Әлемнің бірінші ракеткасы, ресейлік Даниил Медведев Astana Open ATP 250 турниріне қатысатынын растады деп хабарлады turkystan.kz ҚТФ баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Биылғы дода елордада 18-25 қыркүйек аралығында өтеді. Даниил Медведев - 2021 жылғы АҚШ ашық чемпионатының, 2020 жылғы ATP қорытынды жарысының жеңімпазы. Сондай-ақ ол үш рет «Үлкен дулыға» турнирлерінің финалына дейін жетті.
«Даниил Медведевтің биыл үшінші рет өткелі отырған Astana Open додасына келетініне қуаныштымыз. Қазақстанда Рафаэль Надаль, Новак Джокович, Жо-Вильфрид Тсонга сынды әлемнің үздік теннисшілерінің өнер көрсетуі игі дәстүрге айналып келеді. Даниил өзінің спорттағы жолын біздің елімізде бастаған. Қазақстан теннис федерациясының президенті Болат Өтемұратовтың ойыншымен қарым-қатынасы жақсы, бұл оны осы жарысқа шақыруға мүмкіндік берді. Енді әлемнің бірінші ракеткасы елордадағы Ұлттық теннис орталығында өнер көрсетер күн де жақын», - деді Қазақстан теннис федерациясының вице-президенті Юрий Польский.«Мен Astana Open турниріне қатысатыныма қуаныштымын. Мұнда маған дейін де атақты ойыншылар келген екен. Доданы асыға күтемін», - деді Даниил Медведев. Ресейлік теннисші 2010 жылы 18 жасқа дейінгілер арасында Өскеменде өткен ITF Juniors G3 турниріне қатысқан. Ал 2016 жылы әлемнің 171-ракеткасы ретінде ATP Challenger сериясына енетін ҚР Президенті кубогына келген. Онда ол ширек финалға дейін жеткен болатын.