Жаңа жылдық жәрмеңке

Павлодарда 30 және 31 желтоқсан күндері ауқымды ауылшаруашылық жәрмеңкесі өтеді. Облыс әкімі Болат Бақауов барлық аудандардың тауар өндірушілерінің жәрмеңкеге қатысуын талап етті.
Облыс әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, сенбі күні таңертең дәстүрлі жәрмеңкеге қатысқан Болат Бақауов кейбір сөрелердің бос екенін, ал жалғыз сүт таситын көліктің соңында ұзын-сонар кезек тұрғанына куә болды. «Жәрмеңкелер қала тұрғындары жылдам әрі қолжетімді бағамен азық-түлік сатып алуы үшін ұйымдастырылады, – деді аймақ басшысы. – Неліктен бүгін мұнда тек қана бір сүт таситын машина тұр? Осындай аязда адамдар тоңып тұрмауы үшін бір уақытта үш жерден сүт сатылуы керек. Сөрелерде ет мүлдем жоқ. Егер же біреулер жәрмеңкеге тек ет үшін келсе ше?» Облыс әкімі 30 – 31 желтоқсан күндері павлодарлықтар мерекелік дастарханға қажет тағамдарды сатып алуы үшін ауқымды жәрмеңке өткізуді тапсырды.
«Ет, жұмыртқа, картоп және басқа көкөністер керек. Сондықтан жәрмеңкеде арзан бағамен барлығы болуы тиіс, – деді Болат Бақауов. – Барлық өнімді облыс ауыл шаруашылығы өндірушілері жеткізуі тиіс. Бұл тауар өндірушіге де, тұтынушыға да тиімді». 

Back to top button