50254
Жармада жаңаша бетбұрыс бар
Жармада жаңаша бетбұрыс бар
Шығыс Қазақстан облысының ірі аудандарының бірі – Жарма өңірі жер қойнауының байлығы және алуан түрлілігімен, көрікті табиғатымен ерекшеленетін өлке. Дамыған тау-кен өнеркәсібінің арқасында өңір облыс бюджетінің доноры, сонымен қатар егін шаруашылығын дамытудың үлкен әлеуетіне ие. Ауданда көлемі 80 миллион текше метр Шар су қоймасы және тағы да қосымша 3 су қоймасы орналасқан қуатты суғару ресурстары бар.
Ақпан айында Жарма ауданының әкімі болып тағайындалған Нұрымбет Сақтағанов қызметін барлық елді мекендерді, оның ішінде шағын ауылдардың тұрғындарымен кездесуден бастады. Тұрғындардың қажеттіліктерін біліп, олардың тұрмысымен танысты.
Адамдармен ашық сұхбат барысында таза ауызсу, көшелерді жарықтандыру, ұялы байланыспен және интернетке мұқтаждық бар екені анықталды. Жайылымдар мен шабындықтардың тапшылығын сезінетін елді мекендер, әсіресе қатынас қиын шалғайдағы шағын ауылдар жайы белгілі болды.
Кездесулердегі ұсыныс-тілектер негізінде экономикалық көрсеткіштерге талдау жасалған соң, аудан басшысының тапсырмасы бойынша 2025 жылға дейінгі кезеңге арналған стратегиялық даму жоспарын әзірлеу тапсырылды. Оған тау-кен өндіру және өңдеу өнеркәсібін дамыту, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру мен қайта өңдеуді ұлғайту, инфрақұрылымды дамыту, оның ішінде жолдарды жөндеу, көшелерді жарықтандыру бойынша тұжырымдамалық бағыттар кірді.
Алдағы уақытта таза ауызсумен қамтамасыз ету, елді мекендерді абаттандыру мен көгалдандыру, суармалы жерлерді ұтымды пайдалану, жайылымдар мен шабындықтарды әділ бөліп, экологиялық ахуалға, қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне ерекше көңіл бөлінеді.
Тау-кен өндірісінің табиғатқа және адамға зиянды әсерін ескере отырып, алтын құрамы бойынша ең бай кен орнының бірін игерумен айналысатын «Бақыршық тау-кен өндіру кәсіпорны» ЖШС орналасқан Әуезов кенті мен Шалабай ауылы айналасында жасыл белдеулер мен орман-тоғай құру мәселесі қарастырылып отыр. Бұл жоба ауданымыздың өнеркәсіп кешендері орналасқан барлық өлкелерінде жүзеге асырылады. Өйткені орман – бұл жердің тынысын қамтамасыз ететін «жасыл өкпесі» іспетті.
Сонымен қатар орман екпелері уақыт өте келе ауыл тұрғындарының демалыс орнына айналады, аймақтың флорасы мен фаунасының биоалуантүрлілігін арттыруға қызмет етеді.
Елді мекендерде санитарлық тәртіпті қамтамасыз ету, қоқысты ұйымдасқан түрде шығару, рұқсат етілмеген үйінділерді жою үшін тұрмыстық қоқысқа арналған контейнерлер орнатылған алаңдар ашылады. ҚТҚ полигондарына қалдықтарды жинау және шығарумен айналысатын мамандандырылған ұйымдар тұрғындармен шарт жасасуы қарастырылып отыр.
Ауылдарда тазалық жұмыстарына әрбір тұрғынды қатыстыру мақсатында «Үздік округ», «Үздік елді мекен», «Үздік көше», «Үздік аула» байқаулары жарияланды. Барлық ауылдық округтердің орталықтарында мамандарды тарта отырып, гүлзарлар мен көгалдар төселіп жатыр. Бұл жұмысқа жылыжай өндірісімен айналысатын жергілікті кәсіпкерлер ұйымдастырылмақ.
Елді мекендердің айналасындағы жайылымдар мен шабындықтардың ұзақ уақыт үздіксіз пайдаланылуынан,бұл алқаптар барған сайын тозып барады. Бұл мәселені шешу үшін Шығыс Қазақстан ауыл шаруашылығы тәжірибе стансасының мамандарымен бірлесіп, көпжылдық және біржылдық азықтық шөптер егу қолға алына бастады. Атап айтқанда, көпжылдық көкнайза және біржылдық «навигатор» сорты сияқты түрлерін пайдалану ұсынылып отыр.
Еліміздің «Жасыл экономикаға» көшу тұжырымдамасын іске асыру аясында ауданда жаңартылатын энергия көздері пайдаға асырылмақ. Мәселен, 2019 жылы Жалғызтөбе кентінің маңында жобалық қуаты 30 мегаватт күн электр стансасы қолданысқа берілді. Өткен жылы осындай қуаты бар жел электр стансасы іске қосылды. Жарма ауданы баламалы энергия көздері бар облыстағы бірден-бір аудан екенін айта кету керек.
Шар су қоймасының әлеуетін неғұрлым тиімді пайдалану үшін суару жүйесін қалпына келтіру мәселесі қарастырылып жатыр. Өйткені қазір 1 835 гектарды суаруға бір ғана магистралды канал пайдаланылады. Айналымға тағы үш магистралды канал енгізілгеннен кейін суармалы жерлердің көлемін 12 475 гектарға дейін жеткізу мүмкіндігі пайда болады. Бұл мал шаруашылығы үшін тұрақты жем-шөп базасын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді және ірі инвестициялық жобаларды іске асыруға негіз болады.
Осы шаралардың арқасында суару жүйесін қалпына келтіру арқылы ауыл шаруашылығы өнімінің өндірісін екі есе ұлғайтуға қол жеткізуге болады.
Жарма ауданы – қазақтың ақбас сиыры және «байыс» қойы сияқты белгілі мал тұқымдарының отаны. Ірі ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер саналатын «Шалабай» және «Қалбатау асылтұқымды мал зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері қазақтың ақбас тұқымды ірі қара малын өсірумен айналысады. «Қара Адыр», «Мүслім» толық серіктестіктері, «Дәметкен», «Тілек» шаруа қожалықтары «байыс» асылтұқымды қылшық жүнді, құйрықты, етті-майлы тұқымды қойын, «Тайлақ» шаруа қожалығы «жебе» асылтұқымды жылқысын өсіреді. Мал шаруашылығы – ауданның ауыл шаруашылығының жетекші саласы, ал ет өндірісі – ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің нақты көлем индексін қалыптастыратын негізгі көрсеткіш. Ауданда 103 534 бас ірі қара, 20 5440 бас қой мен ешкі, 38 586 бас жылқы бар.
Экономиканың аграрлық секторын одан әрі дамыту үшін Жайма және Терістаңбалы ауылдарында агрохолдинг құру және «Өрлеу» шаруа қожалығын дамыту, Қызылағаш ауылдық округінде «Қызылағаш – 2019» ауылдық кәсіпкерлік кооперативі базасында агрохолдинг құру сияқты инвестициялық жобалар іске асырылып жатыр. Мәселен, «Өрлеу» шаруа қожалығының сүт-тауарлы фермасын, құрама жем зауытын,
1 500 бас ірі қара және 3 000 бас қойға арналған бордақылау алаңдарын салу, жем-шөп және майлы дақылдар өсіру бойынша жобасын іске асыруға 5,9 миллиард теңге көлемінде инвестиция құю көзделген.
Жарма ауданы алтын шұғылалы аймақ деп аталады. Бірақ Жарманың басты байлығы – оның халқы. Облыс атауына ие болған ұлы Абайдың өсиеттерін өмірлік ұстаным санайтын өңірдің туған өлкесіне жанашыр, еңбекқор азаматтары ауданның көркеюі үшін бар күш-жігерін жұмсайтынына, кемеңгер тұлғаның аманатына адал болатынына сенім мол.
Б.БАЛЫҚБАЙ