844
Әлиханның шырақшысы
Әлиханның шырақшысы
Осыдан дәл отыз жыл бұрын – бір мың тоғыз жүз тоқсан екінші жылдың тамызында Жезқазған облысының Ақтоғайында (Сол уақыттағы Жезқазған, бүгінгі Қарағанды облысы) дүркіреп ұлы той өткен. Бұл – ұлт жолында, еркіндік мұраты күресінде шаһид кеткен Алаш арыстарына берілген алғашқы Құдайы ас.
Алаштың ұлы тойы Әлихан Бөкейхан атамыздың құрметіне орай ұйымдастырылған. Саңлағын, туған перзентін ұлықтаған Ақтоғайдың баурайына Мәскеуден көсемнің немересі Евгений (Үгедейдің ұлы), шөбересі Петр, Міржақып Дулатұлының қызы Гүлнар, Жүсіпбек Аймауытұлының қызы Муза, Әлімхан Ермектің ұлы Мағауия, Жақып Ақбайұлының аталас туыстары жан-жақтан жиналып, арқа-жарқа болады. Алматыдан профессор Тұрсынбек Кәкішұлы, академик Кеңес Нүрпейіс сынды алаш тарихын зерттеп жүрген ғалымдар барып, ғылыми конференцияда ұлт келбетіне айналған тарихи тұлғаларымыз туралы тұңғыш рет көсіліп, тұшымды баяндама жасайды. Міне, осының бәрі Алаш аңсаған, қасық қанын төгіп, жанын қиған ұлы күн – Тәуелсіздіктің арқасы, ғасыр тілегі болған бостандықтың құдіреті болатын!
Қыр баласы – Әлиханның тойында фәни ғұмырында еркіндік үшін басын қатерге тігіп, ер тұрманы түгенделмей кеткен есіл ердің ұрпағы – Евгенийге ақбоз ат мінгізіп, иығына шапан жауып, аруақ алдында үлкен құрмет көрсетілген. Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген жақсы-жайсаң ұлы тойдан тәберік алып, асылдардың ұрпағын көріп, сұхбаттасып, алаштанушы-ғалымдардың тың зерттеулерін тыңдап, мәре-сәре болысқан. Осыдан отыз жыл бұрын Арқа төсінде осындай той өткен еді дүркіреп.
Алаштың алғашқы тойын кең көлемде аталып өтуіне себепкер болған жанның бірі туралы сөз қозғайық. Бұл пікірімді сол жылы өмірге келген ұлдың әрі тәуелсіздік құрдасының бағасы деп қабылдаңыздар.
ХХ ғасыр басындағы қазақ қоғамына алапат құбылыс болып келген үркердей оқығандарының шоғырының есімін халыққа жақындатқандарды да ұмытып кетпейік. Алашты тану, зерттеу, зерделеу ісінде ғалымдардан бөлек жергілікті өлкетанушылардың айтарлықтай үлесі бар. Қазақ тұлғаларын таныту, насихаттау жұмысына белсене араласып жүрген азаматтардың бірегейі – Тұңғышбай Мұқан ағамыз.
Өлкетанушы Тұңғышбай ақсақалмен Алаш жолында жүріп таныстық. Әлқисса, 2016 жылы ұлт көсемінің 150 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО деңгейінде тойланып, Қазақ географиялық қоғамы «Әлихан Бөкейхан ізімен...» халықаралық экспедициясын ұйымдастырды. Экспедиция көсемнің кіндік қаны тамған Ақтоғайдан Мәскеуге дейінгі аралықты қамтыды. Экспедиция жетекшісі – танымал алаштанушы-ғалым, профессор Айгүл Ісімақова. Ғылыми топ құрамында біз де болғанбыз.
Алматыдан Ақтоғайға келе жатқан топты аудан атқамінерлері күтіп алды. Жолбасшы – Тұңғышбай аға. Бұған дейін ағаның сұхбатын «Өнегелі өмір» жобасынан талай мәрте көргенбіз. Жүзі таныс, ойы мен көзқарасы белгілі. Бұрыннан аралас-құралас кісілердей бір-бірімізге тез бауыр басып, жақын болып кеттік.
Ақтоғай атырабының тарихын, жерінің ойын да, қырын да жақсы білетін ағамыз ғалымдарды аузына қаратып, «Мына жерде Әлихан Бөкейханның ата-анасы жерленген», «Мына жерде Тоқырауын өзенін қиып өткен үлкен жол болған», «Мына жерде Мұқан төренің қыстағы болған» деп әр нүктені көрсетіп, тамсанып келеді. Бала Әлихан су ішкен бұлақты көрсетті. Бәріміз су ішіп, шөлімізді бастық. Шіліңгір шілденің ми қайнатар ыстық күні еді. Бір уақытта бізді бастап Желтау баурайына шығарды. Алып мұзжарғыш кемеге ұқсаған жартасты нұсқап: «Мына тасқа бала Әлекең отырған екен. Бұрынғылардың айтуынша, бұл тасты «Хан тағы» деп айтқан екен» деп ескі тарихтан үзік-үзік сыр айтып, қарсы тұрған Қызыларай тауын көрсетіп, Кенесары ханның Ақмола бекінісін алмастан бұрын осы жерде сарбаздарын даярлағанын тілге тиек етті.
Әлиханның тағылымы мен аманатына адал болып жүрген Өміртайдың Тұңғышбайы 1946 жылдың 1 қазанында Қоңырат ауданында дүниеге келген. Қарағанды педагогикалық институтының түлегі. Қарапайым мектеп мұғалімі қызметінен бастап үлкен лауазымды қызметке дейінгі еңбектің барлық сатысынан сүрінбей, адал жүріп өткен білікті маман. Заманында «Ақтоғай халық театры» мен «Тоқырауын толқындары» ансамблінің негізін қалаған. Білім беру саласының үздігі, Ы.Алтынсарин атындағы төсбелгі иегері, Қазақстан Республикасы Президентінің Құрмет грамотасымен, Алғыс хатымен марапатталған. Оның қаламынан «Ел тарихы – рухани қазына», «Ақтоғай өнерінің шамшырақтары», «Алаштың Әлиханы» сынды бірнеше танымдық кітаптар туған. Қазақстан Журналистер одағының мүшесі ретінде де аудан тарихы, ел тағдыры туралы толғанудан еш жалыққан емес.
Жасынан сөзуар болмай, сөзұғар болып өскен Тұңғышбай – өлкенің тарихын бес саусақтай тарқатып, жетік білетін көнекөз. 1992 жылы Тұқаң Ақтоғай ауданы әкімінің идеологиялық жүмыстар жөніндегі орынбасары қызметін атқарады. Қырықтың қырқасына шыққан жігіт ауданның рухани жаңаруына бар күш-жігерін салған. Сол 1992 жылдың өзінде-ақ Карл Маркс атындағы мектептің атын Әлихан Бөкейхан мектебі деп өзгертеді. Ленин атындағы орталық көше атауын Алаш қозғалысы жетекшісінің есіміне алмастырады. Қарап отырсақ, десоветизация Ақтоғайда тым ерте басталған екен. Қазір аудан орталығының әр көшесі, әр ауылы қазақыланып тұр! Атауларына қарап-ақ қызығасың!
1998 жылы ұлтшыл ағамыз аудан әкімі Төлеухан Ахметбековке кіріп жүріп, Лениннің қоладан құйылған ескерткішін құлатып, орнына Әлихан Бөкейхан, Жақып Ақбайұлы, Әлімхан Ермекұлы сынды Тоқырауын өңірінде туған үш көсемнің еңселі ескерткішін қойдырғаны бар.
Ақтоғайды аудандық өлкетану музейі – еліміздегі ең бай әрі тақырыптық мазмұны жағынан ауқымды музей. Осы музейдің алдында рух сардары Әлихан атамыздың тарантасы тұр. 2009 жылы ізденгіш Тұңғышбай өлкетанушы ауыл-аймақты аралап жүріп, көсемнің жолдасы әрі атқосшысы болған Сәдуақас Әбдидің ұрпақтарынан тарантасты тауып, музейге алдырады. Бөкейхан әулетіне тиесілі әр затты әр жерден тірнектеп жинап, музей қорын байытқан.
2016 жылдың 23-24 қыркүйегінде Ақтоғай халқы өздерінің саңлақ тұлғаларын ұлықтап, Әлихан бабамыздың 150 жылдық мерейтойын кеңінен атап өтті. Салтанатты шараға елімізге белгілі алаштанушы-ғалымдар қатынасып, ұлы тойдың қуанышын бөлісті. Сол тойға барған қонақтың бірі, жас ғалым, замандасым Еркін Ерланұлы: «Елдос, мына Тұңғышбай ағамыз Ақтоғайдың, Әлиханның «тірі» биохронигы екен» деп жақсы сөз айтты. Шындығында деймін-ау, Тұңғышбай ағамыз жан-тәніммен еңбек ісіне берілген адам емес пе!
Тұңғышбай Мұқан Сарыарқа атырабында туып, бар қазаққа аға болған Алаш бекзадаларын жіті зерттеп, олар туған, өскен, ізі қалған жерлердің картасын сызып, тарихи нүктелерге белгітас қойып, маңайын тазартып, абаттандырып, киелі жерге айналдырған. Бұл ісі турасында: «1991 жылдың соңында жұмыс кабинетіме Қасенхан Алтынбеков ақсақал келді. Қырым Алтынбековтің әкесі. Бұл кісілер де төре тұқымынан тараған. Сол ақсақал маған қолжазба дәптерін тапсырды. Дәптерде Ақтоғайдың маңайындағы тарихи жерлердің картасын сызыпты. Сол дәптерге сүйеніп әрі ақсақалдың көрсеткен жерлерін бірге көріп, белгі орнаттық», – деп айтқан болатын.
Тоқырауын өзенінің сағасындағы Талдыбейітке, Әлихан Бөкейхандай алыпты дүниеге әкелген Нұрмұхамед әке мен Бегім ана және жақындары дамыл тапқан баба қорымына келушілер саны күннен-күнге көбейді. Зиярат етіп келген жұртты Тұңғышбай шырақшы күліп қарсы алып, жан-тәнімен беріліп, Әлихан әлеміне саяхат жасатады.
«Әлихан мен Әлімханды таныттым, енді Жақыптың тұғырын көтерейін, іздеушісі болмай жүр» деп жар құлағы жастыққа тимей, Алаш ұлдарын аялап, насихаттап, зор шабытпен олар туралы естіген-білгенін жазып, телеарна мен радиодан сөйлеп, жастар аудиториясына жиі барып, кездесу өткізіп жүрген өлкетанушы Тұңғышбай ағаның атқарары әлі көп... Иә, біздің тарихта жанар шырақ, айтылар сөз қаншама!
Елдос Тоқтарбай