Референдум әділетті Қазақстанды құрудағы мықты баспалдақтардың бірі болмақ - Қалыйма Жантөреева

Референдум әділетті Қазақстанды құрудағы мықты баспалдақтардың бірі болмақ - Қалыйма Жантөреева

Референдум әділетті Қазақстанды құрудағы мықты баспалдақтардың бірі болмақ - Қалыйма Жантөреева
ашық дереккөзі
Мен бұған дейін өткен референдумдардың бәріне қатыстым. Бұл жолы да тарихи сәттің куәсі болып отырмын. Несін жасырамыз, референдумнан көпшілік оң өзгеріс күтеді. Оның ішінде мен де бармын. Өткенге көз жіберіп қарасақ, тәуелсіздікті нығайту үшін шешілмеген мәселелер көп болғанын аңғарамыз. Мемлекеттік басқару жүйесінде Президенттік басқару жүйесі қажет болатын. Одан мемлекетіміз ұтпаса, ұтыла қоймады. Енді міне бірте-бірте заман да халықтың талабы мен таным-түсінігі де өзгерді. Қаңтар оқиғасынан кейін халық Президенттен көп өзгерістерді, жақсы жаңалықтарды күтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың пікірімен санасып, саяси жүйеге өзгерістер міндетті түрде енгізілетінін жеткізді. Жолдаудан бастау алған саяси жүйедегі жаңғырту бүкілхалықтық референдум жасаумен сабақтасып, жалғасты. Бұл жолғы референдумда Конституцияның 6 бабының 3 тармағында  «Жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі. Халық атынан меншік құқығын мемлекет жүзеге асырады. Негізгі Заңда халық жер мен табиғи ресурстардың меншік иесі екені туралы норманы түпкілікті және нақты бекіту болашақта түрлі түсініспеушіліктерді болдырмауға себепші болады. Тағы бір халықты қызықтыратын бап – 43 бап. Өйткені қолданыстағы Конституцияда 43 бапта 3, 4-тармақтар болмаған. Ұсынылып отырған Ата заңның нұсқасында 43 бапқа 3,4-баптармен толықтырып, Президенттің өз өкілеттіктерін жүзеге асыру кезеңінде саяси партияда болмауы тиіс және Президенттің жақын туыстарының мемлекеттік саяси қызметшілердің, квазимемлекеттік  сектор басшыларының қызметтерін атқаруға хақысы жоқ деп жазылған. Бұл дегеніміз Президент әділдік принциптерін бәрінен жоғары қоятынын айғақтайды. Тағы бір айта кететін жайт, халық арасында «Кеңес» сөзінің «Сот» сөзімен ауыстырылуы ерекше қызығушылық туғызды. Ары қарай 83 баптағы Адам құқығы жөніндегі уәкілдің құқықтық жағдайы конституциялық заңда айқындалады деп көрсетілуі, көптен бері мәселерін заң аясында шеше алмай жүрген азаматтардың мүддесін қорғауға жәрдемдеседі. Сонымен қатар облыстық, республикалық маңызы бар қалалардың әкімдерін сайлауда Президент баламалы түрде ұсынған кандидатураларды сайлауды депутаттардың дауысы арқылы шешеді делінген. Қорыта айтқанда, ашықтық әділетті Қазақстанды қайта құрудағы мықты баспалдақтардың бірі болмақ. Ал сайлау жүйесіндегі аралас жүйенің ұсынылуы қоғамдағы барлық топтардың сайлауға және сайлануға тең құқылы нормаларын реттейді. Бұл жерде тепе-теңдік саясаты жүзеге асады. Конституцияның осы жүйеге байланысты баптарына деген өміршеңдікке басымдық беріледі. Бүгін өзім бекітілген Түркістан қаласы №133 референдум учаскесіне барып дауыс бердім. Бұл учаскеде адам көп болды. Сағат 10-нан енді асқан кезде 2 459 сайлаушының 1 000-нан астамы дауыс беруге келіп қойған. Елдің күткені тыныштық пен бақуатты өмір. Референдумдағы өзгерістер әділетті қоғам орнатудағы саяси жүйеде әділеттілікке алып келер болса, саяси жүйесі әділ мемлекет әлеуметтік салада да жалпы экономика да  қарқынды дамып, жаңа өзгерістермен бірге ел оңалып, жаңғырып, көркейеді деп сенемін.

Қалыйма Жантөреева,

                                                                     «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары, облыстық мәслихаттың депутаты