299
Мемлекеттік тіл саясатын жетілдіру комиссиясының отырысы өтті
Мемлекеттік тіл саясатын жетілдіру комиссиясының отырысы өтті
Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев мемлекеттік тіл саясатын одан әрі жетілдіру жөніндегі комиссияның кезекті отырысын өткізді, деп жазады primeminister.kz.
Онда «Қазақстан Республикасындағы тілдер туралы» ҚР Заңын және 2011-2020 жылдарға арналған Қазақстан Республикасындағы тілдерді дамыту мен қолданудың мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мәселелері талқыланды. Премьер-Министр 25 жыл ішінде мемлекеттік тіл саясатын дамыту саласында ауқымды жұмыс атқарылғанын айтты.
«Бұл — сөз жоқ, Тәуелсіздіктің жемісі, тіл мәселесіндегі Елбасының салиқалы саясатының нәтижесі»,- деді Б.Сағынтаев.
Отырыста мемлекеттік тілді оқыту әдістемесін жетілдіру және бағалау жүйесі бойынша баяндама жасаған ҚР Білім және ғылым министрі Е.Сағадиев ғылыми негізде және үздік халықаралық тәжірибе бойынша жасалған мемлекеттік тілді жедел әрі тиімді үйретудің жаңа әдістемесін таныстырды. Жаңа әдістеменің базасында «Қазақ тілінің жиілік сөздігі» әзірленді. Ол 2017 жылдан бастап орыс тілді мектептерде пилотты үлгіде енгізілетін болады.
Сондай-ақ, аталған мәселе бойынша «Назарбаев зияткерлік мектептері» ұйымы филиалының бөлім басшысы Ж.Абуов, Ұлттық тестілеу орталы Мемлекеттік тіл басқармасының жетекшісі А.Әбдіхалықов баяндама жасады. Комиссия мүшелері «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңының орындалу барысы туралы ҚР Мәдениет және спорт министрі А.Мұхамедиұлының, ҚР Қаржы министрі Б.Сұлтановтың және Павлодар облысының әкімі Б.Бақауовтың есептерін тыңдады.
Отырысты қорытындылай келе, Б.Сағынтаев өкілетті органдарға бірқатар тапсырмалар берді.