50192
Алматыда соққыға жығылған қырғыз музыкантын Қазақстанға шақырды
Алматыда соққыға жығылған қырғыз музыкантын Қазақстанға шақырды
Бас прокуратура қырғыз музыканты Викрам Рузахуновтың Қазақстанға келуіне қатысты келіссөз жүргізіп жатыр деп хабарлады turkystan.kz.
Ведомствоның мәліметі бойынша, 2022 жылғы 10 ақпаннан бастап Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің Алматы облысы бойынша департаменті қырғыз джазмені Викрам Рузахуновқа қатысты азаптауды қолдану дерегі бойынша Қылмыстық кодекстің 146-бабы 2-бөлігі 1-тармағы («Адамдар тобы немесе алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған азаптаулар») бойынша соталды тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Тергеу органы Рузахуновты жәбірленуші деп таныды.
«Қазір іс бойынша Алматы қаласы, Алматы облысы Полиция департаменті, ҰҚК ШҚ қызметкерлері мен медицина қызметкерлерінен жауап алынды. Алайда бірқатар себепке байланысты күдіктілерді анықтау әзірге мүмкін емес (бейнежазбалар, келушілер мен жеткізілген адамдарды тіркеу журналдары жоқ, барлық қызметкер бетперде киген, оның ішінде медициналық бетперде кигендер де болған)», – деді Бас прокуратура өкілдері.Облыстық Полиция департаментінен Рузахуновтың оқиғасына қатысы бар барлық қызметкердің суреті талап етілген.
"Рузахунов қажетті тергеу әрекеттерін жүргізу үшін бірнеше рет тергеу органына шақырылды. Қазір қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ете отырып, елге келуі туралы келіссөз жүргізіліп жатыр", – деді Бас прокуратура өкілдері.Қазір соталды тергеу жүріп жатыр. Айта кетейік, қырғыз музыканты 7 қаңтарда Алматыдағы тәртіпсіздік кезінде ұсталды. Кейін оның кешірім сұраған видеосы тарады. Бостандыққа шыққаннан кейін Викрам Рузахунов қысым көріп, соққыға жығылғанын айтты.