Қант жеткізуде проблема бар екенін байқадық – Әлихан Смайылов

Қант жеткізуде проблема бар екенін байқадық – Әлихан Смайылов

Қант жеткізуде проблема бар екенін байқадық – Әлихан Смайылов
ашық дереккөзі
Премьер-министр Әлихан Смайылов әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының (ӘМАТ) бағасын ұстап тұру бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы кеңес өткізді деп хабарлады turkystan.kz Қазақстан Президенті жанындағы ОКҚ-ға сілтеме жасап.  Кеңес барысында соңғы айда бағаның 0,8%-ға өскені атап өтілді. Ең көп өскені пияз, қант және күріш бағасы болса, қырыққабат, сәбіз және картоп бағасы төмендеген. АШМ мәліметінше, бүгінде елімізде сиыр еті, құс еті, ұн, картоп, күнбағыс майы, тауық жұмыртқасы мен сүтті қоса алғанда, 680 мың тоннадан астам негізгі азық-түлік тауарлары бар. Ішкі нарықты бидайдың, қанттың және тұздың қажетті көлемімен қамтамасыз ету бойынша кешенді шаралар қабылданып жатыр.
«Ауыл шаруашылығы министрлігі қант саласын дамытудың кешенді жоспарын қабылдады. Енді оны іске асыру бойынша тиісті өңірлермен бірлесе белсенді іс-қимыл жасау үшін шаралар қабылдау қажет. Сондай-ақ қантты бажсыз әкелуге квоталар бөлінген кезде, олар бұл жұмысты уақтылы орындай алмайтын көптеген ұсақ жеткізушілерге таратылған. Осыған байланысты біз қант жеткізуде белгілі бір проблемалардың бар екенін байқадық. Сондықтан квоталарды бірнеше ірі көтерме жеткізушілер арасында бөлу керек. Олар шағын компанияларға қарағанда қантты төмен бағамен жеткізе алады», — деді Әлихан Смайылов.
Сонымен қатар отырыста Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын сату алаңдарына қатысты монополияға қарсы ден қою шараларын іске асыруды жалғастыратыны белгілі болды. Атап айтқанда, жыл басынан бері 132 комплаенс-келісім жасалды, оның ішінде сауда үстемесін 15-тен 10%-ға дейін төмендету қарастырылған. Сауда саласындағы құқықбұзушылықтардың барлық фактілері бойынша тергеу жүргізіліп жатыр. Өңірлерге келетін болсақ, бір айда ӘМАТ бағасының ең жоғары өсуіне Ұлытау (1,5%), Қарағанды (1,4%) және Қостанай облыстары (1,3%) жол берген.
«Біз өңірлердегі сауда субъектілерінің жалпы жағдайды пайдаланып, аса жоғары қосымша табыс табатынын көріп отырмыз. Егер әкімдіктер мұны бақылауға алып, сауда-саттықтың барлық кезеңдерінде сауда үстеме бағалар бойынша мониторинг жүргізбесе, жағдай өзгермек емес», — деді Әлихан Смайылов.