50292
Екі жаңа министрлікті жасақтау жұмыстары аяқталды – Саясат Нұрбек
Екі жаңа министрлікті жасақтау жұмыстары аяқталды – Саясат Нұрбек
Елімізде Білім және ғылым министрлігі екіге бөлініп, Оқу-ағарту министрлігі және Ғылым және жоғары білім министрлігі құрылған болатын. Қазір екі министрлікті жасақтау жұмыстары аяқталды деп хабарлады turkystan.kz.
Жақында Ғылым және жоғары білім министрі болып тағайындалған Саясат Нұрбек бір мекемені екіге бөлу ісі оңайға соқпағанын жеткізді.
«Құрметті әріптестер, достар! Екі жаңа министрлікті жасақтау жұмыстары аяқталып қалды. Әрине, бір мекемені екіге бөлу заңдық тұрғыдан да, адамгершілік жағынан да оңай шаруа емес. Мемлекеттік органды жаңадан құруды айтпағанда, кейде тіпті шағын бөлімшенің міндеттерін бөлудің өзі қиынға соғады. Ұзақ жылдар бойы бір кабинетте, бір үстел басында жұмыс істеп отырған мамандарымыз осы күндері екі жаққа қатар қызмет етуге мәжбүр. Асхат Аймағамбетов басқарған бұрынғы Білім және ғылым министрлігінің ұжымы жоғары білім беру жүйесін реформалау, ғалымдарды даярлау, ғылымды дамыту бағытында үлкен жұмыс атқарды. Атап айтсақ, жоғары оқу орындары мен ғылыми институттар академиялық еркіндік алды, дербес басқару тетігіне ие болды. Бұл – заманауи университет құру, ғылыми инфраструктураны қалыптастыру және ғалымдар мен шәкірттерге жайлы жағдай жасаудың негізі екені белгілі», – деп жазды министр Facebook-тегі парақшасында.Оның айтуынша, қазіргі міндет – Білім және ғылым министрлігі бастап кеткен реформаларды одан әрі жалғастыру, бұл салада тың өзгерістер енгізу. Бұл істерді еліміздегі ғылым мен жоғары білімді модернизациялаудың бастауында тұрған мамандар жалғастыратыны қуантады.
«Біз мемлекеттік маңызы бар ортақ жұмысты атқарып жатырмыз. Өйткені кәсіби деңгейі жоғары маман мен зерттеушінің негізі бала күнінен қалыптасады. Сондықтан, бірлесе әрекет етіп, тұлғаның қалыптасуы үшін әр кезеңде сапалы білім беруді қамтамасыз етуіміз керек. Өз шәкірттерінің жеткен жетістігіне мектеп мұғалімі де, жоғары оқу орнының оқытушысы да марқайып, мақтан тұтатыны заңды деп ойлаймын. Алдағы уақытта Оқу-ағарту министрлігі мен Ғылым жəне жоғарғы бiлiм министрлігінің қалыптасуына атсалысып, бар күш-жігері мен қажыр-қайратын, алтын уақытын сарп еткендер осы күндері атқарылған жұмыстарды зор мақтанышпен еске алатынына сенімдімін. Осы орайда, Мемлекет басшысына, Үкімет мүшелері мен Парламент депутаттарына бізге сенім артып, жаңа министрліктерді құруға қолдау білдіргені үшін алғысымды айтқым келеді. Сіздердің кеңестеріңіз, ұсыныстарыңыз бен көмектеріңіздің арқасында бұл жұмысты ойдағыдай атқаратынымыз айқын. «Бірлесе көтерген жүк жеңіл» демекші, тізе қоса еңбек еткенде ғана Президенттің тапсырмасын абыроймен орындап, ұлтымыздың әл-ауқатын арттырамыз», – деді Саясат Нұрбек.