70-ке тақаса да жұмыс істеді. Соғыс ардагері ретінде қанша сый-сияпат алды. Ерекше құрмет көрсетілді. Ленин орденін алды. Кеудесіне осындай неше рет орден тағылды. Сөйте тұра масаттанып, масайраған жоқ. Жарғақ құлағы жастыққа тимеді. Нағыз еңбектің адамы болды», – дейді ауыл әкімі Мақсат Көшкінбайұлы.
Әкесінің ізін жалғап, бала кезінен ата кәсіптің қыр-сырына қанық боп өскен Исағали Момышұлы балық аулауды 4-сынып оқып жүргенде бастағанын айтады. «Біз отбасында 3 ұл, 1 қыз тәрбиелендік. Ілияс көкем, Киікбай, Баян және мен. Одан бөлек, әкем нағашы ағасының қызы Нұрсағила мен Ілияс көкемнің үлкен қызы Ләйланы асырап, өз атына жаздыртты. Мен – үйдің кенжесімін. Әкеме еріп, он жасымнан бастап балық ауладым. Қазір айтсаң ел сенбейтін шығар. Бірақ біздің ауылдың балалары бұл кәсіпке ерте жастан араласады», – дейді Исағали аға.
Жұмаш әулетінде бұл кәсіпті жалғыз өзі жалғастырған Исағали аға кезінде балық аулау дәстүрі басқа болғанын айтады. «Қазір ауылда балықшылар екеу-үшеуден бірігіп аулап, тапқан-тергенін бірден ауылдағы коммерсанттарға өткізеді. Ал біздің кезімізде олай емес-тін. Ауылда әрқайсысында 8 адамнан құралған 14-ке жуық бригада жұмыс істеді. Әрқайсысына жол көрсетіп, жөн сілтейтін бригадирі болады. Әкем Момыш сондай бригадир болды. Таңғы төртте тұрып, теңізге кеткеннен кешкі тоғызда бір-ақ келеміз. Таңнан кешке дейін теңіздің бетінде жүреміз. Сүзекі тартамыз. Сосын түскен түсімді салып алып, арғы бетте орналасқан Қарақұм ауылына жол тартамыз. Ол ауылға Балқаш қаласынан шығатын мотор келіп тоқтайды. Соған балық өткіземіз. Кейде олар ол ауылға кеш келеді. Ал біз балықты сол ауылдың жағасындағы
[caption id="attachment_193697" align="alignnone" width="783"] Исағали Момышұлы жұбайымен[/caption]
тоңазытқышқа тиеп, ауылға кері қайтамыз. Жағалауда Жолжақсы ағаның жүк көлігіне топырлай мініп, түнге таман ауылға жетеміз», – дейді Исағали аға. «Ал ақшаны қалай алатын едіңіздер? Бригадир өзі есептеп, қолдарыңызға ұстатуы ша ма еді?» деген сұрағымызға «Бригадирге колхоз басшысы жоспар береді. Ол сол жоспар бойынша жұмыс істеу керек. Сол үшін ол арнайы табель жүргізеді. Ауылға келген соң табельді бухгалтерге өткізіп, сосын ол әр балықшының табысын есептеп береді», – деп жауап берді. «Тағы бір айта кетерлігі, бұрын ауа райына қарамай-ақ көлге шығып кететінбіз. Ал қазір интернет орнатылғалы бері балықшылар ауа райын тексеріп отырады. Интернет істемей қалса, қаладағыларға «Ертеңгі ауа райын біліп берші» деп хабарласады», – дейді кезінде балық аулаудың басқаша болғаны туралы әңгімесін жалғастырып.
Исағали ағаның айтуынша, кезінде ауыл әйелдері де ерлеріне көмектесіп, бұл кәсіпке араласқан. «Ауыл әйелдері ерлері әкелген балықты тұздап, қақтап, 176 шақырым жерде орналасқан аудан орталығы Үштөбе қаласына апарып сататын. Жолдасым Сембала да осылай балық сатты. Таңғы автобусқа балық тиеп әкетіп, сатып, түскен ақшаға азық-түлік алып, кешкі автобуспен қайтатын», – дейді.
[caption id="attachment_193698" align="alignright" width="321"] Ұлы Мұратпен[/caption]
Он жасынан бастап балық аулаудың бейнетін көрген Исағали аға бүгінде зейнетте. Бұрынғыдай балық ауламаса да, ата кәсібін жалғастырып жүрген балаларының балық аулайтын торын тазалап, жағдайын жасауға тырысады. Үлкен ұлы Мақсат Алматыда жұмыс істейді. Жалғыз қызы Гүлден ауыл азаматына тұрмысқа шығып, үй шаруашылығымен айналысады. Ортаншы ұлы Мұрат ауылда жедел жәрдем көлігінің жүргізушісі болып еңбек етеді. Ал екінші ұлы Бағдат пен кенжесі Ринат балық аулаумен айналысады. «Әлемнің әміршісі – еңбек. Тек еңбекпен ғана жеміс өнбек, тек еңбек қана бар қиындықты жеңбек» демекші, жастайынан су маржанын сүзіп, мехнатын сезген атасының, әкесінің тынбай еңбек етіп, табысқа кенелгенін көріп өскен балаларының бұл кәсіпті жанына серік етуі түсінікті жайт. «Көпшілік білмеуі мүмкін. Бірақ Балықшылар мерекесін тойлау – Кеңес Одағы кезінен қалыптасқан дәстүр. Бұрын шілде айының екінші демалысында Балықшылар мерекесі жоғары деңгейде тойланатын. Қазір де осы дәстүр сақталған. Біз жақта шілде айының бірінші аптасы дүркірете тойланады. Биыл ауыл азаматтары мен кәсіпкерлері бірігіп, жүлде тігіп, бәйге ұйымдастырды. Тойханаға дастарқан жайып, тамақ берді. Сондай-ақ бұл күні еңбегі еленуге тиіс балықшыларды арнайы сахнаға шығарып, марапаттаймыз. Бұрын Балық министрлігі болған кезде Момыш ата секілді ардагерлерімізді марапаттау үшін арнайы адам жіберетін. Қазір аудан әкімі балықшыларды кәсіби мерекесімен құттықтап, Құрмет грамотасы мен алғысхаттарды табыстайды. Биыл ауданнан 15-ке жуық балықшы марапат алды», – дейді ауыл әкімі Мақсат Көшкімбайұлы.
Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ