Ақтөбеде жергілікті бюджет есебінен 87 білім гранты бөлінеді

Ақтөбеде жергілікті бюджет есебінен 87 білім гранты бөлінеді

Ақтөбеде жергілікті бюджет есебінен 87 білім гранты бөлінеді
ашық дереккөзі
Ақтөбеде биыл 87 білім гранты бөлінеді. Кадр тапшылығы сезілетін салаларға басымдық берілмек деп хабарлады turkystan.kz   Білім гранттарын бөлу жөніндегі комиссия отырысына облыс әкімі Оңдасын Оразалин, мемлекеттік органдардың басшылары қатысты. Биыл жергілікті бюджет есебінен барлығы 87 білім гранты бөлінеді.
«Облыста 210 мұғалім жетіспейді. Осыған орай, математика, физика, химия, ағылшын және орыс тілі пәні мұғалімдерін даярлауға 35 грант бөлу туралы шешім қабылданды. Тағы 20 грант дәрігерлерді оқытуға бөлінеді. Сондай-ақ облыстық бюджет есебінен құрылыс, энергетика, ауыл шаруашылығы және т.б сала мамандары оқытылады. Мамандықтар тізімі облыстық білім басқармасының әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларында жарияланады. Байқауға қатысу үшін құжаттарды қабылдау 15 тамызға дейін жалғасады», – деді облыстық білім басқармасының басшысы Жолдас Батырхан.
Облыс әкімі қолға диплом алған кезде қойылатын талапты жан-жақты түсіндіруге тапсырма берді.
 «Жоғары оқу орнын бітірген әрбір маман облыстағы кадр тапшылығы бар кез келген елді мекенге барып, кемінде 5 жыл келісімшартпен жұмыс істеуге міндетті. Сол себепті ақша бөліп, сұранысқа ие мамандықтарға оқытып жатырмыз», – деді облыс әкімі Оңдасын Оразалин.
Ақтөбеде облыстық бюджет есебінен білім гранттарын тағайындау байқауы алғаш рет 2018 жылы өтті. Қазір 15 жоғары оқу орнында 251 студент білім алып жүр. 2021 жылы 17 ақтөбелік резидентураны аяқтаса, биыл 25 бакалавр және 21 резидент бітіреді. Облыстық білім басқармасының хабарлауынша, биыл доплом алған 46 жас маманның жұмыс орны анықталды.

Құралай Бабажанова

Ақтөбе қаласындағы 78 жалпы орта білім беретін гимназияның 11 «А» сынып оқушысы