Іздеушісі жоқ болса, ақын жетім

Іздеушісі жоқ болса, ақын жетім

Іздеушісі жоқ болса, ақын жетім
ашық дереккөзі
Кеңестік кезеңде, қай салада болса да, профессионалдарға ба­­сымдық берілді. Сондықтан болар, ел арасында әжептәуір ән шығарып, өлең жазып жүретін – композиторлық, ақындық қа­бі­леті бар­ларды «әуесқой композитор», «әуесқой ақын» деп атай­тын. Мұ­ның өзі «қабілеті әлсіз», «оқымаған» деген сияқты түсінілетін. Сон­дықтан «әуес­қой композиторлардың» әндері радиодан беріле бер­мейтін, «әуес­қой ақындардың» өлеңдері аудандық, облыстық газет­терге ара-тұра басылғаны болмаса, республикалық әдеби газет-жур­налдарға жария­ланбайтын. Осындай жағдайда өмір сүрген талай «са­моро­док­тардың» таланттары ауыл-аудан деңгейінде қалып, олар­дың жазған-сыз­ғандары кітап болып шықпаған соң қалың көп­шілікке танылмай, уақыт өте келе ұмытылып кетіп жататын. Өнерге өміріңді арнамасаң, же­тіс­тікке жете алмайсың деп жата­ды, бірақ елдің бәрі ауылын, өскен орта­с­ын, ата-анасын тастап бір күнде Алматы қайдасың деп тартып кете бермейді ғой. Әркімнің басында әртүрлі жағдай бар: біреудің қалаға барып паналайтын та­ны­сы жоқ, біреудің шаһарға келіп пәтер жал­дап тұруға жағдайы жоқ, тағы біреу ата-анасының жалғыз баласы дегендей... Міне, осындай себептен талай таланттың жанбай жатып сөнгені анық. Ал өмірін өлеңге арнадым деп Алматыда қанша жыл пәтер жағалап қаңғырып, ақыр-соңы шаршап еліне қайтқандардың есебі жоқ. Тіпті, ұзақ жыл кеудесін кернеген шабыттың қалауымен қалада өмірі өтіп, саз, сөз өнерінде елеулі із қалдырғанымен бүгінге келіп ұмытылғаны қаншама?! Бала кезімізде ақын-жазушы­лар­дың бәрі Алматыда туып, сонда өс­кен­дей көрінетін. Мықты ақын-жазу­шы­лардың бәрі сол қалада тұратын се­кіл­ді еді. Ал шын мәнінде, қазақтың әде­биет пен мәдениет саласындағы тұл­ға­лардың түгелге жуығы шалғайдағы қа­зақ ауылдарынан шыққанын кейін біл­дік қой. Оқушы кезімізде кітапты көп оқы­дық. Сонда кітапқа шығармасы кірген ақын-жазушылардың бәрін түгел қазақ білетіндей сезілетін. Ал шын мә­нін­де солай ма? Өткен ғасырдың 80-жылдары жас ақын­дардың өлеңдері топтас­тырыл­ған «Көктем тынысы» деген кітап қолыма түсіп, сонда кілең бірінен бірі өт­кен ақындардың өлеңдерін оқығанда, қазақта талантты ақындар көп екен ғой деп таң қалғанмын. Кейін сол кітапқа өлең­дері кірген ақындардың талайының кі­табын оқыдық, кейбірін одан кейін таба алмай жүрдік. Сол «Көктем тынысына» жырлары кірген екі ақынға әлі жаным аши­ды. Біреуі — Еділ Демеқұлов, екіншісі — Темірхан Әліханов. Еділ Демеқұловтың ме­нің жерлесім екенін кейіннен білдім (Қарақалпақстанның Тақтакөпір ауда­нын­да дүниеге келген). Ана кітаптағы өлең­дері сұмдық екпінді еді. Үлкен ақын болатын кейіп танытқан. Бірақ заңгерлік білімі бар ағамыз одан кейін әдебиетпен беріле айналыспаған секілді. Тек өткен ға­сырдың соңына таман оның «Сағы­ныш­ты сәруәр шақ» атты жұқал­таң ғана өлеңдер жинағы қолыма түсті. Одан басқа кітабын көрмедім. Өмірінің соң­ғы жылдарында Ақмола облысында газетте жұмыс істепті. Іздестіріп көрге­ні­­­мізбен ақыннан қалған әдеби мұра әзір­ше қо­лы­мызға тиген жоқ. Ал Темірхан Әліханов ағамыз Өзбек­станда туған екен. Алматыда білім алған, кейін еліне қайтып сол жақта тұрды. Өлең­дерінің бір-екі рет Ташкенттен шы­ғатын «Нұрлы жол» атты қазақша газетке басылғанын көрдім. Одан кейін ұзақ ха­барсыз кетті. Жақында телефонын тауып хабарластым, Түркістан облысына көшіп келген екен, Шымкенттен алы­сырақ бір ауылдың мешітінде имамдық қызметте екен. Атажұртына келген соң демеушілердің көмегімен екі кітабы аз таралыммен жарық көріпті. Бірақ оның өзі қалың оқырман қауымға жетпеген­дік­тен Әліхановтың ақындығы туралы жал­пы қазақ біле бермейді. Мен айтып отырған екі кісі де ке­­зінде әдеби қабілетін таныт­қан, әдебиетпен біраз айналысып бола­ша­ғынан үміт күттірген адамдар. Ал жаз­ған­дарын еш жерге республикалық әде­би басылымдарға жариялата алмай, қа­ламынан шыққан туындылардың басы бірі­гіп бір мұқабаның ішіне топтасып тұр­ғанын көре алмай арманда кеткен қа­ламгерлер қанша... Мен 1989-1994 жылдар арасында Әжінияз атындағы Нөкіс мем­ле­кет­тік педагогикалық институтының фи­лология факультетінде оқыдым. Сол тұс­та өлең өнеріне біржола бет бұрдым. Ба­ғы­мызға орай біз азамат болып қа­лып­тасар тұста «Қайта құру» атты үдеріс бас­­та­лып, әр ұлт өз әдебиеті мен мәде­ние­­тіне қатысты мәселелерді көтеріп біраз алға ілгерілеу болды. Мәселен, 1991 жы­лы қазақ тілінде Ташкентте «Достық туы», 1992 жылы Нөкісте «Достық үні» ат­ты атты газеттер шығып, Өзбекстан кө­лемінде қазақтар тұратын барлық жер­де Қазақ ұлттық мәдени орталықтары ашы­лып үлкен бір серпіліс болды. Мен өзі 1994-2002 жылдар аралығында «Дос­тық үні» газетінде, кейін ол «Өркен» жур­налына айналғанда сонда қызмет ат­қардым. Сол кезде ғана мен туған жер­де қаншама тұншығып жатқан қазақ қа­ламгерлері бар екенін көрдім. Солар­дың өлеңдері мен прозалық шығарма­лары аталған газеттерге басылып жата­тын. Тек өкініштісі сол, солардың біразы бүгінде қатарымызда жоқ, кейбірі бір-екі кітап шығаруға үлгірді, біреулерінің кітабы қайтыс болғаннан кейін шықты, ал енді біреулерінің шығармалары әлі кі­тап болып шыққан жоқ. Мәселен, сол кезде қазақ, өзбек, қарақалпақ басылымдарында бір­талай өлеңдері жарияланған, туған ауылымда менімен бір мектепте жұмыс істеп математика, информатика пән­дері­нен сабақ берген Жалғасбай Шайқұсов (Шайқыісләм) ағамыздың кітабы әлі шықпай жатыр, өлеңдері менде сақтаулы. Институтта бізге сабақ берген белгілі тілші ғалым, жазушы Еркебай Мерген­баев­тың тірі кезінде қарақалпақ тілінде «Сезім­ден алысу» атты шағын прозалық кітабы шықса да, одан кейін бірде бір әдеби шығармалары баспасөз бетін көр­меді. Ал бұлардың туындылары кезінде «Қазақстан мұғалімі», «Лениншіл жас» сын­ды мерзімді баспасөз беттерінде жа­рия­ланған. Ал Қарақалпақстанның Қоңы­рат ауданындағы мектепте ұзақ жыл ұстаздық қызмет атқарған ақын Му­сағали Бижановтың жыр кітабын 2019 жылы шығаруға көмектестік. Бала-ша­ғасы өз ақшасына шығартты. Бұлар­дан басқа марқұм боп кеткен қанша адамдардың кітабы шықпай жатыр әлі... Мысалы, кезінде ҚазМУ-дың (қазіргі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ) филология фа­культетін бітірген, ұзақ жылдар бойы Нөкістегі жоғары оқу орындарындағы филология факультетінде дәріс берген Төлеген Айбергенов шығармашылығы бойынша ең алғаш кандидаттық дис­сертация қорғаған ақын, ғалым Рахмет Аяпбергенұлының 3 томдық шығармалар жинағын дайындағаныммен оны қалай шығарарымды білмей отырмын. Бұл бір ғана өзім туып-өскен жерден шыққан қа­ламгерлер жайындағы сөз. Ал күллі қа­заққа келсек ондайлар тіптен көп. «Іздеушісі жоқ сөз – жетім» дейді хал­қы­мыз. Егер белгілі сыншы Зейнолла Серікқа­лиев айналыспаса, 60-жылдардың талантты ақындарының бірі Өмірзақ Қожамұратовтың кітаптары шығар ма еді, сол сияқты марқұм Табылды Досым қолға алмаса тағдыры қиындықта өткен ақын Сағат Әбдуғалиевтің жинағы жа­рық көрер ме еді? Бұндай мысал біздің әде­бие­тімізде көп. Сондықтан тірілердің ал­дындағы парызымызды бір сәт те ұмыт­пай жүрген дұрыс. Қабырғалы елі бар ақындар іздеушісіз қалмауға тиіс. Ұлт­тың ұлылығы да әдебиеті мен мәде­ние­ті үшін тер төгіп өткен перзенттерін ұмытпай, лайықты бағалауында болса керек.