50302
Базалық зейнетақыны өсіру жоспарланып отыр – министр
Базалық зейнетақыны өсіру жоспарланып отыр – министр
Қазақстанда базалық зейнетақы мөлшерін ұлғайту жоспарланып отыр. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова мәлімдеді деп хабарлады turkystan.kz.
Министрдің айтуынша, қазір зейнетке шығып жатқандардың зейнетақысы бұрын шыққан зейнеткерлермен салыстырғанда төмен, себебі еңбек өтілі аз.
«Сондықтан бірінші мәселе – базалық зейнетақының параметрлерін өзгерту, яғни оны көбейту. Екінші – ынтымақты зейнетақы мәселесін көтеру, оның да параметрлерін қарастыру. Біз барлық есебімізді жұмыс тобына өткіздік, енді екінші кезеңге шығып жатырмыз», – деді министр.Айтуынша, Еңбек министрлігі жыл сайынғы бюджеттің 25%-ін төлемдерге жұмсайды. Мәселен, биыл ведомствоға 4 триллион теңге бөлінсе, келесі жылы 4,5 триллион теңгеден асады.
«Біздің барлық есеп-қисабымыз Қаржы министрлігі, ұлттық Экономика министрлігінің тиісті департаменттерінде қаралып, тексеріледі. Қазір бірінші кезеңді аяқтадық. Енді екінші кезеңде Қаржы және ұлттық Экономика министрлері деңгейінде қарастырамыз. Одан кейін республикалық бюджеттік комиссияға шығамыз», - деді Дүйсенова.Сондай-ақ министр зейнетақы аннуитеті арқылы зейнетке ерте шығу жүйесін жетілдіру мәселесі де талқыланатынын атап өтті.