Қыздарымыз басына орамал жауып, бойын толығымен матамен орап жүрмеген – Динар НӨКЕТАЕВА, Сенат депутаты

Қыздарымыз басына орамал жауып, бойын толығымен матамен орап жүрмеген – Динар НӨКЕТАЕВА, Сенат депутаты

Қыздарымыз басына орамал жауып, бойын толығымен матамен орап жүрмеген – Динар НӨКЕТАЕВА, Сенат депутаты
ашық дереккөзі

Соңғы жылдары оқушы қыз балалардың мектепте ора­мал тағуына қатысты дау өршіп тұр. Жақында ғана Білім және ғы­лым министрі Асхат Аймағамбетов мектепке орамал тағып келуге рұқсат берілуі мүмкін деген мәлім­деме жасады. Бұл бізден басқа да мем­лекеттердегі басты мәселенің бірі болып тұрғанын айтқан ми­нистр орамал тағуға тыйым сал­ған­дықтан, ата-аналары мектепке бару­ға рұқсат бермей отырған оқу­шыларға қатысты ережені жеңіл­дету керектігін алға тартқан еді. Бұған қатысты ел тұрғын­дары­ның пікірі екіге жарылды. Бірі мұ­ны қолдаса, бірі қарсы шығып жа­тыр. Осы тақырып төңірегінде пе­дагог, Сенат депутаты Динар Нө­кетаева ханымның пікірін білген едік. Динар НӨКЕТАЕВА, Сенат депутаты: ҚЫЗДАРЫМЫЗ БАСЫНА ОРАМАЛ ЖАУЫП, БОЙЫН ТОЛЫҒЫМЕН МАТАМЕН ОРАП ЖҮРМЕГЕН – Бұл біздің қоғамдағы әлі бір нақ­ты шешімін таппай келе жатқан мә­селелердің бірі болып тұр. Біріншіден, біз зайырлы, демократиялық мемлекет бол­сақ та, құқықтық мемлекет екені­міз­ді де ұмытпауымыз керек. Сол үшін біз діни орын ережелері мен әлеуметтік, педагогикалық мекемелер тәртібін бір-бірімен араластырып, шатастырмауға тиіс­піз. Екеуінің қоғамдағы миссиясы мен функциясы мүлдем бөлек. Сауд Ара­биясы, Иран сияқты дінді ғана басты құндылық ретінде ұстанатын ел­­дермен өзімізді салыстыруға бол­май­ды. Олардағы киім кию салтының өзі жер­гілікті табиғат ерекшеліктері мен ішкі діни-саяси мәселелеріне бай­ла­ныс­ты қалыптасқан. Мысалы, мен сол мұсылман мемлекеттерінің кейбірінде болған кезде сонда тұратын жергілікті әйел адамдардың біразы бетті бүркеніп немесе үнемі оранып жүрудің қиындық тудыратынын айтқан болатын. Бірақ басқа амалдары болмаған соң солай жүру­ге тура келеді. Өздерінің киім кию сал­тына разы емес халықтардың әдеті мен әдебін бойымызға көшіруден біз опа таппаймыз. Хиджап пен орамал – біздің ұлттық киі­міз емес. Мен бұл жерде келіндеріміз тартатын жаулықты айтып тұрған жоқпын. Мұның бәрі сыртқа еліктейміз деп, өзіміздің ғасырлар бойы қалып­тас­қан салтымыз бен мәдениетіміздің түп-тамырына дұрыстап үңілмеуден бо­лып жатқан жағдайлар деп ойлай­мын өзім. Біз қазақ ешқашан дінге то­лығымен мойынсұнып, өз дәстүрі­міз­ден аттап кеткен емеспіз. Оған тарих куә. Бұрынғы ата-бабаларымыз өмір сүр­ген кезеңге көз жүгіртсек, қыз­дары­мыз басына орамал жауып, бойын то­лығымен матамен орап жүрмеген. Кіш­кентай кезінде көз тимесін деп үкі­лі тақия кигізген. Ал бойжете бастаған тұс­та шашын қос өрім етіп өріп, шаш­бау таққан. Кейін оң босаға аттайтын кез­де ғана сәукеле кигізіп ұзатып, түс­кен жері басына ақ жаулық салған. Де­мек, бұл арқылы жап-жас, бүлдіршін қыз­дарымызды бүркемелеп қою деген сал­тымызда болмағанына көз жет­кі­зе­міз. Дінді ұстансақ та, оны жас­тарымыз бен бүлдіршіндерімізге мәжбүрлеп таң­ған кезіміз болмаған. Мұны біраз қоғам қайраткерлері де жиі айтып жүр. Бірақ одан әлі еш нәтиже шығар емес. Жалпы, мен педагог ретінде жас оқу­­шыларымыздың мектепте ора­мал­мен жүруін құптамаймын. Мектеп – діни мекеме емес. Білім ордасында жүр­ген кезде жалпыға ортақ, нақты бе­кітілген формамен жүру керек. Са­бақтан тыс уақыттарда өздері қалаған киім­дерін кисе болады ғой. Бұл жерде ата-аналар бала алдындағы жауапкер­шілікті тереңірек түсіну керек деп ой­лаймын. Әйтпесе солардың ық­па­лымен орамал, хиджап киіп жүрген қыз­дары­мыз мектепте өз қатарластарының жа­нында қысылып, тіпті кейде пси­хо­логиялық қысымға да ұшырауы мүмкін. Мен педагог болғаныммен, қазіргі статусым – әже. Әже ретінде де кіш­кен­тай немерелерімнің оранып, балалық шақ­тарын діни рәсімдерді жасаумен өткізгендерін құптамаймын. Бәрі өз уа­қытымен болады ғой. Көшеден ора­мал тағып, аяғына дейін оранып киініп ал­ған оқушы қыздарды көріп қаламын. Сырттай қарағанда ол киімдері өздері­нің еркін жүріп-тұруына кедергі кел­тіре­тіні көрініп тұрады. Әсіресе, жаз, қыс мезгілдері. Мектеп жасындағы ке­зең олардың достарымен ойнап, асыр-салып жүретін кездері ғой. Әрине, бұл – әркімнің өз шешімі. Бірақ біз құқықтық мемлекет бол­ған­нан кейін нақты бекітілген ережелер мен заңдарды құрметтеп, сыйлауымыз керек деп ойлаймын.

Ә.Құлманова