50262
Айжарық жолшының арманы
Айжарық жолшының арманы
Айжарық ағаның балалық шағы туған ауылында, бұрынғы Гурьевтің Боранқұл ауылында өтті. Мұның алты жасында әкесі қайтыс болып, шиеттей алты баламен қалған анасының жесірлік өмірі басталды. Өмірдің бар ауыртпалығын өз иығына артқан ананың балалары ерте есейіп, бірін-бірі жетелеп өсті.
Бүгінде Бейнеу жол дистанциясының бөлім бастығы болып еңбек ететін Айжарық Сеңгірбеков екі жылдан соң зейнет жасына жетеді. Жол шаруашылығының жыртығын жамаумен өткен қырық жылғы бейнеті бір күнгідей болмай өте шықты. Темір жол техникумын бітіріп, қатардағы жолшы болып бастаған жұмысы жемісті болып, жол бапкері, аға жол шебері, бөлім бастығына жалғасты. Бейнеуден Маңғыстауға, Шалқардан Өзбекстанмен шекаралас Оазис станциясына дейінгі жол күтіміне жауапты дистанцияның «отымен кіріп, күлімен шыққан» еңбегі елеусіз қалған емес. Ұжымға сыйлы, тәжірибелі маман «Адал еңбегі үшін» медалімен марапатталып, суреті бөлімшенің Құрмет тақтасынан орын алған.
– Бейнеу – оңай телім емес. Ауа райы қатал, жазда өте ыстық, қысы суық. Жел суырып тұратын өлкеде жолды жиі топырақ басып, сонымен алысамыз. Екінші тарапта жолға шыққан малмен жағаласасың. Ай артынан ай, жыл артынан жыл, уақыттың қалай өткенін де байқамаймыз. Әрине, бұрынғымен салыстырғанда қазір жұмыс анағұрлым жеңіл. Техниканың күші бар, оның бәрі адамға көмек. Бірақ біздің жас кезімізде бәрін қолмен атқарып, ауыр жұмысқа әбден пістік. Ол кезде әйел адамдар да көп істейтін, бізбен қатар шпал ауыстырып, ауыр жұмыс істейтін. Қазір ғой, әйел түгілі, тепсе темір үзетін жастар қолдарына сүймен ұстағысы келмейді, соған таңғаламын, – дейді кейіпкеріміз.Төрт жаққа тармақталатын жолды аралап, тексеріп, қадағалап, жұмысты үйлестіріп отыру жеңіл емес. Табиғаттың тосын мінезі жиі мазалайтын өлкеде түрлі жағдайлар орын алып тұрады. Мысалы, 2011 жылдың қысын бейнеуліктер әлі күнге ұмытпайды. Бұрын-соңды болмаған қалың қар жауып, пойыздар жүре алмай қалған. Айжарық аға Бейнеу мен 1,2-бекеттердің арасындағы жолды күндіз-түні қолмен аршып тазартқан жолшылардың жанкешті еңбегін күні бүгінге дейін жастарға жыр қылып айтып отырады. – 1988-1989 жылдары Бейнеу-Опорная перегонында жұмыс істедім. Жол жағдайы нашарлап кеткен, күнде рельс сынады. Қақаған қыс айында 99 рельс ауыстырғанымыз есімде. Ол кезде пойыз көп, тәулігіне 25-30 жұп жүреді. Пойызды тоқтатпас үшін түнде де жұмыс істейміз. Суықта қолшамдарымыздың қуаты тез бітіп қалып, кейде ұзын сымға шүберек орап тұтатып алып, соның жарығымен жұмысты жалғастырған кезіміз де болды. Жаспыз ол кезде, соның өзі қызық-тұғын. Бірде 31 желтоқсан күні Жаңа жыл кешінде рельс сынып жатыр деген хабар түсті. Қыз-қырқынға қырындап жүрген жап-жас жігіттерміз. Шырттай киініп алғанбыз. Сол күйі құрал-саймандарымызды алып жүгіріп кеттік. Рельсті жаңартып, жұмысты бітіргенше 12 болды, сол жақта қар атысып, бір-бірімізді қарға аунатып, Жаңа жылды иен айдалада ерекше тойлағанбыз, – деп еске алады кейіпкеріміз. Бұл қыста, ал жазда ше? Бейнеуде жазда күннің температурасы +50 градусқа дейін, кейде одан да көтеріледі. Ондайда бағдаршамдар қызып кетіп, перегон жалған «бос емес» белгі беретін жағдай жиі болады. – Күннің ыстығы енді адам төзгісіз, перегон «бос емес» көрсетіп тұр. Не істерімізді білмейміз. Жанымдағы жігіттер, бәріміздің түріміз аянышты еді, аптап ыстықтан түтігіп кеткенбіз. Төбемізде бір шөкім бұлт жоқ, аспан айналып жерге түскендей сағым ойнаған далаға қарап тұрып, «Шіркін-ай, жаңбыр құйып кетсінші» деп армандадық. Құдайдың құдіреті, жарты сағатта алай-дүлей болып, бір кезде жаңбыр шелектеп төкті... Қуанышымызда шек жоқ, жалған жабылып тұрған жолдар ашылып, үсті басымыз малмандай су болып, мәз-мейрам болып шулап жаңбырдың астында ұзақ жүрдік, – деп өткен күндерден естелік айтқан Айжарық аға өзгелер үшін тозақ көрінсе де, өзіне жұмақ көрінетін өлкеден ешқайда қоныс аударуды ойламайтынын айтады. Өмірлік қосағы Сәния Тасмағамбетова екеуі бір ұл, үш қыз өсірді. Бүгінде ұл ұяда, қызы қияда. Он-он бес немере-жиен бар. Жұмыстан қолы қалт етсе, соларға бау-бақша өсіруді үйретіп, құрғақ жерде жасыл-желек жайқалтып отыр. Арманы да көп емес, ұрпағының амандығын тілейді. Жаңа Қазақстанды құруға талпынып жатқан елінің ертеңі жақсы болса екен деп армандайды бейнеулік жолшы.
Шахида ЖҰМАН,
Маңғыстау