Менің миссиям – Омбыдағы 100 мың қазақтың рухын көтеріп, санасын серпілту – Торғын Әшенова

Менің миссиям – Омбыдағы 100 мың қазақтың рухын көтеріп, санасын серпілту – Торғын Әшенова

Менің миссиям – Омбыдағы 100 мың қазақтың  рухын көтеріп, санасын серпілту – Торғын Әшенова
ашық дереккөзі
51045

Көпшілік «Омбы қазақтары» ұйымының негізін қалап, осымен аттас газет шығарып отырған Торғын Әшенованы жақсы біледі. 100 мыңға жуық қазақ тұратын Омбы өлкесінде туып-өскен Торғын жолдасы Қуаныш екеуі негізгі жұмысынан бөлек, қоғамдық маңызды жұмыстарға баса мән береді. Қоғамдық ұйым ашылғалы бері 50-ге жуық іс-шара ұйымдастырған олар алда атқарар шаруа әлі де көп екенін айтады. Омбы қазақтарының арасында төл мәдениетімізді насихаттауға өлшеусіз үлес қосып жүрген Торғынға хабарласып, әңгімеге тартқан едік. – Көпшілік сізді Қазақстаннан Ом­быға оқуға барып, сонда газет аш­қан тіл жанашыры деп ойлайды екен. Ал негізінен сіз... – Ал негізінен мен Омбы облысына қа­рас­ты Назвай ауданындағы Байымбет ауы­лында дүниеге келгенмін. Тарих­шы­лар­дың сөзіне сенсек, ХХ ғасырдың ба­сын­да Омбы жерінде орналасқан қазақ ауыл­дарының саны 800 болған. Сол 800-ден қазір 40 шақты ауыл қалды. Негізі, ме­нің арғы атам – Көкшетау облысының пер­зенті. 1938 жылы репрессияға ұшырап, Ом­бы жақта тұратын нағашыларына қа­рай қашып келген екен. Кейін ол тұт­қын­далып, ату жазасына кесілген. Ал оның бала­лары Байымбет ауылына қарай қаш­қан. Сол кезде атам мен оның інілерін ауыл тұрғындары жылы қарсы алып, қол­дау көрсеткен. Сол ауылға тұрақтаған атам оқу оқып, үйлі-баранды болып, көп жыл бойы мұғалімдік қызмет атқарды. Әкем Мұхамедияр Омбыда жоғары білім ал­ғанымен, атамның қасында болу үшін ауыл­ға қайтып барған. Көкшетау об­лы­сын­да туып-өскен анам екеуі бас қосып, төр­теуімізді тәрбиелеп жеткізді. Қазір екеуі сол Байымбетте тұрады. Ауылда қа­зақ мектебінде оқыдық, бір-бірімізбен қа­зақ тілінде сөйлестік. Қазақ әдебиетінен ха­бардар болдық. Қазақша өлең жаттап өс­тік, тіпті мектепте Бауыржан-шоудың қойы­лымдарын қойып, көпшілікті күлкіге қа­рық қылатынбыз. Мектепті алтын ме­дальмен бітірген соң Омбы мемлекеттік пе­да­гогикалық университетіне түсіп, құ­қық және тарих мұғалімі мамандығын алып шықтым. Әкем «Оқу бітірген соң Қа­зақ­станға көш, қызым. Мында орыстар сені көтермелемейді. Ал сен – білімің бар қызсың. Саған өсу қажет» деп айтатын. Сон­дай-ақ ол Омбыдағы ең беделді оқу орны саналатын ІІМ академиясында білім алғанымды қалады. Кейіннен әкемнің сол ар­манын орындап, академияның аспиран­тура бөліміне оқуға түстім. Оқи жүріп, Омбы заң академиясында сабақ бердім. Қа­зір ІІМ академиясында аға оқытушы бо­лып жұмыс істеймін. [caption id="attachment_182941" align="alignleft" width="388"] width= «Омбы қазақ­тары» ұйымының белсенділері[/caption] – Омбы өлкесінде тұратын қазақтар­дың тұрмыс-тіршілігін насихаттаушы ретінде сіз бен жолдасыңыз Қуаныштың есі­мін жиі естиміз. Қазақ көп шоғырлан­ған сол аймақта сіздерге дейін де белсен­ді­лер болған шығар? – Әрине, болды. Кеңес үкіметі кезінде Қа­зақ­станнан келген студенттер жиі бас қосатын бол­ған. Сосын 90-жылдары Кеңес үкіметі ыды­ра­ған кезде олардың ұлттық сана-сезімі оянып, «Мөлдір» атты ұйым құрған. Содан соң Ресейде ұлттық автономиялар туралы заң шықты, сол заңға сәйкес «Аймақтық қазақ автономиясы» де­ген атпен екінші ұйым жұмыс істеді. Бірақ ол ұйым­дағы белсенділердің көбі үлкендер болды. Оған қоса, бірі мәдениетке көңіл бөлсе, екін­ші­сі әлеуметке баса назар аударып, екі түрлі са­ланы бағдар еткен. Бірақ жастардың басын қо­сып, ешкім жинаған емес. Біз «Омбы қазақ­тары» ұйымын үлкендер біздің пікірімізді тың­дамайды» деген мақсатпен ашқан жоқпыз. Бұл – кездейсоқ туындаған идея. Әлеуметтік же­лі жоқ, интернет енді дамып келе жатқан сол заманда kazakh.ru атты қазақстандық сайт­та Қазақстан туралы жаңалықтарды оқып, сон­дағы чаттар арқылы бір-бірімізбен хат жа­зы­сып жүретінбіз. Бірде сол сайтқа осындағы қа­зақтар «Омские казахи откликнитесь?» деп жа­зады. Барлығымыз бас қосып жиналған кез­де қалада өскен қазақтар «Мен қазақша біл­меймін. Қазақтармен араласпаймын. Қазақ дос­тарым да жоқ» дейді. Олардың сөзіне қара­сақ, қазақтармен тығыз қарым-қатынас орнату керек емес секілді. Бұл менің намысыма тиіп «Қа­раңдар, қазір мұнда он қазақ отырмыз. Бар­лығымыз – жоғары білім алып жатқан көкірегі ояу жастармыз. Сендер «қалайша қазақпен ара­ласқым келмейді, достарым жоқ» деп ай­та­сың­дар? Қазақ тілі де, мәдениеті де өте бай. Ата-аналарымыз салт-дәстүрімізді сақтап, әлі күнге дейін жер үстелде отырып, қазақша ет әзірлеп, нан илейді. Олай айтуға болмайды. Жиі жи­налып тұрайық» дедім. Содан соң «Вкон­так­те» желісінде «Омбы қазақтары» деген топ аш­тық. Бірге футбол, волейбол ойнайтынды шы­ғардық. Кішігірім іс-шаралар ұйымдастыра бас­тадық. Бірінші рет қыздарға арналған «Ару қыз» байқауын өткіздік. Салт-дәстүрімізбен та­ныссын, ұлттық киімдерімізді көрсін деген мақ­сатпен жергілікті әкімшілік, «Достық үйі­нің» өкілдерін шақырдық. Сол кезде елден «Ха­бар», «Қазақстан» арналарының тілшілері ке­ліп, сюжет түсірген. Осындай ауқымды іс-шара өткізе алатынымызға көзіміз жеткен соң бір айдан кейін «Омбы қазақтары» деген атпен газет шығара бастадық. Негізі, оның алдында «Атамекен» газетін шығарған болатынбыз. 1000 рубль болатын стипендиямыздың 500-ін осы газетті шығаруға жұмсап отырдық. Ал біз үшін бұл көп ақша, сол үшін қаражатымыз 5-ақ нө­мірге жетіп, ақырында ол газет жабылып қалды. Со­сын 1 маусым Балаларды қорғау күніне орай бала­лар үйінде тәрбиеленіп жатқан бүлдір­шін­дерге қазақша концерт ұйымдастырдық. Ақша жинап, оларға қажет түрлі құрылғы, манеж сатып әпердік. Осы үш іс-шараны абыроймен өткізген соң бізге ресми ұйым ретінде тіркелу ке­рек екенін түсіндік. Сол кезде жолдасым Қуа­ныш Екатеринбургтегі оқуын бітіріп, Ом­быға келген болатын. Бізге заңгерлік көмегін ұсын­ған ол құжатқа байланысты барлық ма­шақат­ты өз мойнына алды. Сөйтіп, 2014 жыл­дың шілде айында «Омбы қазақтары» деген ат­пен қоғамдық ұйым болып ресми түрде тір­келдік. Содан жұмысымыз басталып кетті. [caption id="attachment_182942" align="alignright" width="488"] width= «Омбы қазақ­тары» газетінің ұжымы[/caption] – Қазіргідей газет шығару ісі қиындай бас­таған уақытта «Омбы қазақтары» ба­сы­лымын тұрақты шығару оңайға соқ­пай­тын шығар? –Есептеп қарасақ, бүгінге дейін «Ару қыз», «Су­перкелін», «Лига Дружбы», «Алтын адам» се­­­кілді 50 шақты жоба ұйымдастырыппыз. Соның ішінде ең қиын жоба ретінде осы газетті шығару ісін айтар едім. Айта кетерлігі, біздің га­зетте істейтін журналистер жалақы алмайды. Олар – негізгі жұмыстары болса да, уақыт тауып, намысқа тырысып, тегін жұмыс істеуге ке­ліс­кен керемет жандар. Барлығына ризамын. Газет шығарудың қандай қымбат екенін өзіңіз білетін боларсыз. Машақаты көп газет неліктен бізге керек деп ойлайсыз? Біздің тарихымызды жазатын, Омбы қазақтарының ХХІ ғасырда қалай өмір сүріп жатқанынан хабардар ететін, қазақ ауылдарында не болып жатқанынан ха­бар тарататын – осы газет. Бізге мақала жа­затын­дарға «Ертең 100 жылдан соң артыңызда қал­ған ұрпағыңыз Пушкин атындағы кітапханаға келіп, сіз жазған материалдарды оқып, сізді танитын болады» деп айтамыз. Жал­пы, басылымның түпкі мақсаты – Омбы қазақ­тарының рухын көтеру. Омбы облысында 32 аудан бар, газетіміз соның 22-сіне таратылады. 2018 жыл біз үшін қиын жыл болды. Газетті ба­сып шығаруға қаражатымыз жетпей, бұл істі тоқтата тұрайық дедік. «Дұрысы, жауып тас­таңдар» дегендер де болды. Бірақ жауып тас­та­сақ, заң жиі өзгеріп жатқандықтан, газетті қай­та ашу қиын болатынын түсініп, уақытша тоқ­тата тұрдық. Сол кезде Максим Споткай бас­таған бір топ еріктілер осында «Замандас» га­зетін шығарып жүрді. Мен оларға «Екі бірдей газет шығару қиын. Жазатынымыз бір нәрсе. Бәріміз бірігіп, бір газет шығарайық» деп ұсыныс айтқанмын. Бірақ олар бұған аса мән бер­меді. Бір жылдан соң біздің газетті қайта ашып, олар редакциялық кеңесіне кіретін­дер­мен кездесіп, тағы ұсыныс білдірдім. Бірақ «За­мандас» жабылып, онда істегендер біздің ред­кеңеске кіріп, жұмысымыз жандана түсті. Сөй­тіп, басында 4 бет болып шыққан газетіміз айы­на бір рет, 16 беттен шығатын болды. [caption id="attachment_182939" align="alignnone" width="1920"] width= Қазақ тілі курсына қатысушылармен бірге[/caption] – Журналистермен өткен Zoom кон­фе­ренцияда «бізде қазақ тілінде жазатын ав­торлар жоқтың қасы» деп айтқаныңыз есімде. – Бізде расымен үнемі қазақ тілінде жа­затын журналист жоқ. Ақсақалдар «Редакцияға хат» айдарына хат жібереді. Қазақстанда біз туралы естігендер де ара-тұра мақала жіберіп тұрады. Мысалы, мамыр айында шыққан нө­мірге Қазақстанда тұратын бір апаның Омбыда тұрып жатқан, жасы 100-ге келген анасы туралы мақаласы жарық көрді. Бақытнұр атты корреспондентіміз спорт айдарын жүргізеді. Қуаныш екеуіміз Омбы өлкесінде қазақтармен байланысты жаңалықтарды жазамыз. Аман­келді ата «Атадан қалған сөз» айдарына түрлі қызық материал жариялайды. Мұғайра тәте болса «Менің ауылым» айдарын, ал Қазақстанда тұратын Тұрар тәте «Қара шаңырақ» айдарын шығаруға жауапты. Сондай-ақ Нәзия «Бал­дырған» айдарын жүргізеді. Байқаға­ныңыз­дай, барлығымыз бір-бір айдарды бөліп алғанбыз. Қазір Қуаныш бас редактордың міндетін атқарушы болып жұмыс істейді. Газетті қайта шығара бастағанда редкеңестегілермен ақыл­дасып, Нәзияны бас редактор етіп тағайындаған едік. Бірақ негізгі жұмысын ауыстырған соң оның газетке уақыты жетіңкіремей қалды. Тегін жұмыс істеп жатқандықтан, оған ештеңе дей ал­маймыз. Сондықтан қазір бас редактор іздестірудеміз. [caption id="attachment_182943" align="alignnone" width="2048"] width= «Алтын адам» сыйлығын табыстау кезінде[/caption] – Осыдан 4 жыл бұрын Ресей елінің та­ри­хында алғаш рет өткен, сіз ұйым­дас­тырған «Алтын адам» атты аймақтық дең­гейдегі сыйлық жөнінде қазақстандық БАҚ жарыса жазды. Бұл сыйлықты алдағы уақытта тағы өткізу ойда бар ма? – Студент кезімде Мәскеуде форумға бар­ғанда Ресейдегі немістердің басын қосатын ұйым­да жұмыс істейтін Юлия есімді қызбен таны­сып, екеуміз жақын араласып кеттік. 2016 жылы Мәскеуге этникалық БАҚ-қа қатысты тағылымдамадан өтуге барғанда Юлиямен кез­дескенімде «Омбы қазақтарының» жұмысын бақылап жүрмін. Көп шаруа атқарып жүрсіңдер. 10 жыл бұрын кездескенде ондай ойың болмап еді ғой» деп таңданғаны бар. Сол кезде ол Ре­сейдегі немістерге арналған сыйлық бар екенін айтып қалды. Бұл жоба туралы естіген мен «Омбыда тұратын 100 000 қазақтың арасында да осындай жоба өткізсе ғой. Бізде қоғам өміріне етене араласып жүрген қаншама жан бар. Олардың есімін елге танытып, «Оскар» сыйлығы секілді бір сыйлық ұйымдастырсақ қалай болар екен?» деп ойландым. Командамен жиналғанда бұл ойымды ортаға салдым. Сол уақытта Қуаныш Сочи Олимпиадасының қола жүлдегері Ольга Графпен сұхбаттасқанда ол жо­ғарыда айтқан Ресейдегі немістердің сый­лығын ұтып алғанын, оны Олимпиада жүл­десімен тең санайтынын айтқан еді. Сөйтіп, осын­дай ерекше сыйлық ұйымдастыру туралы ойы­мыз бір жерден шыққан жастармен ақыл­дасып, оны 2018 жылы ұйымымыздың құрыл­ғанына 10 жыл толуына орайластырып ұйым­дас­тыруды көздедік. Грант алу үшін байқау өткізу туралы ереже жазып, Үкіметке тұңғыш рет «Алтын адам» атты жобаны ұйымдас­тыра­ты­нымызды айтып, хат жаздық. Берілген қара­жатқа үлкен залды жалға алып, алдына қызыл кілем төсеп, мейлінше жоғары өткізуге тыры­сып-бақтық. 100-ге жуық өтініш келіп түсті. Олардың арасынан кіл мықтыларды таңдайтын қазылар алқасын да мұқият іріктедік. Омбыда барлығы бір-бірін танитындықтан, ертең «жүлделерді өз адамдарына берді» деп айтпас үшін Қазақстанда араласып жүрген тоғыз бауырымызды, сондай-ақ Омбыдан 9 орыс аза­матын қазылар алқасының мүшесі етіп сай­ладық. Олар жеңімпаздарды әділ таңдауға тырыс­ты. Ертең арамыздан ренжитін адам табы­латынын біліп, сайысты барынша объек­тивті түрде өткізуді ғана ойладық. Биыл ерекше ұйымдастырылған «Ару қыз» байқауын өткіз­генде де барлық кезеңнің видеоға түсірілуін, ұпай­лардың дұрыс саналуын қатты қадағала­дық. Айтпақшы, «Алтын адам» сыйлығын та­быс­тау кезінде бір қызық болды. Әр номинация бойынша үш адамды онлайн дауыс беру, тағы үш адамды қазылар алқасының шешімімен таңдап, сол алтаудың ішінен ең мықтысын анық­тау қажет болды. «Ауыл адамы» номина­ция­­сы бойынша сынға түскен бір ағамыз он­лайн дауыс беру бойынша бірінші орында тұрған соң ауылдан 40 шақты туысын ертіп ке­ліп, қой сойып, сайыс біткен соң дүркіретіп атап өтпек болған. Бірақ қазылар алқасы 11 жа­сында ата-анасынан айырылған, соғыс ке­зін­де трактор айдаған, 11 баланы дүниеге әкел­ген, қазірге дейін сиыр сауатын 86 жастағы апа­ны жеңімпаз деп танып, жүлдені сол кісіге табыстады. Ал әлгі аға қазыларға ренжіп, бір қы­зық болды. Десе де, барлығы риза болды. Қа­зақстаннан табылған «Алтын адам» пішінін­дегі мүсіншеге тапсырыс берейін десем, қымбат тұра­ды екен. Сөйтіп, дизайнерге Алтын адам­ның макетін сыздырып, гравировка жасаттық. Бұл сайысты бес жылда бір өткізіп тұратын болып келістік. Келесі жылы біздің ұйымның құрыл­ғанына 15 жыл, соған байланысты «Ал­тын адам-2» сыйлығын өткізуді жоспарлап отыр­мыз. [caption id="attachment_182944" align="alignnone" width="2048"] width= «Ару қыз» байқауында Омбыдағы қазақ қызының салт-дәстүрді сахналау сәтінен[/caption] – Бір сөзіңізде «Ару қыз» байқауы биыл ерек­ше форматта ұйымдастырылғанын ай­тып қалдыңыз. Биылғы байқаудың ерек­шелігі неде? – «Ару қыз» биыл бесінші рет өткізілді. Жыл сайын осы байқауды ұйымдастырар кезде «Былтырғысынан қалай асып кетсек болады?» деп бас қатырамын (күліп). Алғаш рет ұйым­дас­тырғанда қатысушылардың салт-дәстүр, ұлттық киім туралы білімін тексергенімізбен, шығармашылық нөмірге еш шектеу қоймадық. Бірі қазақша, енді бірі ағылшынша, келесі бірі орысша, испанша ән айтып, би биледі. Ақыр соңында қазақша би билеген қызға 1-орын бұйы­рды. Ал ағылшынша ән айтқан қызға қа­зы­лар алқасы «Бұл – «Голос» емес, «Ару қыз» сайысы» деп ескерту жасап, төмен ұпай берді. Сосын әлгі қыз қазақша бір әнді жаттап, «Мәс­кеу көктемі» вокалистер конкурсына қатысып, жақ­сы өнер көрсетіп қайтты. Сосын «Аманат» ұйымына кіріп, қазақша әндер айта бастады. Бірінші жылы әлгіндей ескерту жасалған соң келесі жылы шығармашылық сайыста қазақша ән-би болу керек екенін талап етіп қойдық. Екін­­ші жылы бір қыз «Балқадиша» әнін бұрын­нан айтқысы келіп жүргенін, бірақ реті келмей қойғанын айтып, осы әнді біздің байқауда на­қышына келтіріп орындады. Биыл біз бай­қаудың басынан аяғына дейін қазақ мәден­ие­тіне қатысты элементтерді енгізуге баса назар аудардық. Бұрын біз онлайн дауыс беру арқылы 10 аруды іріктеп алатынбыз. Ал қазір байқауға қатысуға өтініш бергендерге арнайы кастинг ұйым­дастырып, олардың бұл байқауға неліктен қа­тысқысы келетінін, қандай мақсатпен кел­генін сұрастырамыз. Содан соң 10 қызды ірік­теп алып, ұлттық киім кигізіп, фотосессия жа­­­саймыз. Екі ай бойы шеберлік сабағына қатыс­тырып, дәріс оқимыз. Қазақша ет пісіріп, нан илеуді үйретеміз. Биылғы қатысушыларға 10 шеберлік сабақтың 5-еуі дәстүрге, ал қал­ғаны мәдениетке байланысты болатынын ескерттік. Олар екі ай бойы қазақ тілі курсына барып, білімін жетілдірді. 10 қыздың біреуі ғана қазақша сөйлей алады, ал қалған тоғызы сах­наға шыққанда өзін-өзі таныстыруды жат­тап қана қоймай, сөздерін түсіну қажет болды. Биылғы байқаудың тағы бір ерекшелігі, Омбы өлкесімен байланысты қазақ қайраткерлері туралы не білетінін тексердік. Байқау алдында Омбыда әр жылдары тұрған Мұқан Әйтпенов, Қажымұқан Мұңайтпасұлы, Сәкен Сейфуллин және тағы басқа қоғам қайраткерлері туралы дәріс оқып, экскурсия өткіздік. Тағы бір айта кетерлігі, қатысушылар жыл сайын арнайы ви­деовизитка жасайтын, ал биыл олардан қазақ шежіресі, өз әулетінің шығу тегі туралы видео әзірлеп келуін сұрадық. Бір қыз шежіре тура­лы ештеңе білмейді екен. Сөйтіп, ол ата-әже­сі тұрған ауылға барып, бесінші атасына дейін деректер жинап қайтты, сосын Қазақ­стан­дағы туыстарынан сұрастырып, ақырында он үшінші атасына дейін мәлімет жинап әкелді. Ал келесі бір қыз мектеп қабырғасында жүрген­де бүкіл ауылдың шежіресін зерттеген екен. Сол кезде бесінші атасына дейін деректерді тауып алған. [caption id="attachment_182946" align="alignnone" width="2048"] width= «Ару қыз» байқауына қатысушы қыздарға қамыр илеуден шеберлік сабағы кезінде[/caption] Біздің сайысқа дайындалу кезінде оқы­ған мектебіне барып, мұғалімімен осы туралы сөй­лесіп отырғанда қалған аталары туралы мәлі­мет тауып алғанын айтады. Одан бөлек, олар­ға біздің салт-дәстүр туралы дәріс оқыдым. Со­сын олар финалда жеребе арқылы дәстүр түр­лерін таңдап, оны сахна төрінде сахналап, бар өнерін ортаға салды. Байқауды көруге келгендердің барлығы таң-тамаша болды. 1-орынды иеленген қыздың бесікке салу дәс­түрін керемет сахналап шыққанын айтып, та­лан­тын ерекше атап өтті. Осы ретте айтарым, біз көптен бері көздеген басты мақсатымызға жеттік. Әу баста бұл байқаудың концепциясын құрастырғанда «Осы арқылы қазақ қыздары мә­дениетіміз, салт-дәстүріміз бен әдет-ғұр­пы­мыз арқылы барлық әдемілікті жеткізсе ғой» деп ойлаған едім. Сол ойлағаным биыл іске асты. Алғаш рет ұйымдастырған кезде қала әкім­шілігінен грант беруін сұраған едім, бірақ он­дағылар «Мұның әлеуметтік ықпалы қандай? Біз сұлулық байқауына қолдау көрсетпейміз» деп қипалақтағаны бар. Сосын оларға біздің бай­қауда қыздар подиумға шығып, жүріп өт­пей­тінін, бұл сайыстың маңызы мүлде басқада еке­нін түсіндіріп, «Келіп көріңіз. Сосын түсі­не­сіз» деп қонақ ретінде қатысуға шақырдым. Тіп­ті, басында байқау өткізетін зал директоры да түсінбей, көпшілік өткізіп жүрген бай­қау­лардың біріне теңеген еді. Байқауды соңына дейін отырып тамашалаған ол қасыма келіп «Бұрын-соңды мұндай байқаулардың өткені есімде жоқ. Сіздерге риза болып отырмын» деді. Бай­қауға көрермен ретінде бақылаған әкім­шілік өкілдері де «Келесі жылы грант алу тура­лы ұсыныс беріңіз» деп жылы лебізін білдірді. Сөйт­кен олар биыл үшінші жыл қатарынан грант беріп отыр. Биыл ерлерге арналған «Джигиты Омска» байқауын өткізбек ойымыз бар. 35 жасқа дейінгі ерлерді іріктеп, қой сою, етті жіліктеу, са­дақ ату сайыстарынан мүдірмей өткен мық­тыны анықтамақпыз. [caption id="attachment_182947" align="alignleft" width="427"] width= «Абай» мәдени-іскерлік үйінің ашылу сәтінен[/caption] – Пандемияға байланысты шетелдегі көп қауымдастықтың жұмысы қазір бә­сеңдеп тұр. Бірақ сіздерде жағдай басқаша сияқты. – Иә, алда біз өткізетін іс-шара көп. Қазір ға­на Дүниежүзілік қазақтар қауымдастығының көмегімен Қазақстандағы «Балдәурен» лагеріне баратын 10 баланың тізімін жинап келдім. Омбыға қарасты аудандарда 10 шақты мәдени ор­талық жұмыс істейді. Олармен тығыз бай­ланыс орнатып, ауылдағы балалардың лагерьге барып, тынығып қайтуын қадағалаймын. Жуырда Жезқазған филармониясының кон­цертін өткізуге атсалыстық. Кеше біздегі екі би тобының қорытынды концертін өткіздік. «Ка­зах­ский след в истории Омска» деген атпен экс­курсия ұйымдастырып, дәріс оқимыз. Одан бөлек, үш топ қатысатын қазақ тілі курстары бар. Былтыр бізде «Отандастар» қорының қол­дауымен «Абай мәдени-іскерлік үйі» ашылды. Со­нымен қатар қор өкілдері қазақ тілінен курс­ты өткізу бойынша әдістемелер беріп, мұға­лімдерді даярлауға көмектеседі. Биыл «Жас ұрпақ» атты балалар байқауын ұйымдас­тыра­мыз, оның алдында ашық аспан астында музы­калық фестиваль өткіздік. Одан бұрын қазақ мәдениетінің апталығын ұйымдастырдық. 2019 жылы «Алға!» деген атпен Ресейдегі қазақ жастарының алғашқы форумын өткіздік. Бұл айтулы іс-шараға Ресейдің 15 өңірінде жұмыс іс­тейтін 22 ұйым өкілдері, сонымен қатар Қа­зақстаннан 5 облыста белсенділік танытып жүрген бірнеше ұйымның жастары қатысты. Кейін Максим Споткай айтқандай, 1917 жылы Мағжан Жұмабаев пен Сәкен Сейфуллин «Жас қазақ» деген ұйым ашып, «Бірлік» деген атпен дәл осы Омбыда қазақ жастарының бірінші съезін ұйымдастырған екен. Араға бір ғасыр салып, біз жастар форумын өткізіп тұрмыз. Ол форумның жоғары деңгейде өткеніне риза болған министрліктегілер «Торғын, биыл «Алға-2» форумын қашан өткізбекшісіңдер?» деп сұрап жүр. Байқап тұрғаныңыздай, жұ­мысымыздың ауқымы кең. [caption id="attachment_182949" align="alignright" width="458"] width= «Супер келіншек» байқауы кезінде[/caption] Алдағы уақыттамузей ашуды ойластырып жүрміз. Жуырда кітапхана ашсақ па дейміз. Бізге Қазақстаннан келген, өзіміз сатып алған кітап көп. Омбы жастарының қазақтың тарихы, жазушылары­ның өмірімен танысатын бір орта керек екенін жақсы түсінеміз. Мамыр айының ортасында Қазақстанның Ресейдегі елшісі Ермек Көшер­баев біздің губернатордың кеудесіне «Достық» орденін таққан болатын. Сол кезде «Омбы жерінде үлкен жұмыс істеліп жатыр. Мәскеуде отырып «Омбы қазақтары» ұйымының жұмы­сын қараймыз. Ресейді түгел алып қарағанда «Омбы қазақтарынан» асып кеткен ұйым тап­падық» деп айтқанын естідім. Соған қарағанда, біз дұрыс жолда келе жатқан секілдіміз. Бағана сіз де үнемі біздің ұйымның аты аталады деп айтып қалдыңыз. Оныңыз рас. Себебі біз – жас­пыз, ештеңеден қорықпаймыз. Макси­ма­листпіз. Барлық іс-шараның әділ өткенін қа­лай­мыз. Екіншіден, біз осы 15 жыл ішінде бір-бірімізді жақсы танып-білдік. Әлеуетіміздің қандай екенін жақсы білеміз. Қандай істі қолға алсақ та, соңына дейін жеткізуге әрекет етеміз. Жастармен тығыз байланыстамыз.  width=– Омбы жастарының басын бір арнаға тоғыстырып, «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» отырғаныңыз бізді қуантпай қоймайды. – Осы ретте айта кететін бір мәселе бар. Қазақта «Үлкенге – құрмет, кішіге – ізет» деген мақал бар. Үлкенді сыйлау көргенділіктің белгісі екенін жастайымыздан білеміз. Десе де, осындағы көп ұйым өкілдері қазақша сөйлей ал­масаң, оны бетіңе басып, айтады. Ал тіл біл­мегенін бетіне басқан бала ұйымның жұмысына атсалыспайды, қанша айтсаң да, қазақ тілін үйренбейді. Басқа қалада тұратын апайлар «Өздерің ұйымдастыратын іс-шаралардың көбінде орысша сөйлейсіңдер» деп ренішін айтады. «Ару қызға» қатысқан, «Сәлем, жақсы» де­геннен басқа қазақша сөз білмейтінін көп қыздың тіл үйренуге деген қызығушылығын ояттық. Жоғарыда айтып өткен «Балқадиша» әнін орындаған қыз дайындық кезінде маған келіп «Мына әріпті дұрыс айтып тұрмын ба? Тыңдап көріңізші» деп қайта-қайта сұрап, қобалжығаны бар. Сол конкурстан соң Айжан ұлттық киім тіктіріп, «Студенческая весна» алаңын­да қазақша ән айтты. Мен үшін біздің жо­баларымыздың басты нәтижесі – осы. Қуа­ныш екеуіміздің жасымыз 35-те, біздің ұйым­дағы ең үлкені – бізбіз. Ал біздің қатарымызда 14 жастан жоғары жастар бар. Қуаныш бас қосқан кезде «Әркімнің пікірін тыңдағым ке­леді. Идеяларың болса, ортаға салыңдар» деп әркімге сөз береді. Мен кешкі бес жарымға дейін академияда жұмыс істеймін, сосын кең­сеге барып, жастармен ақылдасып, алда ат­қаратын шаруаларды бір пысықтап аламын. Мен үлкендерді сөкпеймін. Олар 30 жыл бұрын ешкім ойламаған дүниені іске асырып, қазақ мәдениетін ілгерілету үшін жанын берді, еңбегі сіңді. Десе де, қазіргі жастар да жаман емес. Тек олар­дың көзқарасы өзгешелеу. Қазір олар біреудің дүрсе қойып айтқанына шыдамайды, ұнамаса кетіп қалады. Оларды қамшымен ұрғы­лап, «қазақша үйрен» деп мәжбүрлей ал­май­сың. Біздегі ең үлкен проблема тіл екені сөзсіз. Бірақ жастарды жағадан тартқаннан гөрі жөн сілтеп, жол көрсету арқылы тіл үйренуіне себепкер бола аламыз. Біз көз қиығымыз, бет-әл­петіміз осындай болғаны үшін емес, қаны­мыз­да тектілік бар қазақпыз. Ешкімнен кем емеспіз. Ресейде тұрып жатқан соң айналамыз­дың бізге ерекше қызығушылықпен қарайтыны айтпаса да түсінікті. Сол үшін мен ешкімнен кем емес екенімді дәлелдеу үшін көп оқыдым, тын­бай еңбектендім. Өз-өзімді таныту үшін әкем айтқандай, Қазақстанға кетудің қажеті жоқ екенін дәлелдедім. Әрбірден соң осында өсіп-өнген барлығымыз Қазақстанға бірден бара алмаймыз ғой. Осы жердегі қазақтардың рухын көтеріп, ұлттық санасын серпілту үшін осында біреу қалу керек емес пе?! – Нәтижесінде, бұл сіздің миссияңызға айналды. – Иә, байқап қарасам, расымен бұл игі іс ме­нің миссияма айналған екен. – Әңгімеңізге рақмет! Ісіңізге сәттілік!

Сұхбаттасқан Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары