238
Алматы облысында бюджет қаржысын жымқырғандар анықталды
Алматы облысында бюджет қаржысын жымқырғандар анықталды
Алматы облысы Балқаш ауданының прокуратурасы «Жұмыспен қамту картасы - 2020» бағдарламасының орындалуын тексеріп, бюджет қаражатын жымқыру фактілерін анықтады.
Атап айтқанда, әлеуметтік жұмыс орындарына жұмысқа қабылдау бойынша жалған фактілер келтіріліп, бірқатар олқылықтарға жол берілген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап. «Мәселен, тексеру барысында «Тезекбай» шаруа қожалығына жұмысқа қабылданған Н.Шағылбаев, С.Құсайынов және А.Кемал өздерінің 20 000 теңге жалақы алып жүргендерін көрсеткен. Ал Жұмыспен қамту орталығы мен шаруа қожалығының арасындағы келісімшарт бойынша жалақы мөлшері 54 000 теңгені құраған. Сондай-ақ, «Айша» шаруа қожалығында құжат жүзінде 3 азамат жұмыспен қамтылғаны көрсетілгенімен, шындығында онда ешкімнің де жұмыс атқармағаны анықталды», - делінген баспасөз баянында. Осы фактілер бойынша прокурорлар аудан әкімдігіне Жұмыспен қамту орталығы мен шаруа қожалықтары арасындағы еңбек шарттарын бұзу туралы ұсыныс енгізді. Бұдан бөлек, жұмыс берушілерге төленген субсидияларды мемлекет пайдасына қайтару талап етіліп, заң бұзушылықты жою мәселесі де қаралатын болады. Сонымен қатар, тексеру барысында анықталған фактілер бойынша шешім қабылдау үшін іс материалдары экономикалық тергеу қызметіне жіберілді.