Көкшетауда Qnet қаржы пирамидасын ұйымдастырған күдіктілер анықталып, қамауға алынды деп хабарлады turkystan.kz. Ақпаратты Ақмола облысы бойынша Қаржы мониторингі департаментінің баспасөз қызметі растады. Жедел іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында Көкшетау қаласының аумағында интернет-саудасын жамылып жұмыс істеген қаржы пирамидасының басшыларына қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды.
«Қылмыстық істі тергеу аясында күдіктілер Қылмыстық процессуалдық кодекстің 128-бабы тәртібінде ұсталып, Көкшетау қалалық ПБ уақытша ұстау оқшаулағышына қамалды. Сонымен бірге Көкшетау қаласының мамандандырылған тергеу соты күдіктілерге қатысты 2 ай мерзімге «күзетпен ұстау» бұлтартпау шарасын санкциялады. Өзге ақпарат Қылмыстық процессуалдық кодекстің 201-бабы тәртібінде тергеу мүддесінде жария етілмейді», - делінген ведомство ақпаратында.