518
Зейнетақы қорына тексеру жүргізіліп жатыр
Зейнетақы қорына тексеру жүргізіліп жатыр
2016 жылғы 21 желтоқсаннан бастап Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қатысуымен «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» акционерлік қоғамының қызметіне тексеру жүргізілуде, деп хабарлады Ұлттық банктің баспасөз қызметі.
Тексеру БЖЗҚ акционерлік қоғамының меншікті активтерді инвестициялауға қатысты жасалған операциялары бойынша жүзеге асырылуда. «БЖЗҚ» АҚ-тың меншікті активтері оның капиталы және шаруашылық қызметінің нәтижелері есебінен қалыптастырылады.
«БЖЗҚ» АҚ меншікті активтерді дербес басқарады. Азаматтардың зейнетақы жинақтары «БЖЗҚ» АҚ-тың балансынан бөлінген және бөлек ескеріледі. Ұлттық Банк зейнетақы жинақтарын инвестициялауды Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын басқару жөніндегі кеңес мақұлдаған 2016 жылға арналған бағыттар бойынша ғана жүзеге асырады.
Бұл ретте 2016 жылы зейнетақы активтерін экономиканың нақты секторының жеке компанияларының қаржы құралдарына инвестициялау көзделмейді. Ұлттық Банк құқық қорғау органдарының іс-әрекеттеріне түсінік беруге құқылы емес.
Ахуалға құқықтық бағалау тексеру аяқталған соң және тиісті процессуалдық шешімдер шығарылғаннан кейін беріледі.
2016 жылғы 11 айдың қорытындысы бойынша зейнетақы активтерінің кірістілігі 8,15%, бұл кезеңдегі инфляция деңгейі 7,5% мөлшерінде болды, бұл зейнетақы жинақтарының инфляциядан толық қорғалуын қамтамасыз етеді. Портфельдің құрылымы, инвестициялық қызметі және кірістілік туралы жан-жақты ақпарат ай сайын «БЖЗҚ» АҚ-тың сайтында (www.enpf.kz) жарияланады.