Кейкі батырдың келбетін бейнелейтін сурет

Кейкі батырдың бас сүйегінен қалпына келтірілген суреті әзірленді. Аталмыш суреттерді қоғам қайраткері, саясаттанушы Берік Әбдіғалиұлы Фейсбуктегі парақшасында жария етті.

Айтайық, осы жылдың қазан айында Мажарстанда Кейкі батырдың бас сүйегін қалпына келтіру жұмыстары басталған болатын. Венгрияның жаратылыстану ғылымдары музейінің антропологиялық бөліміне жетекшілік ететін Агнеш Куштар  Кейкі батырдың бас сүйегін қалпына келтіру жұмыстарын өз басшылығына алған еді.

Берік Әбдіғалиұлының айтуынша, антропологтер батырдың бет келбетін жасап болғасын, шамамен 1-2 ай көлемінде бас сүйек жер қойнына беріледі. Мемлекеттік комиссия Кейкі батырдың сүйегін оның туған жері Қостанай облысы Амангелді ауданының Тасты ауылында батырға арнап салынған мазарға жерлеу туралы шешім қабылдаған болатын.   Бұдан бұрын хабарланғандай, 6 қазан күні Кейкі батырдың бас сүйегі Ресейден Қазақстанға жеткізілді. Ол 93 жыл бойы Санкт-Петербор қаласындағы Кунсткамерада сақталып келді.

Back to top button