Ата-аналар жиналысының форматы өзгереді – министр

Ата-аналар жиналысының форматы өзгереді – министр

Ата-аналар жиналысының форматы өзгереді – министр
ашық дереккөзі
Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов республикалық Тамыз конференциясында мектеп пен ата-ана арасындағы байланысты нығайту жұмыстары қолға алынып жатқанын жеткізді деп хабарлады turkystan.kz. «Балалар жылы аясында біраз мәселені қолға алдық. Білім-инновация лицейлерінде тәрбие бойынша жұмыс жақсы жолға қойылған. Олардың ата-аналар жиналысын өткізу тәртібі ерекше. Сенбі, мереке күндері іс-шараны өздері ғана емес, ата-аналармен бірге өткізеді. Ата-аналар арасында волейбол, футбол ойындарын ұйымдастырады.
Әрине, мектеп пен ата-ана тығыз жұмыс істесе, жақсы нәтижеге жетуге болады. Ата-ананың мектепке деген көзқарасы өзгереді. Баяғыда қандай форматпен өткіздік? Ата-аналарды жинап аламыз. Мәселе барлық ата-ананың алдында талқыланады. Балалардың оқу үлгерімі де. Ол ешқандай нәтиже бермейді. Сондықтан биылдан бастап ата-аналар жиналысының форматын өзгертуді қолға алып жатырмыз. Егер ата-ана алдына келгенде, мұғалім әр баланың қай пәнді ұнататыны, бірақ оны меңгеруде қандай проблемаға тап келіп жатқаны туралы мәлімет беріп отырса, ол ата-анаға өте маңызды ақпарат болар еді. Ы.Алтынсарин атындағы ұлттық білім академиясы зерттеу жүргізді. Зерттеу бойынша ата-аналардың 60 пайызы баланың мектептегі өмірін, сабақ үлгерімін қадағаламайтыны белгілі болды», – деді министр.
Оқу-ағарту министрі педагог мәртебесіне ата-ананың көзқарасы әсер ететінін тілге тиек етті.
«Ата-аналармен жұмыс істеу – министрліктің алдында тұрған үлкен мақсат. Тағы бір маңызды мәселе, педагогтің мәртебесі жалақысына, біліктілігіне ғана байланысты емес. Ол ата-анаға да байланысты. Мысалы, үйде кешкі ас ішіп отырып, мұғалім туралы көзқарасымыздың дұрыс емес екенін білдірсек, бала ол мұғалімді қалай тыңдайды? Сондықтан ата-аналардың мұғалімге, мұғалімнің жұмысына деген құрметі маңызды. Баланың көзінше  жаман дүние айтпаса, оның да ата-анасына деген құрметі зор болады», – дейді Асхат Аймағамбетов.