«Кенесары хан» кітабы жарық көрді

«Кенесары хан» кітабы жарық көрді

«Кенесары хан» кітабы жарық көрді
ашық дереккөзі
50661
Халықаралық Түркі акаде­миясы Л.Гумилев атында­ғы Еуразия ұлт­тық универси­теті­мен бірлесіп, Кенесары Қасы­мұлы­­ның 220 жыл­дық мерейтойы­на орай «Хан Кенеге тағзым» атты іс-шара ұйым­дастырды. Алқалы жиынға Халықаралық Түркі академиясының президенті Дар­хан Қыдырәлі, Л.Гумилев атындағы Еура­зия ұлттық университетінің рек­торы Ерлан Сыдықов, Мәжіліс депу­таты, алаштанушы Берік Әбдіғалиұлы, Мемлекеттік тарих институты дирек­торының орынбасары Бүркітбай Аяған, мемлекет және қоғам қайрат­кері Жабал Ерғалиев, Л.Гумилев атын­да­ғы Еуразия ұлттық университетінің проректоры Дихан Қамзабекұлы және Парламент депутаттары, ғылыми-зерттеу орталықтарының басшылары, танымал ғалымдар, ЖОО ұстаздары, сондай-ақ БАҚ өкілдері қатысты. Тағылымды іс-шараға қатысу­шы­лар алдымен Нұр-Сұлтан қаласындағы «Қараөткел» зиратына барып, осында жерленген Кенесары хан сарбаздары­ның рухына тағзым етті. Бұдан кейін ал­қалы жиын Л.Гумилев атындағы Еу­ра­зия ұлттық университетінің бас ғимаратында жалғасты. Келелі басқосу аясында Түркі академиясы әзірлеген «Кенесары хан» атты кітаптың тұсау­кесер рәсімі жасалды. Жинаққа Кенесары хан мен оның қасындағы Наурызбай, Саржан, Есен­гел­ді батырлардың қаһармандығы мен ерлігі жырланған аңыз-әңгімелер, та­ри­хи жыр-дастандардың таңдаулы үлгілері іріктелеп топтастырылған. Атал­ған шығармаларда сайыпқыран Кенесарының тұңғиық ақыл-парасаты, ханға лайық бекзат болмысы, қазақ жерін сыртқы дұшпандардан қорғау жо­лындағы соғыстары, соңына ерген жаужүрек батырларының күрескерлік бей­несі шынайы әрі көркем бейнелен­ген. Айта кету керек, ел арасында Кенесары ханның өмір жолын, жорық­тары мен шайқастарын суреттейтін көптеген жыр мен аңыз сақ­талған. Олардың алғашқы нұсқалары ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап хатқа түсіп, жариялана бастады. Халық жырының алғашқы нұсқасын көрнекті түрколог В.Радлов өзінің «Об­разцы народной литературы тюркс­ких пле­ме, живущих в Южной Сибири и Джун­гарской степи» деген іргелі еңбе­гінде «Кенесары өлеңі», «Кенесары жырының бірнеше ауызы» деген атпен 1870 жылы жариялаған. «Хан Кене» жыры С.Жантөрин мен Т.Сейдалин хат­қа түсіріп, кейін орыс тіліне ау­да­рып «Записки Оренбургского отдела Им­ператорского Русского геог­рафи­ческого общества» журналында 1875 жы­лы жарияланған. Одан кейін Ж.Шай­хисламұлының жырлаған «Кене­сары-Наурызбай» жыры 1912 жылы «Қазан» баспасынан жеке кітап болып жарық көрді. Ал Нысанбай жыраудың Ж.Басығарин жазып алған нұсқасын Х.Досмұхаммедұлы Таш­кентте 1923 жылы, кейін Н.Төреқұлов 1924 жылы Мәс­кеуде жеке кітап етіп жариялаған. Көпшілік назарына ұсынылған «Ке­несары хан» кітабын М.Әуезов атын­­дағы Әдебиет және өнер инс­титу­ты­ның аға ғылыми қызметкерлері Нұр­жұма Елесбай және Насихат На­биол­­ла қолжазба арқылы мәтінтану­лық жұмыстар атқарып, құрастырып шы­ғарды.

Б.Балықбай

Серіктес жаңалықтары