– Әрине, саяси өзгерістер туралы болжам жасайтын саясаткер емеспін. Бірақ неде болса өзгерістің бәрін жақсылыққа жорығанымыз жөн. Қарапайым қазақстандықтардың бірі ретінде Конституцияға өзгерістер жасауға байланысты өткелі отырған референдумнан көп үміт күтемін, жақсы өзгерістер болады деп сенемін. Конституцияға енгізілгелі жатқан өзгерістердің ішінде жер иесі халық екенін көрсеткен бапты қатты қолдаймын. Еліміз, жеріміз бай, аталған өзгерістер қабылданса, халыққа жақсы болар еді. Сосын ел ішінде көп айтылатын Мемлекеттік тілге байланысты мәселелер шешімін тапса екен деп ойлаймын. Әрине, Конституциямыз бойынша еліміздің барлық азаматтарының құқығы тең, демек бәріміз мемлекеттік тілдің қолданыс аясының кеңейгенін, барлық жерде мемлекеттік тілге құрмет көрсетілуін қолдаймын. Өйткені кім қайда жасаса да, сол елдің мемлекеттік тілін құрметтеуге міндетті. Осы мәселе референдумнан кейін оң шешім табар деп сенемін. Бұрынғылары туралы онша біле бермеймін, бірақ осы референдум халыққа үлкен үміт сыйлап отыр. Халық заңды, өз құқығын түсіне бастады. Сондықтан референдумнан кейін елдің бұл жөнінде түсінігі кеңейіп, мемлекетшілдігіміз күшейіп, ауызбірлігіміз арта түсетініне сенімім мол. Сондай-ақ мемлекет өз азаматтарының мәселесін лайықты шешіп, билік пен халық арасындағы байланыс нығая түсетініне сенгім келеді.
Жүктелуде...