50546
Киіктер популяциясының 95%-ы Қазақстанда шоғырланған – Нұрлан Қылышбаев
Киіктер популяциясының 95%-ы Қазақстанда шоғырланған – Нұрлан Қылышбаев
Бүгін Нұр-Сұлтан қаласында «Киіктер популяциясының санын басқару» тақырыбында дөңгелек үстел өтті деп хабарлады turkystan.kz.
Аталған шараға эколог, зоолог, ауыл шаруашылығымен айналысатын шаруалар және қоғам белсенділері қатысты. Жиын барысында киіктер санының күрт өсіп, БҚО, Қостанай, Қарағанды және Ақмола облысындағы шаруаларға қолайсыздық тудырып отырғаны айтылды.«Зоология институты 2022 жылға арналған киік санын реттеудің биологиялық негіздемесін ұсынды. Ғылыми қорытындыға сәйкес, киіктің орал популяциясы санының күрт өскені байқалады. Нәтижесінде ауыл шаруашалығы дақылдарының егістік алқаптарына кіруіне байланысты олардың артық басын реттеу қажеттігі туындап отыр. Мұндай жайттың бетпақ дала популяциясында да байқалатындығын атап өткен жөн», – деді Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы Нұрлан Қылышбаев.Комитет төрағасының айтуынша, киік - ол ұлтымыздың бренді. Әлемдегі киіктер популяциясының 95%-ы біздің елімізде шоғырланған. Оны ретті басқару - алдымызда тұрған басты міндет. Ал биологиялық негіздемеге сәйкес, биыл реттелуі тиіс киіктің орал популяциясының басы оның жалпы санының 10 пайызына тең. Аталған жануардың 5 пайызы аталық киік болса, 47,5 пайызын ұрғашы және 47,5 пайызын биылғы төлі құрайды. «Қостанай мен Ақмола облыстарының аумағындағы бетпақ дала популяциясы үшін 2022 жылы есепке алынған санның 2,5 пайызын аулау ұсынылып отыр. Киік санын биологиялық, сонымен қатар экономикалық тұрғыда реттеудің оңтайлы мерзімі 15 қыркүйектен бастап 30 қараша аралығына дейін», – деді ол.