Жексенбі, 26 Наурыз, 2023

Испанияның «Гранада» командасында ойнайтын қазақ

Жыл басында футболдан Қазақстан жастар құрамасының 19 жастағы қор­ғаушысы Асқар Сатышев испандық «Гра­нада» командасына ауысқаны туралы жазған болатынбыз. Таразда туып-өскен ол Шым­кент­тегі «Оңтүстік» академиясында жаттығып жүргенде испандық бапкердің көзіне түсіп, оның көмегімен Испанияға барып, әлеуетін танытуға мүмкіндік алған еді. Таразда еңбек демалысында жүрген Асқарға хабарласып, ал­дағы жоспары мен Испанияда жиған тә­жірибесі туралы сұраған едік.

– «Оңтүстік» академиясының түлегі бол­ғандықтан сізді көпшілік доп тебуді Шымкентте үйренді деп ойласа керек.
– Мен – Тараз қаласының перзентімін. Бала күнімнен футболға әуес болдым. Алғаш­қы бапкерім Бекмұрат Маратұлы аулада доп теуіп жүргенімді көріп, Тараз футбол орта­лы­ғында бірге жаттығуға шақырды. 11 жасқа дейін сол орталықта жаттықтым. Бірде коман­да­мен бірге Шымкенттегі «Оңтүстік» акаде­мия­сының алаңында өткен жолдастық кезде­суге қатыстық. Академияның жаңадан ашы­лып, жас ойыншыларды іріктеп жатқан кезі. Ака­демия бапкерлері көп команданы өз алаңында ойнатып, содан соң ойын бары­сында көзге түскен футболшыларға сонда қа­лып, жаттығуға ұсыныс жасайды. Әлгі жолдастық кездесуден соң бапкерім мені мен бір баланы академияға қабылдауға ұсыныс ке­ліп түскенін айтты. Отбасыммен ақылдасып, «Оңтүстік» академиясының тәрбиеленушілері қатарына қосылдым. Академияның басты мақ­саты – жергілікті жас ойыншылардың қа­­білетін ұштап, Еуропаға жіберу. Сондықтан басшылық мықты мамандардың көмегіне жү­гініп, шетелден бапкерлерді шақыртады. Жас категориясы бойынша бөлінген коман­да­ларды Испаниядан арнайы келген бапкер­лер мен олардың көмекшілері – қазақстандық мамандар жаттықтырды. Білуімше, ол кезде испандықтар Қазақстан бойынша тек біздің ака­демияда ғана жұмыс істеді-ау дейімн. Біз­дің командаға Жасинт Магрина жауапты бол­ды.
Испанияның «Гранада» командасында ойнайтын қазақ– Испандық «Гранада» клубының екін­ші командасымен келісімшарт жа­сасуыңызға сол Жасинт Магрина себепші бол­ған екен. Команданың ішінен нелік­тен дәл сізді таңдады деп ойлайсыз?
– Жасинт академия ашылған күннен бас­тап бізге бас-көз болды. Есептеп қарасам, оны­­­мен бес жыл уақыт бірге жұмыс істеппін. Бес жыл аз уақыт емес. Осы бес жыл ішінде ол ме­ні жақсы танып-білді. Академияда бізді жат­тықтырып жүргенде «Жақсы ойнаңдар. Ис­панияға кетіп қалсам, сендерді алдырып ала­мын. Сол жақта ешкімнен кем түс­пей­тіндеріңді дәлелдейсіңдер» деп үнемі айтатын. Бірақ біз бұған әзіл ретінде қарап, аса мән бер­мей ойынды жалғастыра бе­ре­тінбіз. Өзі жаттықтырған 5-6 баланың ішінен таңдауы не­ліктен маған түскенін біл­­меймін. Былтыр «Дұры­сы, үйге қайтқаным жөн» деп, Таразға қайтып, онда Бі­­рін­ші лигада ойнайтын «Та­раз-Қаратау» командасына қа­был­дандым. Мен Таразға қайтқан кез­де Жасинт те Испанияға оралды. Еліне кетсе де ол «Испандықтар кез келген уақытта хабарласуы мүмкін. Дайын жүріңдер. Мүм­кіндік болып жатса, сендерді басқа клуб­тарға да ұсынамын» деп айтып жүретін. Бір күні Жасинттің аудармашысы болған Мұ­за­фар хабарласып: «Жасинт саған Испа­ния­да ой­науға мүмкіндік туып тұрғанын айтты»,– деп бір қуантып қойды. Содан соң Жасинт өзі байланысқа шығып: «Сені «Гранада» клубына ұсындым. Келіп көр. Әлеуетіңді байқап көрген соң жауабын бірден айтады», – деді. Мұны естіген кезде ата-анамның қуанышында шек бол­ған жоқ. Сөйтіп, құжаттар реттелген соң Испанияға жол тарттым. Жасинт әуежайдан өзі күтіп алып, «Гранаданың» спорттық база­сында болған алғашқы 2-3 күнде қасымнан табылып, қолдау білдірді. Сосын ондағы бап­керлер «Жетер. Енді баланың өзін көрейік. Же­ке жүрсін» деген соң өз-өзімді көрсетер уа­қыт келгенін түсіндім. Бір апта бойы жат­тыққан соң бапкерлер: «Тағы бір аптаға қал. Байқап көрейік», – деді. Екінші ап­та­да көзге түсіп, жақсы нәтиже көр­сет­кен соң «Сенімен бес айға келі­сім­шарт жа­­сасамыз» деп айт­қанда қуанға­ным­ды сөзбен ай­тып жеткізе алмаймын. Мұны ести сала ақ­жолтай жаңа­лы­ғым­ды от­ба­сыма жет­кізуге асық­қаным есім­де. Айтпақшы, көбісі «Неге бес ай?» де­ген сұрақты жиі қояды. Олар Қазақстанды фут­болы аса қатты дами қой­маған ел деп та­ниды. «Көрейік. Еуропадағы адап­тациядан қалай өтесің? Бес айда өсесің бе әлде керісінше бола ма? Тілді қалай мең­гересің? Осының бар­л­ығын ескереміз» деген­дей нюанстарды тізіп шықты.
Испанияның «Гранада» командасында ойнайтын қазақ– Жаңа командаға ауысқан ойыншы­лар­дың бөтен ортаға сіңуі, ойын жүйе­сіне үйренісуі көп уақыт алатынын біле­міз. Сізде адаптация қалай өтті?
– Ең бірінші жаттығуға келген кезде бап­кер­лер «Орысша сөйлей аласың ба?» деп сұра­ды. Содан соң әкесі – вьетнамдық, анасы – қы­тай­лық, бірақ өзі Мәскеуде туған, орыс тілін же­­тік білетін бір футболшымен таныстырды. Екеуі­міз жақын араласып, ақырында дос болып кеттік. Оның маған көмегі көп тиді. Ол ар­қылы бапкерлер және ойыншылармен тілдестім. Бір сөзбен айтқанда, ол менің аудар­машым болды (күліп). Десе де мен испан тіліндегі футбол терминдерін бұрыннан жат­тап жүрген едім. Шет тілін білмеу жаттығуыңа еш кедергі келтірмейді екен, соны түсіндім. Кейде әлгі досым базада бір аптадай болмай қалады. Ондай кезде бапкерлерге жауап қата ал­масам да, олардың айтқанын екі етпей орын­дап, барынша жоғары нәтиже көрсетуге тырысып бақтым. Тек алғашқы аптада ондағы ойын қарқынына ілесу қиынға түскені бол­ма­са, жаттығу кезінде айтарлықтай кедергілер бол­ған жоқ. Мен Гранада U-19 командасымен келісімшарт жасастым, десе де «Гранада-Б» клу­бындағы ойыншылармен бірге жаттықтым. «Гранаданың» бірінші командасы мен екінші командасы бір базада жаттығатындықтан, бұл жаттығулардың маған берері көп болды.
Испанияның «Гранада» командасында ойнайтын қазақ– Осы ретте сұрағымыз келетіні: Фут­бо­лы әлдеқашан көш ілгері кеткен Пире­ней түбегіндегі елдің ойын жүйесіндегі басты ерекшелік деп нені айтар едіңіз?
– Салыстырмалы түрде қарасам, барлығы ойын­шының өзіне байланысты екен. Біздің жігіттерді Испанияға апарып, бір-екі апта бойы жаттықтырса, кез келген стильді «иіріп» әке­тетіне бек сенімдімін. Дейтұрғанмен фут­бол десе ішер асын жерге қоятын испан­дық­тардың деңгейі бірден байқалып-ақ тұрады. Оларда команда көп, тиісінше ойын көп өт­кі­зіледі. Содан соң бәсеке көрігі қыза түсе­тіні айтпаса да түсінікті. Дегенмен олар жасайтын жаттығуды бізде де жасайды, олар қолданатын тактика бізде де бар. Аса қатты айырмашылық жоқ. Қазақстандағы бапкерлерім де «Жүйесі қан­дай? Қалай дайындаласыңдар?», – деп сұрайды. Оларға «Бізден асып түсетін дәнеңе жоқ. Тура біздегідей жүйе»,– дедім. Спорт тілі­мен айтқанда, олар бізден «футболды мен­та­ли­тет» жағынан ғана артық. Біздегілер жас­тайы­нан бокс, күреске қызықса, олар футбол­ға қатты қызығады. Қай жаққа қарасаң да, бар­лығы доп теуіп жүреді. Бір байқағаным, ол жер­де ақша табудың ең оңай жолы – фут­бол­шы болу. Олар жеке кәсіп ашып, табысқа ке­нел­геннен гөрі, футбол әлеміне аяқ басып, мол қаражат тапқанды жөн көреді. «Біздің елде мынадай. Испанияда басқаша» деп айта ал­май­мын. Жоғарыда айтып өт­кен­дей, барлығы фут­бол­шының дайындығына бай­ланысты. Жаңа ортаға түс­кен соң, еш саспай, құд­ды бір өз еліңдегі бұрынғы команда сапында ой­нап жүргендей өнеріңді ортаға салсаң, еш­кімнен кем түспейсің. Бір қызығы, маған ке­зік­кен испандықтардың көбі қазақтардың түр-әлпеті қандай болатынын білмейді екен. Ал­ғашында «Қытайдан келдің бе? Жоқ әлде жа­­пондықсың ба?» деп сұрайтын. Тіпті, кей­бірі Қазақстан туралы ештеңе біл­мейді екен. Қай­тар кезде уругвайлық коман­даласым «Есі­ме түсті. GGG сол елден ғой» дегенде «Ара­мыз­да білетін біреу бар екен-ау» деп қалай қуан­ға­­нымды білсеңіз ғой. Бірақ дүкен­дерге кір­генде Қазақстаннан екенімді сұрап білген Пә­­кістан, Марокко азаматтары біз туралы бар біл­генін бөлісіп, ел туралы жағымды пікір­лер ай­тып, төбеңді көкке бір көтеріп тастайды. Ал біз­дің елді білмейтіндерге интер­неттен Алма­ты мен елорданың көрікті жерлерін көрсетіп, олар­ды таң-тамаша еттім. «Қандай тағам жей­сіңдер сонда? Ұлттық тағамдарың бар шы­­ғар», – деп сұрағанда «жылқы еті» десем, көзі шарасынан шы­ғып, бадырайып «Оның етін қалай жей­сің­дер? Біз жылқыны мінеміз», – дейді. «Біз ша­ба­мыз да, жейміз де», – дедім (күліп). Сосын олар «Бір барғанда қазы алып келші. Дәмін көрейік», – дейді. Бұйырса, ұлт­тық тағамдарды апарып, дәм татқызармын.
Испанияның «Гранада» командасында ойнайтын қазақ– Сұхбат алуға хабарласқанымда келі­сім­шарт мерзімі 30 маусым күні бітетінін ай­тып қалдыңыз. Бірақ сіз жыл басында «Гра­надаға» ауысты деп жазғанымызда, ке­лісімшартты екі жылға ұзарту мүм­кін­дігі бар екені есімде қалып қойыпты.
– Егер барлығы жақсы болса, олардың т­а­лабына сәйкес келсем, екі жылға жал­ғаса­тыны жазылған, айлығы, шарты, бәрі-бәрі көрсетілген келісімшарт қолымда. Ал әуелде жасасқан келісімшарттың мерзімі 30 маусым күні бітеді. Клубтың спорт директорымен сөй­лескенде «Егер «Гранаданың» бірінші ко­ман­дасы Испанияның премьер лигасында қалатын болса, сен 80 пайыз біздің клубта қалып тұрсың. Ал егер олар «ұшып» кететін болса, бапкер де, басшы да, спорт дирек­торы да, барлығы ауысады. Жаңадан сай­ланған мамандар ойыншыны өздері таң­дап алады» деген еді. Өкініштісі сол, бірінші командамыз биыл премьер лигадан қалыс қалып, келесі маусымда екінші дивизион са­налатын Сегун­дада ойнайтын болады. Спорт ди­ректоры айтқандай, жаңа басшылар бар­лығын басынан бастап, жаңа құрама жа­сақ­тағалы жатыр екен. Мені танитын маман­дар­дың түгелі ауысып кетіпті. Жасинтке хабар­лас­сам, «Өзіміз де білмей отырмыз. Нақты сөй­лесетін адам жоқ әлі»,– дейді. Бірақ ол ал­дағы 10-15 күн ішінде нақты жауабын айту керек екенін жеткізді. Қазір олардың жауабын күтіп отырмын. Тараздамын.
Испанияның «Гранада» командасында ойнайтын қазақ– Бес ай бойы жақсы қырынан та­ныл­саңыз, жаңа құрамаға шақырылатын­дар­дың тізімінде алдыңғы орында тұрған бо­ларсыз…
– Солай деп үміттенемін. Жаңа бапкерлер мені лайық деп таныса керемет болар еді. Бірақ «керемет» деп мұнымен тоқтап қалуға бол­майды. Менің жасым 19-да. Бұл – тек бас­та­масы. Уақытымды зая кетірмей, одан да үлкен белестерге жетуді көздеймін. Біздің спортшылардың бір кемшін тұсы – ел таң­ғалатын жетістікке жетсе болғаны, масайып, алға қарай ілгерілегісі келмей, бір орында тұралап қалады. Мен «Гранадада» әлі ресми түр­де кездесуге қатыспадым. Екі рет жолдас­тық кездесуде алаңға шықтым. Бес ай бойы жат­тықтым. Бірақ олардың талабына сай болуым керек, испан тілін үйренуім қажет. Қа­­зір курсқа қатысып, тілдік қорымды байы­туға бар күш-жігерімді салып жатырмын. Испанияда футбол маусымы аяқ­тал­ған­дықтан, қазір барлығымыз еңбек дема­лысындамыз. Демалыста болсақ та, «Гранададағы» физика­лық дайындыққа жауапты бапкерім «Былай істеңдер. Күні­ге осыны істеңдер. Үйде жатпаң­дар», – деп WhatsApp арқылы тапсырма береді. Екі ел арасындағы төрт сағат уақыт айырма­шы­лы­ғы­на қарамастан, бапкер жасаған график бойын­ша жаттығып жүрмін. Қазір бас­ты мақсат – «Гранадада» қалу. Бар ойым сол. Со­сын карьерамды ары қарай Еуропада жалғас­тыр­ғым келеді. Маған дейін Испанияда жат­тық­қан қазақтар болды ма, жоқ па, білмедім. Испания чемпионатында абыроймен өнер көрсетіп жүрген қазақ атанғым келеді. Айт­пақшы, Испания­ның төменгі дивизионын­да ойнайтын қазақтар бар екен. Бірақ оларда мен­­­дегідей «кәсіби» келісімшарт жоқ. Екі отан­дасыммен сөйлескенімде олар айлық алмай­тынын, бірақ тұратын жері мен тамағы тегін еке­нін айтты. Тәжірибе молайту үшін сонда барған көрінеді. Ал менің діттегенім басқа.
Испанияның «Гранада» командасында ойнайтын қазақ– Соңғы бір айда футболдан 21 жасқа дейінгі Қазақстан жастар құрамасында сәтті өнер көрсеткеніңізді білеміз. Ұлт­тық құрамаға «Гранадамен» келісімшарт жа­сасқан соң шақыртылдыңыз ба?
– Иә. Бірақ «Гранадаға» ауысқанға дейін, 19 жасқа дейінгі жастар құрамасында ойна­ғанмын. Кейін бапкерлер 21 жасқа дейінгі ойыншылардың командасына қосылуым керек­тігі туралы ұсыныс айтып, Еуро-2023 іріктеу кезеңі аясында Дания мен Түркия құрамасына қарсы кездесуде ойынға қосты. Алда ұлттық құрама қатарында талай жыл ойнаймын деп сенемін. Осы ретте айта ке­тейін дегенім: Қазақстан футболы соңғы он жыл­да қарқынды дамып келеді. Біздегі инф­рақұрылымның сапасы артып, балалар мен жасөспірімдер футболына көп көңіл бөлініп жатыр. Құдай қаласа, алдағы бес жылда әлем таңғалатын үлкен нәтижеге жетеміз деген үміттемін. Өз басым соған сенемін. Ә дегенде көпшілік «Футболды құрту керек. Ақша салмау ке­рек» деп сынның астына алған еді, ал қазір бар­лығы бір үйдің баласындай алаңда доп теуіп жүрген ойыншыларға болысып, қолдап, қолпаштап отырады. Фанатизм да жоғары дең­гейде. Әсіресе «Ақтөбе» командасы жан­күйер­­лерінің қолдауына барлығы қызыға қарай­ды. Қайыра айтқанда, елдегі футбол ойы­нында қызық болып жатыр. Ұлттық құра­ма Ұлттар Лигасындағы ойында көш бастаған соң, жанкүйерлер қатары көбейіп, футбол­шы­ларға деген сенім арта түскенін өзіңіз де сезген боларсыз. Алдағы уақытта ойыншы­лар­дың ойнау стилі, бас бапкердің қарсылас ко­мандаға қарсы ойластырған тактикасы соңғы ойындағыдай болатын болса, көп кешікпей құрама атауы үздіктермен қатар тұратынына кәміл сенемін. Бес ай сыртта жүрсем де, Қазақ­стан премьер-лигасын бақылап отырамын. Қазақстандық клубтардың да «еуроалаңда» атой салатын күні алыс емес деп ойлаймын. Туыс­тарым мен бапкерлерім «Қазақстанның атын шығар. Елді таныт» деп батасын беріп жа­тыр. Бұйырса, еурокубоктарда Қазақстан­ның атын әйгілейтін клубтар мен ойыншы көп болады деп айтқым келеді.

Сұхбаттасқан
Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ

Чемпионға арналған пәтер!

Спорт эмоцияларының бас демеушісі - 1XBET компаниясы "Чемпионға арналған пәтер" тамаша акциясын жариялайды. 1XBET компаниясымен бірге чемпион бол да, Алматының орталығындағы жап-жаңа пәтердің кілтін ал!

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button