Қазақтың Қарақалпақстандағы қазынасы

Қазақтың Қарақалпақстандағы қазынасы

Қазақтың Қарақалпақстандағы қазынасы
ашық дереккөзі
994

Қазақ халқы үшін қарақалпақ жерінің алар орны ерекше. Өйткені бұл елде қазақ­тың ұлттық мәдениеті мен өнерінің көп­теген асыл қазынасы қаймағы бұзылмай қаз-қалпында сақталған. Солардың бірі – жыраулық өнер. Бесқала жыраулық дәстүрі деп жиі айтылатын бұл өнердің санғасырлық тарихы бар. Мұндай сан ға­сырлық тарих осы дәстүрімен жырлайтын өнерпаздардың сөз қол­да­­нысындағы өзгеше теңеулерден, ерек­ше әуендерден айқын аң­ғарылады. Міне, қара­қалпақ жеріндегі қазақ халқының осы асыл қазы­насын көркемдігі мен сұлулығына сызат түсірмей, ХХ ғасырда кеңінен наси­хат­тай білген өнерпаз тұлғалардың бірі – Нау­рызбек жырау Нұржаубайұлы. 1931 жылы Қарақалпақстанда дүниеге келіп, 1994 жылы Алматы об­лысында қайтыс болған Наурызбек жырау артына мол мұра қал­дырған еді. Атақты жыраудың осы мол мұрасы өткен аптада көлем­ді жинақ-кітап болып жарық көріп, оның таныстырылымы Құрман­ғазы атындағы Қазақ мемлекеттік консерваториясында өтті. «Нау­рыз­бек жырау шығармалары» атты кітапта жыраудың терме-тол­ғау­лары, өлең-хаттары, ән мәтін­дері, ол жырлаған дастандар мен жырау тура­лы мақала-естеліктер, арнау жырлар енгізіл­ген. Жинақты құрас­­тырған – Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерватория­сы­­ның аға оқытушысы, ҚР Мәдениет саласының үздігі Күнқожа Қайрулла. Сөз реті келгенде, Күнқожаның өзінің де жыршы, яғни Бесқала жыраулық дәстүрдің өкілі екенін де айта кеткен жөн. Осыған орай Наурызбек жыраудың бұл жинағы барынша сәтті, сапалы шығыпты. Жинақтың таныстырылымына Наурызбек жырау­дың көзін көрген, жырын естіп, тәрбиесін көрген және осы өнерді зерттеп, жалғас­ты­рып жүрген Адайбек Бейімбетов, Шарафад­дин Әмір, Ахмет Өмірзақ, Берік Жүсіпов, Құтмағамбет Қонысбай, Айгүл Қосанова, жырау­дың асыл жары Зиба Өтегенқызы және басқа да өнер және қалам қайрат­керлері қа­тысты. Мен өзім де кезінде шығармашылық жә­не қызмет бабымен Қарақалпақстанмен ұзақ жыл байланыста болып едім, соған орай тұсаукесер салтанатына арнайы шақырылып, азды-көпті ой бөлістім. Тұсаукесерде Нау­рыз­бек жыраудың Өсербай Сәрсенбайұлы бастаған шәкірттері мен ізбасарларының ортаға шығып, жырдан шашу шашуы бұл салтанаттың ең шырқау шегі болды. Сондай-ақ тұсаукесер рәсімін жүргізген ақын Ахмет Өмірзақ кеш соңында «Наурызбек-толғау» атты өлеңін оқыды. Тұсаукесерден соң бұл салтанат қазақ халқының қарақалпақ жеріндегі қазынасын насихаттаудың басы ғана, ал болашақта мұн­дай іс-шаралар тоқтаусыз жалғаса бере­ді деген үлкен сеніммен қайттық.

Сұлтанәлі БАЛҒАБАЙ, жазушы, драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Серіктес жаңалықтары