Иранмен қарым-қатынас санкциялар кезінде де үзілген жоқ

Ақордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Иран Ислам Республикасы Президенті Хасан Руxаниды қабылдап, кеңейтілген кездесу өткізді.

«Иран – Қазақстанның Тәуелсіздігін алғашқы болып таныған елдердің бірі. Қазақстан үшін мұсылман әлеміндегі ең маңызды әріптес және Каспий жағалауындағы тату көрші. Біз сіздерді дос деп санаймыз. Сіздің кейінгі кездегі ядролық мәселені шешуге сіңірген зор еңбегіңізді Қазақстан халқы өте жоғары бағалайды. Бұл мәселе жөнінде көп еңбек сіңірдіңіз. Дүниежүзінде сіздің бұл жұмысыңыз жоғары баға алды. Міне сізді осы жеңісіңізбен шын жүректен құттықтаймын», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Президент Иран мемлекетінен санкциялар алынғалы толағай табыстарға жеткенін, сондай-ақ Қазақстан үшін әріптестіктің нығаюына септігі тигенін атап өтті.

«Ядролық бағдарламаға қатысты санкциялар алынғалы бір жыл уақыт өтті. Осы аз ғана уақыттың ішінде Иран өз экономикасын жүйелі дамытып, көп табыстарға жеткенін байқап отырмыз. Бұл Иран мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынасқа зор ықпал етті. Біз үшін Иранның жүргізіп отырған саясаты бүкіл Каспий төңірегіндегі елдерге үлкен пайдасын тигізеді деп ойлаймын. Биылғы жылы сәуір айында Тегеранға сапар жасаған болатынмын. Енді, міне Иран Президентінің біздің елімізге келуі қос мемлекет үшін пайдалы болып отыр», – деп толықтырды Мемлекет басшысы.

Н.Назарбаев Иран еліне сапардан кейін жалпы сомасы 1 млрд доллардан асатын коммерциялық келісімге қол қойылғанын атап өтті.

«Ол жұмыстың барлығы қазір жүріп жатыр. Кейбіреуі ойдағыдай іске асырылуда. Қуантарлық жайт. Бірақ, әлі де күш салуымыз керек. Алдымызда үлкен шаруалар бар. Сапарыңыз оң болсын деп тілеймін. Сіздің Қазақстанға сапараңызда алға қойған барлық мәселелені шешуге біз дайынбыз», – деп түйіндеді Президент.

Айта кетейік, құрметті мейманды бүгін әуежайдан Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек күтіп алған еді.

Елбасы Иранмен санкциялар кезінде қарым-қатынастың үзілмегенін айтты.

«Ең алдымен Иран мемлекетінің басшысы, қадірменді Хасан Рухани мырзаға делегацияны басқарып, Қазақстанға қош келдіңіз деймін. Бұл Иран басшысының Қазақстанға екінші рет келуі. Мен биылғы сәуір айында ресми сапар жасадым. Сол кезде біз кездесіп, көп мәселені шештік. Бүгінгі жүздесу сол кездесудің жалғасы және екі елдің арасындағы қарым-қатынасты одан әрі жоғары сапаға көтерді деп санаймыз. Иран мұсылман елдері арасында Қазақстанның тәуелсіздігін қолдаған ең алғашқы елдердің бірі. Қазақстан 1991 жылдың 16 желтоқсанында Тәуелсіздігін жарияласа, 1992 жылдың 29 қаңтарында екі елдің арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас орнады. Оған да мінекей 25 жыл болады. Бұл екі мемлекет арасындағы достық қатынастың жарқын көрінісі», – деді Елбасы.

Нұрсұлтан Назарбаев осы ширек ғасыр ішінде мемлекеттер арасындағы қарым-қатынас өте қарқынды дамығанын атап өтті. Ынтымақтастықтың барлық бағыты бойынша жұмыс істелген.

«Тегеран Қазақстанның сыртқы істер саяси бастамаларының барлығына қолдау көрсетіп келеді. Біз ешқашан, тіпті Иран төңірегінде санкциялар болып жатқан кезде де байланысымызды үзген жоқпыз. Ядролық бағдарламаға қатысты келіссөздердің екі кезеңін Алматыда өткізіп, қолымыздан келгенше көмегімізді бердік», – деп толықтырды Президент.

Елбасы сондай-ақ Қазақстан мен Иран көлік әлеуетін бірлесе пайдалануы қажет екенінін айтты.

«Рухани мырзамен бірге бүгін екіжақты қарым-қатынасты тереңдету жолдарын талқыладық. Қазақ-иран диалогы аясында қарым-қатынасымыз кеңейіп, жүйелі түрге түсіп келе жатыр. Басты мақсатымыз – екі халықтың достық қарым-қатынасын одан ары нығайту. Келіссөздер барысында сауда-экономика, инвестиция, әріптестікті нығайту жолдарына баса назар аудардық. Өздеріңіз білетін Қазақстан-Түрікменстан-Иран темір жолы өңірдегі тиімді көлік коммуникациясы болып саналады. Тек қана Қазақстаннан Иранға емес, Парсы шығанағына шығып, сол өңірдегі мемлекеттермен экономикалық қарым-қатынас жасауға мүмкіншілік береді. Иран аумағында астық және контейнер терминалдарын бірлесіп салу жұмыстары қолға алынып жатыр», – дейді Н.Назарбаев.

 

 

Back to top button