3695
«Қара алтыннан» «ақ алтынға» өтетін кез жетті
«Қара алтыннан» «ақ алтынға» өтетін кез жетті
Түйе қорада туған бала
Кейіпкеріміздің дүниеге келу тарихы да қызық. Әкесі Әбу – Ақтөбенің Байғанин ауданында туған қазақ. Аласапыран заманда Бесқалаға ауған. Нөкіс қаласының маңындағы «Қызкеткен» деген шағын ауылға орныққан. «Қызкеткен» — өзен аты. Аты айтып тұрғандай, ағысы мол, тентек өзен. Ертеректе бір қыз суға кетіп қалып, солай аталса керек.
Әбу ағамыз Қарагөз есімді бойжеткенмен бас қосады. Аралары –19 жас. Қарагөз — Кегейлі ауданының перзенті. Төлеген Айбергенов: «Кегейлім, жердің еркесі, Жас жаным толқып тұр менің. Бердақтың сүйген өлкесі, Әжинияз жазған жыр ма едің?» деп өлең арнаған киелі өңір.
Сыдық — Әбу мен Қарагөзден туған 6 баланың кенжесі. Бір қызығы, оны шешесі түйе қорада босаныпты. Үйді ғана емес, қора-қопсыны да таза ұстайтын дегдар адам екен. Толғақ мезгілі келіп қалғанын біліп, келген қонақтардың мазасын алмай, үй ішіндегілерге: «Ал шайларыңды қойып, дайындала беріңдер...», - деп түйе қораға беттеген. Шар етіп дүниеге келген сәбидің кіндігін әкесі кесіпті. Шешесінің көйлегіне орап, түйе жабуының үстіне жатқызған. «Осы күні ойлап қарасам, дүниеге келген сәтімнен бастап-ақ өмірім түйемен байланысты болған екен ғой...» деп күледі кейіпкеріміз.
Расында да, көзін ашып көргені – түйеге қатысты дүниелер еді. Шешесі түйе сауатын, әкесі ботасын жіберіп, қарап тұратын. Бұлар шешесі сауып бола сала тура шелекке бас салатын. Буы бұрқырап тұрған сүтті ішкенде бойына қуат дарығандай, құлдыраңдай жөнелуші еді. Ешқандай ауру жоламайтын. «Шынтайлағым» дейтін шешесі еркелетіп. Мектептен келе салып түйе бағатын. Бота, тайлақпен бірге өсті. Мектеп бітіргесін Нөкістегі автожол техникумына түсті. Әскерге алынып, радист мамандығын меңгерді. Әскерден келген соң Шәрипа есімді сұлумен бас қосты. Алғашқы балалары дүниеге келді.
80-жылдардың аяғы, 90-жылдардың басында Бесқала қазақтары Қазақстанға қарай қоныс аудара бастады. Көштің басы негізінен Алматыға бұрылды. 1990 жылы бұлар да көшті. Алматы маңындағы «Жандосов» атындағы кеңшардан шағын үй алды. Қаскелеңдегі бір мекемеге мамандығы бойынша жұмысқа тұрды.
Келесі жылы еліміз Тәуелсіздік алды. Бұлар қатты қуанды. Бірақ бірте-бірте жан-жағы әбден қуырыла бастады. Бір күні жұмысынан қысқартуға ілікті. Не істеу керек? Қолында әке-шеше, бала-шаға бар. Әке-шешеге қиналғанын білдірмеуі керек. Шәрипа екеуі ақылдасты. Қалада әйгілі барахолка бар. Тіршілік қайнап жатыр. Сонда жұмыс істейтіндерге, сірә, тамақ керек қой. Шәрипаның қолынан бал тамады. Соны неге пайдаланбасқа? Екеуі түнімен мәнті түйетін. Таң атпай, оны барахолкаға жеткізеді. Тұрақты клиенттері бар. Ептеп тиын-тебен құрала бастады. Бірақ...
Әке-шешенің қабағында кірбің бар еді. Әсіресе, әкесінің мазасы болмады. «Бұл Алматыңда бәрі жақсы, тек түйе жоғы жаман екен...» дейтін. Түйенің сүтін қатқан шай ішпегесін бәрі бекер ғой. Сиыр сүтін аузына алған емес. «Одан да сүтсіз қара шайым артық...». Осы сөз арқасына аяздай бататын. Басқа амалы жоқ, тиын-тебенін жинай беретін...
Сол тұста Қарақалпақстаннан Әбіш деген ақсақал көшіп келді. Өте дәулетті кісі еді. Түйе, жылқы, сиырларын 4 вагонға тиеп әкеліпті. Бұл түйіншектегі ақшасы көбейген сайын сол ақсақалдың үй жағына қарап қойып жүретін. Екі жыл дегенде реті келді-ау. Жиған-тергеніне Әбіш ақсақалдың қызына еншіге берген сары маясын ұрғашы ботасымен бірге сатып алды. Сол күні әке-шешенің қуанғанын көруге көз керек. Әсіресе, әкесі жүрегі жарыла қуанды. Қорадан шықпайды. Түйені баладай мәпелейді. Шешесі сауғанда, әкесі қасында тұрады. Шешесі шұбат ашытады. Шіркін, ол ашытқан шұбаттың дәмі қандай? Шұбат — иесінің ықыласын бойына сіңіретін дәм. Байқасаңыз, жаңбыр жауып тұрғанда түйенің сүті сұйылып кетеді. Ал күн жарқырап тұрғанда шұбат та көпіршіп, әдемі түске енеді. Кішкентайында шешесі бұларға ағаш кесеге шұбат құйып беріп, «Күнге қарап тұрып ішіңдер...» дейтін. Сол кезде түйенің жеген бүкіл шөбінің исі бұрқырап, шұбатты ерекше дәмді ғып жіберетін.
Бұл — 1995 жыл еді. Келесі 1996 жылдың наурызында, наурызкөжесін ішіп, ел-жұртымен қоштасып, әке дүниеден озды. Үзілер шағында Сыдықты қасына шақырып алып: «Балам, біз қарақалпақ елінде тұрғанда үш-төрт түйемен сендерді бақтық, қақтық, кемелге жеткіздік. Сен де енді мына түйеден айырылып қалма. Балаларыңның аузын ақтан үзбе» деп батасын берді. Бата ғана емес, өсиеті сықылды еді.
Бастау
Шұбат сұрап келушілер көп еді. Көршілер келетін. Кейде әкімдіктегілер адам жібереді: «Қонақ кеп қап еді...». Өзі көңілшек адам, біреуіне беріп, екіншісіне жетпей қалса, қатты қысылатын. Бір түйенің сүті не болсын? Тағы да түйе сатып алды. Бірнеше түйе болғасын тағы бір проблема шықты. Біріншіден, 6 сотық жерге сыйуы қиын, екіншіден, бұл жарықтықтар біреудің қорасына сүйкенеді, мойнын созып, біреудің гүлін жейді. Көршілер ондайда бір дүрлігіп басылады. Сол кезде Сыдыққа түйе шаруашылығын ашу туралы ой келді. Қарасай ауданы әкімдігіне барып еді, олар құптамады. Жамбыл ауданы әкімдігі де сөзін жүре тыңдады. Енді Іле ауданына барды. Аудан әкімі Николай Логутов бұны мұқият тыңдап, бұрынғы Күрті ауданының орталығы болған Ақши ауылының маңындағы Бозой, Айдарлы деген жерден 12 мың гектар жерді 10 жылға жалға беру жөнінде қаулы шығартып берді. Бұл 20 мың гектар жер сұрап еді. «Соншама көп жер неге керек?» деген әкім таңғалып. «Ертең бір түйем мың түйе болады, сонда қайда сыйғызамын?» деді бұл. Әкім күліп жіберді. Сенбегені анық. Бірақ бұл шын көңілімен айтып еді. Аузына Құдай салған шығар, әйтпесе қорасында екі-үш түйесі бар, қалтасында көк тиын ақшасы жоқ адам айтатын сөз емес қой.
Сонымен, түйесін жетектеп, Ақшиге тартты. Бір кезде аудан орталығы болған ауыл әбден тозған екен. Күші барлар қалаға қоныс аударған. Аудан орталығы мәртебесінен айырылған 3 жылдың ішінде 9 мыңнан 3 мың адам ғана қалыпты. «Е, Алла, — деді Сыдық сонда Ақшидің топырағын басып тұрып тебіреніп, — егер, бір наным екеу болса, осы ауылды көтеремін!». «Қаладан үй сатып аламын...», «Қымбат көлік мінемін...» деген жоқ...
Бұған тиесілі жер Ақшиден 15-16 шақырым жерде екен. Айдала. Бірақ түйе бағуға таптырмас жер екенін бірден аңғарды. Алдымен сым темірден түйе тұратын қора жасады. Төбесін қытайдың палаткасымен қалқалады. Енді өздері тұратын баспана керек қой. Үй тұрғызып алуға қаржы жоқ. Ақшиден қатынауға тағы болмайды, түйеңді жетелеп кетуі мүмкін. Сосын тәуекел деп үлкен ғып жертөле қазды. Екі жыл сонда паналады. Жазда киіз үй тігіп, сонда отыратын. Балдызы Мәлік пен келіні Тамара бұлармен бірге болды. Бала-шаға шешесінің қолында қалды. Таңғы 5-те тұрып от жағатын. Шешініп ұйықтау дегенді ұмытты, киімшең қисая кететін. Ауылдардың өзінде жарық жоқ заман ғой, бұлар шыра жағатын. Кейде ол да болмай қалады. Бірақ көкірегінде сенім бар еді.
Алғашқы үш жыл босқа өтті. Өсу, даму болған жоқ. Өйткені қаржы жоқ еді. Банктер жолатпайтын. Ақыры болмаған соң 2004 жылы ағайын-туыстың үйін кепілге қойып, 19 пайызбен несие алды. 50 мың АҚШ доллары. Ақшаны белге байлап алып, түйе іздеуге шықты. Түрікменстаннан, Өзбекстаннан, сол жақтардан Шымкент маңына көшіп келген ағайындардан сол жылы 80 боталы түйе сатып алды. Бір қызығы, сол кезде ең қадірсіз мал түйе еді. Ешкімге керегі жоқ, арзанға түседі. Енді қора-қопсыны реттеді. Сүт сатуға шықты. Сол кезде Қаскелеңнен үй сатып алған, сонда әкеліп сататын. Қазіргідей пластик бөтелкелер қаптап жатқан кез емес, әрбір ыдыстың құны бар. Кез келген үйдің есігін қағады. Шұбат алатындар аз. «Жарайды, алайын...» деп үйіне беттеген әйелдің қолындағы ыдысқа қарайтын. Бір литрлік банкі болса, көңілі түсіп кетеді, егер 3 литрлік банкі ұстап шықса, Құдайдың бергені. Түскен ақшаға балалардың шай-қантын қалдырып, қалғанына жем сатып алатын. Қазір сол күндер есіне түссе, соншама күш-жігерді қайдан алғанына таңғалады.
Егер сол кезде ауыл шаруашылығына дәл қазіргідей қолдау болса, бұл да еңсесін тез тіктер еді. Біраз уақыты банктің үстемесі көп несиесін қайтарумен өтті. Бірақ сол несиенің арқасында шаруасы оңға басты. Бүгінде түйесі 5 мың басқа жетті. 200 адамға жұмыс тауып беріп отыр. Дені — 25 пен 35 жастың арасындағы жастар. Орташа айлық жалақысы — 200 мың теңге. Шаруасы түзеле бастағанда, баяғы уәдесін ұмытқан жоқ. «Аруақ аттаған оңбас» деп, әуелі жергілікті халық ерекше қадірлейтін Белағаш Ақұлы әулиенің басына түнек үй орнатты, ескерткішін тұрғызды. Бір аңғарғаны, ауылда той өткізетін жер жоқ екен, 300 орындық тойхана ашты. 100 орындық балабақша мен азық-түлік дүкенін, фотосалонды іске қосты. 100 орындық түйе сүтімен емдейтін оңалту шипажайын ашты.
Дәулеті бар адам малынан зекет беруге тиіс. Дінге сенетін Сыдық осы жолды қатты ұстанады. Осы 20 жылдың ішінде осы зекет есебінен 12 отбасына үй алып берді. Ауылдағы мешітті ұстау да өз міндеті деп біледі.
Өрлеу
2019 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайға барған сапарында шығыстағы көршіге құрғақ түйе сүтін экспорттау туралы келісімге қол қойды. Бұл «Дәулет-Бекет» ЖШС үшін ғаламат мүмкіндіктерге жол ашты. Өйткені ішкі нарық пен сыртқы нарықтағы баға мүлде бөлек. Екіншіден, құрғақ сүт өндіру әлемдік тәжірибеде бар нәрсе, бірақ Қазақстан үшін оны өткізетін нарық болмағандықтан, тиімсіз болып келген еді. Сыдық Әбуұлы енді бұл іске белсене кірісті. 1 миллиард теңге инвестиция салып, Ақшиден құрғақ түйе сүтін шығаратын шағын зауыт салды. Ол 2021 жылы желтоқсан айында іске қосылды. Қазір Қытайдың Бейжің, Чэнду қалаларына дайын өнімді экспорттай бастады. Енді ақша шетелдік валютамен түсетін болды.
Айта кету керек, құрғақ сүт өнімін әзірлеу қазаққа әсте жат дүние емес. Керісінше құрт, ірімшік, малта әзірлеп, тұтынып келген ұлт үшін етене тірлік. Әрине, жаңа технологияларды пайдалану керек. Сыдық зауытқа Қытай құрылғыларын орнатты. Айына 15 тонна сүтті кептіреді. 1 тонна сүтті кептірсеңіз, 100 келі. Сақтау мерзімі — 2 жыл. Әлемнің кез келген түкпіріне жөнелтуге болады. Әзірге әлемді қоя тұрайық, іргемізде Қытайдың алып нарығы жатыр. «Дәулет-Бекеттің» айына шығаратын 15 тоннасын місе тұтар емес. 50 тонна керек дейді. 100 тонна шығарса да талап әкетпек.
Ішкі нарықта сұраныс аз, баға төмен еді. Ең аз дегенде, 16,5 пайызбен берілетін несиені қайтару да біраз діңкелететін. Оның үстіне, жұмысшыларға жалақы беру керек. Ал сыртқы рынокқа шыққан соң жағдай мүлде өзгерді. Мұнда сұраныс та, баға да жоғары. Енді несие алудың керегі жоқ. Есесіне тапқан ақшасын мал алуға жұмсайды. Иә, Сыдық Дәулетов, Құдай қаласа, алдағы екі-үш жылда түйе санын 15 мың басқа жеткізуді көздеп отыр. Сонда әлгі қытайлықтар сұрап отырған 50 тоннаны тауып бере алмаса да, соған жақындайды. 5 мың түйенің сүтінен айына 15 тонна құрғақ сүт әзірлесе, 15 мың түйеден 45 тонна шықпай ма? Әрине, өнімнің барлығын шетелге асыруды ойлап отырған бұл жоқ. 50 пайызы шетел асса, 50 пайызы Қазақстан халқының игілігіне жұмсалмақ. Қазір еліміздің 168 дүкенінде «Дәулет-Бекеттің» шұбаты мен қымызы сатылады.
Айтпақшы, Дубайға қоныс тепкен, түйе сүтінен жасалған шоколад жасап, әлемнің барлық еліне сатып отырған бір аустриялық компания қазір Сыдық Дәулетовке бірге жұмыс істеу жөнінде ұсыныс жасап жүр. Бұл ыңғай білдірсе бітті, инвестиция салуға әзір. Бұрын құрғақ түйе сүтін шығаратын зауытты да бірге салғысы келіп еді. Мемлекет басшысының Қытайға жасаған сапарынан кейін 20 жылдан бергі арманы орындалып, еркін қимылдай бастаған бұл «ортақ өгізден оңаша бұзауды» артық көрді. Расында да, өзінің шамасы келіп тұрған жерге өзгені қатыстырудың қажеті қанша?
Аустриялық компанияның «Дәулет-Бекетке» қайта-қайта келгіштеп жүргені бекер емес. Өйткені, қазақ түйесі сүтінің құнары бөлек. 68 түрлі шөп өсетін Іле ауданында жайылып жүрген Ойсылқараның тұқымы мен таңдап жейтін шөбі жоқ, қолмен қоректендірілетін араб түйелерінің сүтін тіпті салыстыруға келмейді. Бірақ, бизнесте ең бірінші, өз мүддең жоғары тұруы керек. Дәл қазір іргедегі Қытайдың алып нарығының сұранысына сай жеткізе алмай жатқан сүтті тағы бөліп аустриялық компанияға берген тиімді ме? Әрине, жоқ. Сосын түйе сүтінен жасалатын өнімдерді неге өзімізде шығармасқа? Оған әбден мүмкіндік бар. Қазірдің өзінде «Дәулет-Бекет» шығаратын балмұздақты жұрт пышақүсті үлестіріп әкетеді.
Елімізде түйенің екі түрі бар. Біріншісі, арғы жағы түрікменнен келген жалғыз өркешті аруана. 10 литрге дейін сүт береді. Бірақ майлылығы аз, жазда 3,5, қыста 4,5 пайыз шамасында. Екіншісі, қос өркешті қазақы түйе. Оның сүті аз. Маңдайы 5 литр сүт береді. Негізінен, 2-3 литрден аспайды. Есесіне, майлылығы жоғары — 7-8 пайыз шамасында. Бұл — әлемдік стандартқа сай көрсеткіш. Қазір «Дәулет-Бекет» ЖШС-нің 5 мың түйесінің 4 мыңы жалғыз өркешті түйе. Ендігі сатып алатыны қос өркешті түйе болмақ. Іске сәт!
Түйе санын көбейту керек!
Сыдық ағаның айтуынша, 1906 жылғы санақта қазақ даласында 1 млн 200 мың түйе болған екен. 1991 жылғы санақта 50 мың түйе ғана қалған. Тәуелсіздік алған 30 жылда 150 мыңнан асыпты. Бұл аз. Өте аз!
Кейіпкеріміз түйе сүтін «ақ алтын» деп атайды. Оның пікірінше, Қазақстан экономикасын көтерген «қара алтын» - мұнайға өкпе жоқ, бірақ жерасты байлығының да таусылатын күні болады. Сосын экономиканың бір ғана саласына иек артып отыруға болмайтынын уақыттың өзі көрсетіп отыр. Қазір дүние жүзінде азық-түлік тапшылығы байқалады. Оның үстіне, әлем халқы қазір қоспасы жоқ таза өнімдерге зәру. Ендеше бізде ауыл шаруашылығын дамыту керек қой. Мысалы, түйе басын 1 миллион болмаса да, 500 мыңға жеткізуге не кедергі? Іргеде Қытайдың алып нарығы тұр. Сондықтан «қара алтыннан» «ақ алтынға» өтетін уақыт жетті. Тек қана түйе шаруашылығы емес, төрт түлікке қатар мән беру керек.
Оның үстіне, мал шаруашылығы – таза бизнес. Экологияны құртпайды. Бұл – бір. Екіншіден, таза өнім тұтынса, ұрпағымыздың да денсаулығы мықты болмақ. Үшіншіден, экспортқа шығарсақ, қып-қызыл пайда.
Рас, түйе өсіру оңай емес. Екі жылда бір боталайды. Алғашқы ботасын 4-5 жасында туады. Түйе бағуға темірдей шыдам керек. Қазір Сыдыққа қарап бой түзеп, 50, 100 түйе бағатын шаруашылықтар пайда болды. Соларға мемлекет тарапынан көмек болса, кәдімгідей ынталанар еді. Мысалы, 2011 жылдан бері түйе сүтіне субсидия береді. Етіне, жүніне берілген емес. Рас, Үкімет соңғы жылдары құрғақшылыққа байланысты жем-шөпке аз-маз тиын-тебен бөлді. Қазіргідей ақша артылған кезде ғана субсидия бермей, бұл салаға сәл жанашырлықпен қараса, шаруа дөңгеленіп кетейін-ақ деп тұр.
Осы ретте шетелдің кәсіпкерлері бақытты. Өткенде неміс кәсіпкерлері «Дәулет-Бекетке» арнайы келді. Сол кезде Германияның Қазақстандағы елшілігі бұларға тыным таптырған жоқ. «Келе жатыр…» деп бір хабарласты, «Кеп қалды...» деп бір қоңырау шалады, әйтеуір мігір жоқ. Келген меймандардың ішінде ауыл шаруашылығы министрлігінің хатшысы, ветеринария жағынан, малдың құқығын қорғайтын ұйымнан арнайы өкілдер келген. Оларды Германияның Қазақстандағы елшілігінің арнайы маманы «жетелеп» жүр. Немістер малдың денсаулығына, күйзеліске түспеуіне қатты мән береді екен. «Дәулет-Бекеттің» бүкіл жұмысына жіті назар аударды. Таңертең сауып алынғаннан кейін, түске дейін ботасының бірге жайылып, кешке де бір мезгіл бірге жайылатынын көріп қатты риза болды. Яғни, малда күйзеліс жоқ. Табиғи жолмен иіп, аппаратпен сауып алынады. Зауыттың тіршілігімен де танысып, мұнда жұмыстың әбден жолға қойылғанына көзі жеткесін тізе қосып істеуге бел байлап отыр. Сырт елдің мамандары осылай шұқшиып, мән беріп жатқанда, өзіміздің Ауыл шаруашылығы министрлігінің бірде-бір өкілі 20 жыл ішінде бұнда бір рет те ат ізін салмағанын айтудың өзі ұят...
Пір Бекеттен бала Бекетке дейін
Сыдық ағаның ЖШС-нің атын «Дәулет-Бекет» деп қоюы бекер емес. Кәсіп-
кер – атақты Бекет әулиенің жетінші ұрпағы. Даңқты бабасының түсінде ылғи жол сілтейтіні – бөлек әңгіме...
Ол өзінің бүгінгідей дәрежеге жеткенін басқа мал емес, дәл түйе баққанымен байланыстырады. Өйткені, өзінің айтуынша, ол – өте көңілшек адам. Егер жылқы не сиыр немесе қой бақса, сұраған адамға беріп, мал басы өспес еді. Ал, 90-жылдарда, тіпті бертінге дейін, Қазақстанда, әсіресе, Алматы жағында түйе ешкімге керегі жоқ мал болды. Оның сүтіне, етіне қызыққан адам бола қойған жоқ. Соның арқасында мал басы өсті. Осы күні бозбала шағында әкесі қанша айтса да, түйе бағудан қашып, басқа мамандықты игеруге талпынғаны еске түссе, күледі. Маңдайдағы жазудан аса алмайды екен ғой адам. Оның миссиясы — түйе шаруашылығын дамыту екен. «Мен өзі түйе сияқты асықпайтын, төзімді адаммын», – дейді ағамыз ағынан жарылып.
Бір кездері күллі Қазақстанды түйеге толтыруды армандап еді. Нақты жоспарлары болған. Бір баласын елорда жаққа аттандырғандағы мақсаты да сол еді. Өкінішке қарай, ол ұлы жол апатынан қаза тапты. Сол кезде дүние тоқтап қалғандай күй кешкен. Ештеңе керек болмай қалып еді. Етбеттеп жата беретін. Сол кезде Серік Үмбетов, Өмірзақ Озғанбаев секілді ел ағалары қасында болып, қолдау көрсетті. Зайыбы Шәрипа да еңсесін тіктеу үшін ұлы іске тәуекел етті. Алланың бергені ғой, 56 жасында ұл тапты. Қатты қуанған бұл сәбидің есімін Бекет қойды. Тәубеге келіп, шүкіршілік айтты. Белін буып, жұмысына қайта кірісті.
Аруана – бауыр дүние
Түйе — киелі жануар. «Аруана жаудың қолына түссе, ботасын шайнап өлтіріп, Қаралы мойнын қайтадан артқа бұрмастай халге келтіріп. Жеріне тартып отырады екен моншақтап жасы боздаумен, Омырауын шерге толтырып...», – дейді Төлеген Айбергенов «Аруана - бауыр дүние» атты өлеңінде. Дәл осы жайтты біздің кейіпкеріміз көзімен көрді. Түрікменстаннан әкелген аруананың қайта-қайта қоршаудағы ботасына мойнын созып жүргенін байқап, шаруадағы жігіттерге мықтап тапсырған. Ақыры ботасын ертіп кете алмайтынына көзі жеткен аруана оны шайнап өлтіріп, Түрікменстанды бетке алыпты. Мойынқұмның маңынан ұстап әкелді...
Сәкеңнің ойынша, жарықтық түйенің осы қасиеті бар қазақтың бойынан табылуға тиіс. Жердің бетіндегі қазақтың бәрі Қазақстанға ағылуы керек. Осында іс ұйымдастыруы қажет. Қазақстанның түтіні түзу ұшса, қазақтың да жағдайы дұрыс болады. Әсіресе, тапқанын сыртқа асырғандар осында кәсіп көзін ашса, өзінің де ұйқысы тыныш болып, біраз адамға жұмыс тауып берер еді.
– Адам қай жаста да іс бастаудан қашпауы керек, — дейді ол. — Мен отыздың дәл ортасында осы шаруаны қолға алдым. Өзім бөтен елден келген адаммын. Аға-көке болған жоқ. Несие алып, қолымнан келген шаруаны дөңгеленттім. Алғашқы он жылда көмекке қатты зәру болдым. Мені ешқандай БАҚ насихаттаған жоқ. Ал сол кезде ол маған ауадай керек еді. Қазір маған Үкіметтің қолдауы керек емес, ең бастысы, кедергі келтірмесе болды. Ал кәсібін жаңа бастағандардың қолтығынан мемлекет демеуі керек. Кейін олар оның сүйеніші, тірегі болады.
Бұл кісі бәсекелестіктен қорықпайды. Керісінше, дәл түйе шаруашылығында көптеген кәсіпкердің шыққанын қалайды. Өйткені таласып-тармасатын ештеңе жоқ. Ішкі нарықты да, сыртқы нарықты да игеру үшін бәріміз жұдырықтай жұмылуымыз керек. 60-қа келіп қалған бұл осындай шаруа істеп жатқанда, жастар неге ұмтылмауы керек? Он Сыдық, жүз Сыдық керек бұл іске!
Бауыржан БАБАЖАНҰЛЫ.