268
«Құмкөлде» мүгедекке айналған азамат әділет іздеп әлек
«Құмкөлде» мүгедекке айналған азамат әділет іздеп әлек
Қоғамдық пікір туғызушы ақпарат құралдарына деген халықтың сенімі үлкен. Содан болар, бұқараның бетпе-бет келген мәселесін шешуге үлес қосатын тілші қауымына шағымданатындар көп. Таяуда «Түркістан» газетінің редакциясына Қызылорда қаласынан үшбу хат келді. Бір адамның, тіпті, бір отбасының тағдырын арқалаған хатта баяндалған жайт беймаза күй кештірді. Біз хатта жазылған байланыс нөміріне хабарласып, мән-жайдың анық-қанығына көз жеткізуге тырыстық.
Телефон тұтқасын ер азамат көтерді. Бұл бізге хат жолдаған Әбілмәжит Тайымов екен. Даусы солғын шықты. «Әбдімәжит аға, сізге «Түркістан» газетінен хабарласып тұр едік. Қалыңыз қалай?» деп әңгімеге тартудың жолын іздедік. Біраз үнсіздіктен соң: «Осыдан екі жыл бұрын уайым-қайғысы жоқ адамның бірі едім. Бүгінде көңілі қам жанға айналып шыға келдім. Мына өмірде дене мүшеңнің сау болып, аттай шауып жүрген күндеріңе ештеңе жетпейді екен ғой. Бәрінен де отбасыңа масыл болғаннан ауыр нәрсе жоқ...» деп көңіл түкпіріндегі ойын сыртқа асығыс шығарғысы келді. Бұдан соң ол кісіден болған жайттың жай-жапсарын айтып беруін өтіндік.
«48 жастамын. Қызылорда қаласында тұрамын. «Құмкөл» кен орнында шопыр болып жұмыс істегеніме 20 жылдың жүзі болды. Қызылорда қаласынан солтүстікке қарай 150-170 шақырым қоныс тепкен жерге жұмысшыларды тасимын. Айлығым – 40 мың теңге көлемінде болды. Әйтеуір жоқтан бар жұмыс қой деп, табан аудармай еңбек еттім. Алайда бұл мекемеде жұмыс істейтін соңғы күндерім де келіп жеткен екен», – деп күрсінген Әбілмәжит демін терең алып, әңгімесін әрі қарай жалғай түсті. «2014 жылдың 24 тамызы күні апатқа ұшырадым. Жұмыс біткен уақыт. Темекі тартатын орынға шығып, енді шылымды тұтата бергенім сол еді, дәнекерлеуші жігіт жаныма жетіп келді. Ол өзін Алмас атты учаске бастығының УАЗ көлігін жамайтын темірге жұмсағанын айтты. Содан әлгі жігіт темірді Қызылордадан алдыртудың орнына кәдімгі 200 литрлік бөшкені кеспекші болды. Оған жандәрмен «Басыңа бәле тілеп қайтесің. Әрі мынау кесейін деп жатқан бөшкенің темірі жарай ма, білмейсің ғой» деп ақылымды айтуға тырысып ем, бұл ойымнан түк шықпады. Қолын бір сермеп, «Болгарка» құралына ұмтылған дәнекерлеуші бөшкені кесе бергені сол-ақ екен, қысымнан жарылды. Есімді жиып, көзімді ашсам он метрдей жерге ұшып кетіппін. Тұрайын десем, аяқта күш жоқ. Қайта тырмыссам, сұлық құлаймын. Содан не керек, кешкі сағат 8-де аурухананың реанимация бөлімінен бір-ақ шықтым. Реанимацияда ес-түссіз он алты күн жатыппын. Бөшке жарылған сәтте қолымды тіреп құладым ба, білмеймін, екі қолымның бірі шығып, бірі сыныпты. Ал сол аяғым мүлдем жарамсыз болған соң, есімді жиғаннан кейінгі үшінші күні ота жасап, кесіп тастады. Қазір оң аяғым да қайта-қайта іріңдеп, солқылдап ауырады. Оның өзіне қаншама ота жасалды. Тоғыз ай ауруханада домалап жатып, небір қиындықты бастан кештім...», – дейді ол.
Әбілмәжиттің даусы дірілдеп кетті. «Алланың жазуы солай шығар. Десе де, отағасы ретінде мынандай жағдайға тап болғаныма сене алар емеспін. Кейде «мен неге жатырмын осы?» деп орнымнан атып тұрғым келеді. Алдымда атқаратын шаруа көп еді. Әлі басым жерге тиіп тұрған жоқ. Отбасын асыраушы ретінде аяғымнан тік тұрып кеткен күнді аңсаймын...», – деді ол пәс көңілмен.
Бұл оқиға жұмыс орнында орын алғандықтан бәріне жұмыс беруші мекеме жауапты болатыны түсінікті. Осы тұрғыда «Құмкөл» кен орны мекемесі өз тарапынан зардап шегуші Тайымовқа қандай көмек ұсынды? Ер азаматтың басына күн туғанда жанынан табылатын жары емес пе? Бұдан соң әңгімеге төтенше оқиғаға байланысты мамандардан жан-жақты кеңес алып, қайда барып, қандай құжат жинау керектігін бір кісідей меңгерген Шолпан Амангелдіқызы араласып, зардап шеккен күйеуінің денсаулығы жайында пікірін білдірді.
«Міне, екі жыл бойы ауруханадан көз ашпай келеміз. Сол аяғын басында-ақ тізеден төмен кесіп тастады. Оң аяққа төрт-бес рет ота жасап, темір салса да, іріңдей береді. Тіпті, балдақпен жүрудің өзі мұң. Ал сынған қолы қисық бітіп, икемге келмей қалды. Ер азаматтың осылайша морт сынуы жаман екен. Таңнан кешке дейін өзін кінәлі жандай сезінеді... Бұл оқиға жұмыста болды. Бұған жұмыс беруші мекеме жауапты. Әрі олар Әбілмәжит аяқтан тік тұрып кеткенге дейін қаржылық қолдау көрсетуі керек. Алғаш реанимацияға түскен кезде «Құмкөл» мекемесінің жауапты басшылары «сауығып кетсін» айтып келді. Қолымызда ешқандай ақша жоқ. Мекемеге барып, 100 мың теңге сұрадым. Әлгі дәнекерлеуші жігіттің жуастығын пайдаланып, ауруханадан шыға сала жұмыстан да босатыпты. Бұлар менен де тартыншақтағысы келсе де, жол бермедік. Реанимациядан шыққанша Алматыдан дәрісін алдыртып, қарасып жүрді. Сөйтіп ауруханадан үйге келгенде ұжымынан адамдар екі рет келді, болды. Содан бері ешкім ат ізін салмады. Бірақ заңнамалық құжаттарды тез арада меңгеріп алуымның арқасында сақтандыру бойынша 3,5 млн теңге өндіріп алдық. Ақшаның есебі бар ма?! Шошынып қалған күйеуім түнімен айқайлап шығатынды шығарды. Дәрігердің көмегінен басқа, қазақы емге де көп жүгіндік. Оның бәрі ақша. 3,5 млн теңге тоғыз ай ауруханада жатқан адамға не болады? Әу баста мекеме басшысы аяғынан тік тұрып кеткенше айлық төлейміз деп уәде берген болатын. Бірақ оны өмір бойы төлей ме, уақытша ма, растайтын қолхат та бермеді».
Бүгінде Әбілмәжит Тайымовтың отбасы сақтандыру ақшасынан бөлек, материалдық-моральдық шығын өндіру мәселесін шешкісі келеді. Заң тұрғысынан алып қарағанда, жұмыс беруші мекеме бұл шығынды да өтеуі керек. Алайда «Құмкөл» мекемесі мұны қаперге алар емес. Асыраушысы мүгедек болып қалған отбасы аппеляциялық, кассациялық соттық деңгейден өтіп, ҚР Жоғарғы Сотына да шағым түсірген. Әзірге жауап келсе де, Қызылорда қалалық соты іске қайта мойын бұрмай отырған көрінеді. Бұл тұрғыда зардап шегушінің әйелі Шолпан Амангелдіқызы: «Бірінші топ мүгедектік алу үшін үшінші жыл комиссиядан өтеміз. Материалдық-моралдық шығын сұрағанымызда небәрі 500 мың теңге береміз деген болатын. Алайда әлі талай аурухана кереуетіне таңылатынын ескерсек, бұл ақша ештеңеге жетпейді. Менің арманым – азаматымның аяғына протез салып, тік тұрып кетуі. Әрине, жұмыс беруші мекеме қолдан келгенше көмектесіп жатыр. Бірақ жүріп кеткенше көмек қолын созыңыздаршы деген едім, мекеме бастығы Тілеубаев Ниязбек: «Қайда барсаң онда бар. Республикалық прокуратуруда балам істейді. Керек десеңіз, «100 пайыз мекеме кінәлі» деген қағазды да құрта аламын, маған не істей аласыңдар», – деп қоқан-лоққы көрсетті. Алайда мұнымен тоқтап қалмаймыз. Әлі де шағымданамын. Егер азаматымның аяқ-қолы сау болса, бұл ақшаны өзі де табар еді. Амал нешік? Қазір күйеуім де, оған күтім жасаушы мен де жұмыссыз қалдық. Жұмыс беруші мекеме тым болмаса, ел қатарына қосылып кеткенше қарауыл ретінде жұмысқа орналастыруға міндетті. Мұндай жауапкершіліктен де бас тартып отыр», – дейді ол.
Қазақстан Республикасының Еңбек Кодексінде еңбек қауіпсіздігі жайында нақты көрсетілген. Мәселен, 1-бапта «Еңбек қауіпсіздігі – еңбек қызметі процесінде жұмыскерлерге зиянды және (немесе) қауіпті өндірістік факторлардың әсерін болғызбайтын іс-шаралар кешенімен қамтамасыз етілген, жұмыскерлердің қорғалуының жай-күйі; еңбек қауіпсіздігі жағдайлары – жұмыскер еңбек міндеттерін орындаған кезде еңбек процесі мен өндірістік ортаның еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау талаптарына сәйкестігі; еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мониторингі – өндірістегі еңбек қауіпсіздігінің және еңбекті қорғаудың жай-күйін қадағалау жүйесі, сондай-ақ еңбек қауіпсіздігінің және еңбекті қорғаудың жай-күйін бағалау мен болжау; еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы нормативтер – эргономикалық, санитариялық-эпидемиологиялық, психофизиологиялық және еңбектің қалыпты және қауіпсіз жағдайларын қамтамасыз ететін өзге де талаптар; еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиға – өзінің еңбек (қызметтік) міндеттерін немесе жұмыс берушінің тапсырмаларын орындауы кезінде жұмыскердің өндірістік жарақаттануы, денсаулығының кенеттен нашарлауы немесе улануы салдарынан оның еңбекке қабілеттілігінен уақытша немесе тұрақты айырылуына не қайтыс болуына әкеп соқтырған зиянды және (немесе) қауіпті өндірістік фактордың жұмыскерге әсер етуі; еңбек міндеттері – жұмыскер мен жұмыс берушінің Қазақстан Республикасының нормативтік-құқықтық актілерінде, жұмыс берушінің актісінде, еңбек, ұжымдық шарттарда келісілген міндеттемелері; еңбек өтілі – жұмыскер еңбек міндеттерін орындауға жұмсаған, күнтізбемен есептелген уақыт, сондай-ақ осы Кодекске сәйкес еңбек өтіліне кіретін өзге де кезеңдер» деп белгіленген.
Дегенмен, жұмыс беруші мекеме бұл міндеттер мен талаптарды біле тұра, жауапкершіліктен бас тартатын жағдайлар көп. Неге? Қоғамда ең маңызды фактор – адам ресурсы емес пе? Ал еңбек иесінің жұмыс орнында жазатайым оқиғаға тап болуына кім кінәлі? Әлбетте, мұны кейбір мекемелер білсе де, білмегенситіні жасырын емес. Ал біздегі тілек – жұмыс барысында аяғынан айрылған Әбілмәжит Тайымовтың аяғынан тұрып кетуі.