50625
Оқу жылының 31 мамырда аяқталуы оқушылар мен педагогтердің жүктемесін азайтады – Әлия Чокушева
Оқу жылының 31 мамырда аяқталуы оқушылар мен педагогтердің жүктемесін азайтады – Әлия Чокушева
Алдағы оқу жылында оқушылардың жазғы демалысы қысқарып, оқу маусымы ұзаруы мүмкін. Бұл туралы Мектепке дейінгі және орта білім беру комитетінің тиісті бұйрығы жарияланған болатын. Осыған орай, Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының вице-президенті Әлия Чокушева пікір білдірді.
Айтуынша, Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы оқу жылының аяқталу мерзімі бойынша халықаралық тәжірибеге талдау жүргізген. Осылайша, білім алушыларды жан-жақты дамытуға бағытталған тиімді білім беру процесін іске асыру тәжірибесі зерделенді.
«Қазақстан - оқу жылы ең қысқа елдердің бірі. Нақтырақ айтқанда, 34 апта. Қазақстан мектептеріндегі оқу күндерінің орташа саны ЭЫДҰ бойынша орташа күнмен салыстырғанда 22-26 күнге аз. Финляндияда оқу жылының ұзақтығы - 38 апта, Сингапурде - 39, Оңтүстік Корея мен Қытайда - 42 апта.
Зерттеу нәтижелеріне сәйкес, Қазақстанда 36 оқу аптасына көшу білім алушылардың және педагогтердің оқу жүктемесін азайтуға, қосымша білім алуға, меңгерген оқу материалдары бойынша білімін бекітуге, педагогтерге кәсіби дамуға көбірек уақыт бөлуге мүмкіндік береді. Осылайша, биыл оқу жылы әдеттегідей 1 қыркүйекте басталып, 31 мамырда аяқталатын болады. Ал оқу жылы аясындағы каникулдар мерзімі өзгеріссіз қалады», – дейді Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының вице-президенті.