758
Басылымдардың латын таңбалы атауы неге қате жазылып жүр?
Басылымдардың латын таңбалы атауы неге қате жазылып жүр?
Жақында Ұлытауда өткен Құрылтайда сөйлеген сөзінде президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Кириллицадан латын әліпбиіне жасанды түрде, тек сәйкес әріптерді өзгерту арқылы көшуге болмайды. Әйтпесе, бұл үлкен қателікке апарып соғады. Ең бастысы, азаматтар, әсіресе, жастарымыз қазақ тіліндегі барлық сөздердің латын графикасындағы жазылу тәртібін анық білуі керек» деді. Иә, осы уақытқа дейін, билік көпшілікке ресми түрде латын қарпіндегі қазақ әліпбиін үш рет жария етті. Қоғам оның бірін де қабылдамады. Ал жұрттың латын қарпіне деген махаббаты күшті. Көшедегі көрнекі жарнаманы былай қойғанда, газет-журналдар аттары түгелге жуық латын қарпіне көшіп алған. Алайда әр басылым даулы таңбаларды әртүрлі жазып жүр. Мұны сол басылымды басқарып отырған журналист ағайындардың латын таңбасына көшуіміздің мәнісін жете түсіне қоймағаны деуге болатын шығар.
Осы БАҚ атауларындағы басым қате – «JuldYz», «AiqYn», «AlmatY aqshamY», «OrtalYq Qazaqstan», «Arqa ajarY», «QaragandY habarY», «Arqa aqshamY», «Talas tYnYsY» дегендегі келетін «ы» дыбысын латын графикасында дауыссыз «й» дыбысына сәйкес келетін «Y» таңбасымен беру. Бұл қате жөнінде кешегі Құрылтайда да айтылды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Тілімізге арналған орфографиялық қағидаларды қайта қараған жөн. Мысалы, кириллица графикасындағы қазақ тілінің төл сөздерінде «Ы» әрпі жиі кездеседі. Осы әріпті механикалық түрде латын графикасына көшірсе, ағылшын тіліндегі «Ү» әрпі әрбір тиісті сөзде пайда болады. Бұл – дұрыс емес. Бізге және түркітілдес бауырларымызға «Ү» әрпі жиі кездесетін сөздерді оқу қиынға соғады. Мысалы, «тыныштық» («tYnYshtYq») деген сөзді алып қараңыздар, үш «Ү» әрпі пайда болды. Сөздің өзі көзге жағымсыз көрінеді. Осындай мысалдар өте көп. Міне, сол себепті, мен Тіл білімі институтына қазақ тілінің жаңа орфографиясы туралы арнайы еңбек әзірлеуді тапсырдым», – деді. Біздің ғылыми мекемеде отырғандар мұны сөзбе-сөз ұғып, «tYnYshtYq» деп өз жазғандарын жетілдіріп, Ы-сыз tnshtq деп жазатын ерекше нұсқа ұсынбаса деп, сезіктеніп отырмын. Бұлардан шығады. Бұлар деп отырғаным латын таңбасына көшуге қатысты мәселенің ғылыми дұрыстығына кепіл болатын Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты, Үкіметтің пәрменімен бекітілген орфографиялық жұмыс тобы (тізім бойынша) және олардың жұмысын қаржымен қамтамасыз етіп ұйымдастыратын Тіл комитеті мен оның қарауындағы Ш.Шаяхметов атындағы республикалық Тіл орталығы.
Биылдан бастап тағы бір басылым өз атауын латын таңбасына көшірді. Республикадағы белді екі әдеби журналдың біреуі – «Таң-Шолпан». Журналдың бас редакторы, әріптесім Нұрлыбек Саматұлы хабарласып: «Біз де журнал атауын латын таңбасымен жазатын болдық, мен «Taƞ-Şolpan» болуы керек деп ұсынып отырмын, сіз қалай қарайсыз», – деді. Мен оның дұрыс жазған нұсқасын қолдадым. Алайда неге олай болғанын қайдам, жорнал атауы мен мақұлдаған «Taƞ-Şolpan» емес, «Tan-Sholpan» болып жартылай диакритикалық белгі (макрон), жартылай ағылшынша болып шығыпты. Тек қазақша емес әйтеуір.
«Ш» әрпінің латынша таңбалануына байланысты қатеге «Almaty aqSHamy», «Arqa aqSHamy» газеттері де ұрынып отыр. Қазір алғашқы кездегідей емес «Ш» мәселесі шешілген.
Қазақ тілінде екі әріп бір дыбыс, бір әріп екі дыбыс деген шарттылық жоқ. Бізде Ақаңнан келе жатқан бір дыбыс бір әріп ұстанымы. Тілдің табиғаты солай. Осы сақталуы керек. Ал «Ш» дыбысын (sh) екі таңбамен таңбалау ағылшын тілінен көшірілген.
«Tan-Sholpan» дегенде «Ң» дыбысын диакритикалық белгімен жазыпты. Оны да «Ш» дыбысы секілді ng-деп екі таңбамен (диграфпен) таңбаламағанына шүкір дейміз. Біздің ойымызша, бұған ақыр жасанды таңба (диакритика) қолданады екенбіз, ерекшелікті әріптің бойына салғанымыз (Ŋ) ұтымды болар еді. Бөлек тұрған ноқат сенімсіз, түсіп қалуы, көзге ілінбей қалуы мүмкін. Оның үстіне, қазіргі жастардың тілінде «Ң» дыбысын анық айта алмайтындар көп. Сондықтан қазақ жазуында оның құйрығы салбырап «Ң» (Ŋ) екені анық көрініп тұрғаны жөн.
«Егемен Қазақстан» – EGEMEN
QAZAQSTAN, «Түркістан» – TURKISTAN, «Ана тілі» – ANA TILI газеттерінің атауында қолдан жасалған диакритикалық таңба жоқ. Яғни, латын қарпіне көшу жөнінде қиындық та жоқ. Сол себепті дұрыс жазылып тұр. Егер қолдан жасалған таңба болса, онда бұларда да мәселе туындары анық. «Қазақ әдебиеті» газеті әліптің артын бағып отыр. Бұл газеттің атауында да талас тудырып отырған таңбалар жоқ, сондықтан ақын-жазушылар басылымы Әзербайжан қолданып отырған кириллицадағы Ә таңбасын қойып, батыл қимылдағаны жөн.
Осы уақытқа дейін Президент жарлығымен бекітілген нұсқалар жарамсыз болып шықты.
Бірінші нұсқа 2017 жылы 11 қыркүйек күні парламентте латын нұсқасындағы қазақ әліпбиінің алғашқы варианттары таныстырылды. Мұның кемшілігі – бір дыбысты қос әріппен таңбалау. Бұл қазақ тілінің табиғатына жат.
Екінші нұсқа Қазақстан Республикасы Президентінің 2017 жылғы 26 қазандағы №569 Жарлығымен бекітілді.
Мұның кемшілігі – қазақ тіліне тән дыбыстарды төбесінен апостроф деген теріс үтірмен ерекшелеп, сөздердің арасын ашып жіберу.
Үшінші нұсқа 2018 жылдың 19 ақпанында алдыңғы шығарған «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» жарлығына өзгеріс енгізді. Мұның кемшілігі – қазақ тілінің дыбыстарын акут деген таңбамен ерекшелеп Ш және Ч дыбыстарын бірінші нұсқадағыдай қос таңбамен белгілеу.
Осындағы бірде бір нұсқада ғылым жоқ, ұлттық ұстаным жоқ. Анау жарамаса, мынасын ұсынып көрейік деген мәнөбір ғана. О бастан осы істің басы-қасында жүргендер бұған да тоқтамай көпке дейін «жетілдірілген» деген нұсқаны сүйреп жүрді. Неғұрлым былықтырсақ, соғұрлым ғылыми болады деп ойлайтын болса керек, оның ішінде әлемдегі диакритиканың (седиль, макрон, бревис, умлаут) бәрін әкеліп таққан.
Әліпби түзу, емле ережелерін жазудың екеуі де саясатқа қарап емес, тілдің жүйесіне, дыбыстың ішкі заңдарына сүйеніп жасалады. Сондықтан оны тілші ғалымдар онда да лингвистикалық білімі толық мамандар жасауы керек.
Осы уақытқа дейін жазу реформасын кириллицадан латын әліпбиіне жасанды түрде тек сәйкес әріптерді өзгерту
(Қ. Тоқаев) деп түсініп келген шенділерді қолдап, жоғарыға не ұнаса, соны жасап ұсынатындарды ғалым деп айтуға тұрмайды, қытай зауыты десе болады. Енді бұлар бұрынғы қанша қаржы жұмсап күресінге кеткен жобаларға түк қатысы жоқтай Жаңа Қазақстанға жаңа әліпби әзірлеп енгізуге де дап даяр отыр. Президент Қ.Тоқаевтың: «Мен Тіл білімі институтына қазақ тілінің жаңа орфографиясы туралы арнайы еңбек әзірлеуді тапсырдым» – дегеніне бұлар «құп болады» деп кірісіп те кеткен болар.
Орфографиялық жазу норманың ережелерінен тұрады, жазудың өзі әріптерді түзуден көрінеді. Ал әріп – дыбыстың келбеті. Яғни, алдымен тілімізде қанша дыбыс бар, олар қандай таңбалармен белгіленеді дегеннен бастау керек емес пе?! Жазуды құрайтын таңбалар анықталмай тұрып, оның ережесін жасауға бола ма екен. Бұл біркелкі таңдалған кірпішсіз қабырға өрем деумен бірдей. Оның үстіне бұлар Үкімет отырысында мақұлдатып, 2019 жылы 18 қаңтарда EGEMEN QAZAQSTAN газетіне Емленің ережелерін жариялаған еді. Ол жоба қазір күресінде жатыр. Сондықтан бұлардан ештеңе шықпайды. Алдымызда әлем мойындаған Ахмет әліпбиінің принциптері және бір дыбыс бір әріп ұстанымына дәл келетін сымдай тартылған жүйесі бар тіліміз бола тұрып, осыншама қате жіберген бұларға енді ештеңе жүктеуге болмас. Бұлар елді тағы отыз жыл адастырады. Осы уақытқа дейін жоғарғыдағы шала әліпбилермен жын қуғандай елді шулатып диктант алып еді. Енді аяғынан бастаңдар десе, соны істемекші, 2030 жылға дейін қоя тұрыңдар десе, оған да көнбекші.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Ашығын айту керек, бұл қазақ тілінің табиғатына жат, тіпті, тілімізді мазақ қылу сияқты көрінеді. Мұндай үстірт жасалған тіл реформасының қажеті жоқ. Бізге нақты реформа керек. Тіл – ұлттың жаны. Оған немқұрайлы қарауға мүлде болмайды. Сондықтан біз тіліміздің мәртебесін арттыратын графиканы ғана қабылдаймыз», – деді. Дұрыс, бұл – реформа. Ол жөнді болуы үшін ғылыми негізі тастай болуы керек. Яғни, мына дыбыс мынандай таңбамен белгіленуі керек деген әліпби жобасын бұрынғыдай Президент бекітпеуі керек. Алдында асығыс бекітіп еді. Енді не болды? Білдей екі Жарлық орындалмай қалды. Президент тілге реформа жасағысы келсе, «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі ескі Кеңес кезінде қабылданған әліпбиден жаңа латын графикасына көшірілсін. Ғылым және жоғарғы білім министрлігі 2025 жылға дейін әліпби мен емле ережелерін жасап, қолданысқа енгізсін» деген Жарлық шығаруы керек. Яғни, латын қарпіне көшу туралы саяси шешімді өзі шығарып, ал оның мазмұнын қалай болмағын ғалымдарға тапсыру керек. Бірақ осыған дейін қайта-қайта қате жоба ұсынған орпотопқа емес...
Бижомарт ҚАПАЛБЕК