50673
Елімізде әлі күнге дейін сәләфизм-уахабизм идеологиясына ресми тыйым жоқ – Жандәулет СҮЛЕЙМЕНОВ, теолог, сарапшы:
Елімізде әлі күнге дейін сәләфизм-уахабизм идеологиясына ресми тыйым жоқ – Жандәулет СҮЛЕЙМЕНОВ, теолог, сарапшы:
Мемлекет әрқашан елдің рухани болмысы мен әлеуметтік-психологиялық қалыбына кері әсер ететін әдет, құбылыстарға шектеу қойып, оған қарсы күрес шараларын да ұйымдастырып отырады. Дегенмен, бірнеше жыл көлемінде үздіксіз жүргізіліп келе жатқан күрестердің ішінде ең жиі айтылатын екі түрі бар. Біріншісі – жемқорлықпен күрес, екіншісі – терроризмммен күрес. Осы екі бағытқа да жыл сайын қаржы да бөлінеді, түрлі жобалар да өткізіледі. Бірінші бағыт көбіне саяси бақылауда болса, ал екіншісі саяси бақылаудан бөлек, дін мәселелерімен де ұштасып кетеді. Террорлық актілердің пайда болуы, экстремистік, радикалды ағымдардың сипаты туралы толығырақ білу үшін гуманитарлық сала магистрі, дін саласы бойынша эксперт, теолог Жандәулет Сүлейменов мырзаны сөзге тартқан едік.
ҚАСТАНДЫҚТАР НЕГЕ
5 ЖЫЛ САЙЫН ҚАЙТАЛАНАДЫ?
– Жандәулет Отарбайұлы, сұхбатымыздың басында жалпы діни радикализм мен экстремистік ағым деген сөздерге анықтама беріп өтсеңіз. Елімізде тіркелмеген қандай теріс бағыттағы ұйымдар бар?
– Экстремизм қоғамда қалыптасқан ортақ қағидаларды жоққа шығара отырып, шектен шығу дегенді білдіреді. Бұны дінге алып келетін болсақ, діни экстремизм – белгілі бір топтардың қоғамда қалыптасқан діни құндылықтарды мойындамай, айыптап және өздерінің теріс пиғылдарын сол қоғамға сіңдіруге агрессивті тұрғыда атсалысатын көзқарас. Демек, діни экстремизм идеологиясы адамдарды түрлі қылмыстық әрекеттерге итермелеп, оның соңы террорлық актілермен аяқталып жатады. Бірақ террорлық акті бір күнде жүзеге аспайды. Байыпты, бейтарапты күйдегі адам бір сәтте террорист болып кетпейді.
Жалпы, адамдардың радикализмге ұшырау процесі екі кезеңді қамтиды. Алғашында адамның теріс ағымға кіріп кеткені аса байқала қоймайды. Өйткені ол әуелі өзіне жеткен экстремистік көзқарастағы идеялар мен ақпараттарды рухани, діни фильтрі дұрыс қалыптасып үлгермеген санасымен қабылдап, бейнебір талдау жасағандай болады. Соның салдарынан ол субъект қате тұжырымдар мен қате анализдер жасайды. Ал екінші кезеңде ол өзінің жасаған пайымын, дұрыс деп санаған идеологиясын өзгелерге тарата бастайды. Және олардың көбі тек өз қағидаларын ғана қатаң ұстанып, басқа көзқарастарды қабылдамай, «сен тозақта өртенесің», «қазіргі қоғам адасуда» деген сияқты діни мотивтенген әңгімелерді эмоционалды, агрессивті түрде айтатын болады. Яғни басқаларды «тозақ отынан», «қабірдің азабынан» құтқаруға көшеді. Міне, дәл осы кезеңде ғана олар ерекшеленіп, қоғамнан бөлектене бастайды. Осылайша олар бірнеше кезеңнен өтіп келіп, соңында вакуумдық тұйыққа тіреледі.
Ал елімізде радикализмді ұстанған топтар болды, әлі де бар. Тіпті олардың қауіпті болғаны сонша, мемлекет «ДАИШ» (ИГИЛ), «Таблиғи жамағат», «Фронта Нусра» «Джабхад ән-Нусра» т.б сияқты деструктивті ағымға қатысы болған 20-дан аса ұйымға соттың шешімімен тыйым салынды. Елді іштей ыдыратып, оның басты құндылықтарына қарсы шығатын, онда өмір сүріп жатқан адамдардың өміріне қауіп тудыратын кез келген идеология, кез келген құрылымға мемлекет тоқтау салуға міндетті. Алайда, олар «бізге заңмен тыйым салынған екен, енді тоқтайық» деп ешқашан айтпайды, керісінше, жасырын, жария, қандай мүмкіндіктер бар, соның бәрін пайдаланып қалуға тырысады. Мемлекеттің де ел тұрғындарының қауіпсіздігіне бағытталған арнайы функциялары бар. Мысалы, Қылмыстық кодекстегі «Соттың шешімімен тыйым салынған ұйымдардың жұмысына атсалысу» деген арнайы бапты айтуға болады. Осы бап бойынша ұсталып, қылмыстық жауапкершілікке тартылған қаншама адамдар бар.
– Деструктивті ағымдар мен ұйымдар көп шоғырланған еліміздің белгілі бір аймақтары бар ма?
– Бүкіл Қазақстанда діни радикализм мәселесіне қатысты идеологиялық проблемалар бар. Кейде батыс аймақтарын «теріс ағымдар шоғырланған өңір» деп жатады. Мұнымен толықтай келісе алмаймыз. Ол өңірлердің менталитеті басқаша және олардың тіке айтудағы өр мінез қасиеттерін қаттылыққа балап жатады. Мүмкін, сол ерекшеліктеріне байланысты олардың арасында діни мотивтенген адам болса, ол одан сайын агрессиялық кейіпке енеді. Мысалы, бірдей деңгейде радикализмге ұшыраған еліміздегі оңтүстік пен батыс өңірінің адамын салыстырсақ, екіншісі міндетті түрде көзге ұрып тұрады. Өйткені жергілікті ерекшелік соны байқатады. Ал жалпылай айтатын болсақ, статистикалық көрсеткіштер бойынша, қай өңірде халық саны көп шоғырланса, экстремистік бағыттағы топтарды қолдаушылар да сол өңірде көптеп табылып жатады. Ол – қалыпты тенденция.
– Елде болған соңғы жағдайлар кезінде біраз басылып қалған «террористер» ұғымы қайта бой көтерді. Қазір олардан келетін қауіп қаншалықты жоғары?
– Қарапайым халыққа олар «басылып қалған» сияқты көрінгенімен, біз сияқты теолог мамандар террористер мәселесімен үнемі бетпе-бет келіп жатады. Тарихта бұл топ өкілдеріне «бүлікшілер», «сойқан салушылар» деген атау беріліп жүрді. Қазір заманның дамуына байланысты олардың қылмыстық әрекеттерін «вандализм», «террорлық акт» деп, ал өздеріне «ұйымдасқан қылмыстық топ» немесе «лаңкестер», «террорлар» деген сияқты құқықтық тұрғыдан терминдер беріліп, заңмен бекітіле бастады. Ел құлағына олар туралы барлық ақпарат жете бермегендіктен, бұл деструктивті топтардың жұмысы саябырлағандай көрінеді. Дегенмен, кешегі қаңтар оқиғасы кезінде олардың аттары қайта естіліп, қоғамдық, саяси резонанс тудырды. Бұл нені көрсетеді? Демек, олар кез келген күтпеген уақытта, біз ұмыта бастаған кезде шыға келуі мүмкін. Діни мотивке негізделген лаңкестік әрекеттер елімізде кезең-кезең бойынша жүріп келе жатқанын көрдік. Мәселен, ең алғашқы террорлық актілер 2011 жылдары әр өңірде дүмпу ала бастады. Одан 5 жыл өткен соң 2016 жылы Ақтөбе қаласында көрініс тапты. Ол оқиғадан кейін тағы да 5 жылды артқа салып, 6-жылға аяқ басқан шақта Алматыда ірі көлемдегі лаңкестік шабуыл болды. Елдің үрейін алып, мемлекеттің тыныштығын, конституциялық құрылымды бұзуға бағытталған осындай үлкен-үлкен қастандықтардың неге әр 5 жыл сайын қайталанатыны сарапшы маман ретінде мені де қатты алаңдатады. Бұл шынымен кездейсоқ па?!
«ТАҚИЯ» ТӘСІЛІН ҚОЛДАНАТЫНДАР ТАҚЫРҒА ОТЫРҒЫЗУЫ МҮМКІН
– Қаңтар оқиғасына ойыссақ. Республикалық деңгейде қандай шаралар жүзеге асырылды? Тосыннан болған бұл жағдай бұрынғы жұмыс жоспарына өзгерістер әкелді ме?
– Қаңтар оқиғасына қатысты тергеу әлі де жүргізіліп жатыр. Тергеу, сот органдары нақты мәліметтер шығарған жоқ. Сол үшін де ол туралы толықтай шешім айтуға әлі ерте. «Ол жерде тек радикалдар, террористер, дінге сенушілер ғана болды» деген жаңсақ пікірлер бар. Қоғамды құраушы таптардың кез келген өкілі алаңда жүрді. Бірақ осы сәтті тиімді пайдаланып қалуға тырысқан діни экстремистік бағыттағы адамдардың да ол оқиғаға қатысы болған тәрізді. Кейін күштік құрылымдар тексеру шараларын жүргізген кезде үйлеріне үлкен қару-жарақтар жасырған түрлі ағым өкілдері ұсталғаны рас. Бәріміз күтіп отырған мемлекеттік деңгейдегі шешім шыққан кезде ғана біз діни сарапшы ретінде талдап, бұған қатысты өз пікірлерімізді, тұжырымдамаларымызды айта аламыз.
Дегенмен, тергеудің барлығы бітіп, ақпарат жария болған жағдайда қазіргі сәләфилік бағыттағы уахабилік идеологияны ұстанушылардың осы оқиғаға ықпалы болғаны айтылса, мен таңғалмаймын. Демек, сол кезде теолог, сарапшы мамандардың осыған дейінгі бағамдауы дұрыс деген тұжырымдама жасауға болады. Өйткені уахабилік-сәләфилік идеология шынтуайтынына келген кезде мемлекеттің заңын қолдамайды, мемлекеттің құндылықтарын мойындамайды, елдің ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүрін жоққа шығарады.
– Жалпы, сәләфизм бізге қашан келді? Оның уахабизм идеологиясына қаншалықты қатысы бар?
– Сәләфизм мен уахабизм екеуі де бір ұғым. Алғаш бұл идеологияны араб жерінде Мұхаммед ибн-Абдул Уахаб деген адам негізін салып, Нәжім деген жерде тарата бастаған кезде өзіне өңіріндегі ең қатал, дөрекі деген адамдарды тартқан. Идеологиясын тарату жолында дәл соларды әскер етіп, ізіне ертіп жүрген. Өйткені дөрекі адамдардың күшін қолдану арқылы «дінін» неғұрлым тез таратуды көздеген. Сол сыртқы және ішкі сипат әлі күнге дейін сақталып қалды. Олардың жанына жолап кетсең, агрессияның «иісі» мүңкіп шыға келеді.
Біздің елімізде бұл идеология тәуелсіздік жылдары тарай бастады. «Қазақстанға нағыз ислам діні 1991 жылы келді» деген сөзді де айтты солардың белді өкілі. Ал ол жыл – елге уахабизм келген уақыт. Соны меңзеп тұр ғой. Біздің тарихымызда болған, ислам дінін ұстанған батыр бабаларымыз, ақын-жырауларымыздың барлығы – олардың тілінше «адасқандар».
Ал негізінен «сәләфтар» деген ислам тарихында бар термин, Пайғамбар мирасын жеткізуші сахабалардың, одан кейінгілердің дәуірі ретінде есте қалды. Ол кездегі сәләф болған кісілер шынайы исламды ұстанды. Бұлардан кейінгі 10 ғасырға жуық уақыттан соң радикалды діни идея пайда болды да, тарихта жақсы атпен қалған қауымды бүркемелеп, «біз де солардың қатарынанбыз» деп, басқаша таныта бастады. Мәселе осыдан туындайды.
– Қазіргі сол бағытты ұстаушылардың діттегені не сонда?
– Сәләфизмді ұстанушылардың ең басты мақсаты – өздерінің діни бағыттарын насихаттаумен қоса, қоғамда үстемдік құру арқылы билікті иемдену. Яғни, дінді құрал қылу арқылы саяси мүддеге қол жеткізу. Ал дін – екінші орында. Өздері ұстанған радикалды жол арқылы өзге топтарға өктемдік жүргізу, қол астындағыларға күштеу, мәжбүрлеу шараларын қолдану арқылы бағындыруды көздейді.
Шариғатта «тақия» деген термин бар. Қазақша баламасы «бүркемелеу», ғылымда оны конспирация деп атайды. Яғни, олар өздерінің түпкі мақсатын ешқашан ашып айтпай, оны басқаша безендіреді. Ал ол мақсатқа жету үшін не істейді? «Тақия», яғни конспирация әдістерін қолданып, алдау-арбауға көшеді. Ол – өте қауіпті. Қазақ «бетіңе күліп қарап тұрып, арқадан пышақ сұғатын адамнан без» дейді ғой. Сол қорқынышты типтің бірі – осы сәләфизмді ұстанушылар. Қазір олар түрлі әдіс-тәсілдерге көшіп жатыр. Қазақстанда олардың белсенді қалыптасқан екі тобы бар. Біріншісі – такфирлік бағыт, екіншісі – мадхалиттік бағыт. Бірінші бағыттағылар – қоғамға разы емес, агрессиясын ашық көрсететіндер. Сол үшін де оларды анықтау мемлекет үшін оңайырақ. Қазіргі қоғамда терроризм баптарын ұйымдастыру бойынша айыпталып отырған азаматтардың көбі – осы такфирлік идеяны ұстанушы жамағат өкілдері. Олар – ашық түрде адамдарды кәпірлікпен айыптаушылар тобы. Ал екінші, мадхалиттік бағытты ұстанушылар өз идеологияларын жасырын ұстайды. Яғни, олар салт-дәстүрді де дәріптейтін түр танытады, мемлекетті де мойындайтын кейіп көрсетеді. Солайша «заңға бағынуға болады», «президент ол – патша, әмір» деген сияқты бетперде кию арқылы жағынып, «тақия» тәсілін қолданады. Ал өзара қалған кезде жеке әңгімелері мүлде басқаша. Бұлардың мемлекеттік қызметке келу жағынан потенциалы мен мүмкіндігі алдыңғы топқа қарағанда өте жоғары.
Өзінің ішкі позициясын жасырып, билікке жетуді көздейтін тек сәләфилер ғана емес, басқа да топтар бар. Мысалы, түркі мемлекеттерінен келген діни идеологиялар. Осыны зерттеу, талдау, сақтандыру жұмыстарын жүргізу кенже қалып қойды бізде. Мысалы, Түркиядан келген діни ағымдар. Олар мүлде агрессивті үгіт жасамайды, керісінше бейтарап позицияны ұстанып, біздің тарихты, дәстүрді, заңды мойындайтынын айтады. Бірақ, мақсаттары – өздері қалыптастырған мектептерінің идеологиясын астыртын насихаттап, билікке келу. Заңмен тыйым салынбағаннан кейін, ол топтардың кейбір өкілі заңды тұлға, заңды мекеме ретінде тіркеліп, жұмыс жасап отыр. Және ресми тіркелмесе де, өз ұстанымдарын жасырын жүргізіп отырған да бағыттар бар. Иә, олардан келетін әлеуметтік, діни, ашық радикалды қауіп жоқ болуы мүмкін, алайда ертеңгі күні саяси қауіп туындату ықтималдығы әлдеқайда жоғары. Саяси және діни бағытты қатар ұстанған олар қазір билікке келудің түрлі жолдарын қарастырып жатыр. Түркия мемлекетінің өзі бірнеше жыл бұрын осындай топтың бірінен зардап шегіп, үлкен мемлекеттік деңгейде зардапқа ұшыраған еді. Сол үшін де мемлекет мұны басты назарға алып, діни ахуалға толық талдау, бағалау жұмыстарын жүргізуі қажет. Яғни діни саланың кез келген саяси, әлеуметтік, дәстүрлі бағыттарына ғылыми-практикалық баға беріліп, қазірден бастап алда болуы мүмкін мәселелерге болжам жасалуы керек. Әйтпесе, кешегі қаңтар оқиғасынан да ауыр зардап тартып қалуымыз әбден мүмкін. Бұған қатысты қолдан өткен нақты практикалық дәлелдер жоқ, бірақ теориялық өлшемге сүйенсек, күтілетін қауіп мөлшері төмен емес. Дедукциялық мәселеден индукциялық мәселені қарап шығу маңызды.
– «Радикализацияға ұшырау, ол сіздің қалтаңызға, алған дипломыңызға қарамайды. Алдына келген проблеманы талдай алмаған адам, қандай білім алса да жеткіліксіз» депсіз бір сұхбатыңызда. Демек, деструктивті ағымға еріп кету үшін жоғары білімнің және материалдық жағдайдың жақсы болуы да кедергі емес боп тұр ғой?
– Қоғамда «оларға көп ақша беру арқылы ұйымдарына кіргізіп алады екен» деген қате түсінік бар. Дәл ислам діні ағымдарына осы пікір онша келіңкіремейді. Шамамен жүз адамның тек 5-6-ауына ғана қаржылай көмек берілетін шығар. Демек, бұл жердегі мәселе басқада. Қанша білімді, қалталы адам болсаң да, діни құбылысқа талдау жасау қабілетің қаншалықты кенже болса, оған еріп кету мүмкіндігің соншалықты жоғары. Ол ағымдардың ішінде байы да, кедейі де, оқыған, оқымағаны, тіпті танымал спортшылар да бар.
Қазақта «Келіннің бетін кім ашса, сол ыстық» деген мәтел бар. Оны тура мағынада түсінудің қажеті жоқ. Кез келген адам қиналғанда, жан-жағынан қолдау күткенде, рухани күйзеліске ұшырағанда, ең алғашқы болып қолын созған жанды ешқашан ұмытпайды. Сондай сәтте оған бір ағымның мықты үгітшісі жолыға қалса, соның жетегінде қалай кеткенін өзі де байқамай қалады. Кейде осындай теріс идеология құрбаны болған адамдармен теолог мамандар 5 жыл, тіпті 10 жыл оңалту жұмысын жүргізіп, ойынан айныта алмай жатады. Есірткі, алкоголь тәрізді зиянды әдеттер адамның қанына әбден сіңген сайын одан бас тарту қиынға соғатыны сияқты, деструктивті уағыздар мен ойлар бойын дендеп алған адамды да ол ұйықтан шығарып алу оңай емес. Тіпті ақша да құтқара алмайды. Оның ақыл-ой қалпын ескере отырып, психологиялық, теологиялық тұрғыдан емдеуге тура келеді. Идеологиялық жұмыстың ерекшелігі мен ауырлығы да сонда.
– Теологиялық дұрыс көзқарас деп жатырмыз. Жауыр болған сұрақ болса да қояйын, теріс идеологияға қарсы иммунитет қалыптастыру үшін не істеу керек?
– Кез келген адамның ішінде рухани вакуум бар. Сол вакуумды кім толтырып үлгерсе, адам соған қызмет етеді. Әр адам өз өміріне, өзінің қауіпсіздігіне бірінші кезекте өзі жауапты. Одан кейін мемлекет жауапты. Егер кім-кімде болсын осы радикалды, деструктивті бағыттарға қатысты жеткілікті ақпараты, оған қарсы иммунитеті болса, соғұрлым бұл мәселеден айналып өте алады. Яғни экстремистік пиғылдарды танып, оны негізгі діннен ажырата алу үшін діни сауаттың дұрыс қалыптасуы маңызды. Ал қандай да бір діни мәліметке тап болғанда, суық ақылға салып сараламай, құлай беріліп, көзсіздікпен қабылдайтын болса, ол адамның болашағы бұлыңғыр. Ал ол бұралаң жолға алғашқы боп жетелеп түсіріп жіберген адамды «ұстаз» тұтып, соған ғана бас ұрып өтеді. Ал сол «ұстаздары» ең басында «бүлік шығарамыз», «бір жерді жарамыз» деп айтпайды ғой. Жұмақ пен тозақ, қабір азабы деген сияқты әңгімелерімен арбап бастайды. Көбіне олардың уағыздары қаттылыққа негізделген. «Дін деген – ең көркем мінез құлық. Ең жақсы мінез кімде болса, соның таразысы тартып тұрады» дейді пайғамбарымыз. «Өзгеге мейірімділік қылмаған адамның өзі де мейірімділік көрмейді» дейді ол тағы да.
Ислам – мейрімділік пен бейбітшілікті насихаттайтын дін. Ал егер де кімде-кім Алланың жақсы сипаттарын басқа формаға ауыстырып, исламның ізгі идеяларын бұрмалап, қатыгездік, қорқыту-үркіту арқылы біреуді дінге мәжбүрлейтін болса, ол ең қауіпті жол деген сөз. Қатыгездіктің үстіне құрылған діннің ғұмыры ешқашан ұзақ болмайды. Кейін инерцияның заңдылығымен ол қаттылықтың ұшы субъекттің өзіне келіп тиеді.
100 АДАМНЫҢ 85-І ИНТЕРНЕТ АРҚЫЛЫ АРБАЛАДЫ...
– Қазір әлеуметтік желілердің үстемдік құрып тұрған заманы. Демек, интернеттің бар мүмкіндіктерін пайдаланып, қоғамдағы діни түсініктерге қатысты ақпараттық анықтама беруге, ағартушылық жұмыстарын жүргізуге болады ғой?
– Теріс ағымға кірген 100 пайыз адамның 85 пайызы интернет арқылы арбалады. Демек, онда радикалды уағыздар қолжетімді деген сөз. Бұғаттау шаралары арнайы органдар арқылы тәулік бойы жүргізіліп жатыр. Соған сәйкес олар да уағыз платформаларын жаңадан ашып жарысады. Бүгін біреуін жапсаң, ертең екеуін ашады. Техниканың дамыған мүмкіндіктерін пайдаланып, домендерді лақтырып отырады, фейк аккаунттарды қолданады. Мысалы, кавказдық уағызшы Костекский кемі 3 жыл көлемінде интернетте, әлеуметтік желілерде еркін уағыз таратып келді. Мен теріс ағымды насихаттаған, сол бойынша түрмеге түскен адамдармен жұмыс істеймін. Соңғы сотталушылардың көбі осы Костекскийді тыңдаған болып шығады. Демек, оның уағыздары біздің елімізде де қолжетімді болған. Оны бір апта бұрын ғана Түркияда Интерпол қызметі қолға түсірді. Ал ол осы кезге дейін неге ұсталған жоқ? Сонда, мұның астарында саяси ойындар жүріп жатыр ма? Бір топтарға керек болған солай жасау, оған еркіндік берген. Айналып келгенде, ел азаматтарының қауіпсіздігі үшін олардың теріс пиғылға сеніп сотталмауына жағдай жасау керек. Ал мұндай «уағызшылар» тарала беретін болса, әлі қаншама адамдар қылмысқа баруы мүмкін.
– Мұндай теріс ағымдардан сақтандыру үшін теолог, ғалым мамандар арнайы платформалар ашып, танымдық-ағарту жұмыстарын жүргізуі керек сияқты. Әлде оларды ешкім қарамай ма?
– Ондай платформалар ашылған және өте көп. YouTube-ке салған 1 бейнеақпараттың қаралым саны 100 мың, 200 мыңға дейін жетеді. Демек, осыншама адам сол радикалды бағыттардағы ағымдарға еруден аман қалып, теріс идеологиядан құтқарылып жатыр деген сөз. Біздегі қағида, баға беру басқаша. Мысалы, қанша адам құтқарылып қалды? Білмейміз. Ал қаншасы құтқарылмады? Оны айта аламыз. Мыншасы сотталды, мыншасы қолға түсті деп. Қаншама мемлекет қанша терактінің алдын алды? Оны ешкім көре алмайды. Ал теракті болса, біз тез көреміз. Жалпы құбылыс солай. Құтқарушылар мен арбаушылардың арасында үздіксіз екі жақты текетірес, ақпараттық майдан болып жатады. Оны қарапайым халық көре алмауы мүмкін. Рухани күйзеліп, діннен пана іздеген адамға осы екі тараптың қайсысының ақпараты бірінші жетеді, мәселе сонда. Сол үшін мемлекет үнемі даярлық үстінде отырады. Осы бағытта жұмыс істейтін арнайы дін ғалымдарының pool-ы бар.
– Діни экстремизм мен терроризмге қарсы күресте 2016 жылдан бері қалыптасып қалған бір жоспардың өзгермегенін, дін істері бойынша «жаңаша» форматқа негізделген реформалар қабылдау керектігін айтып жүрсіз. Бұған қатысты құзырлы органдардан жауап болды ма?
– 2016 жылдан осы 2022 жылға дейін сол бір жалпылама әдіспен келе жатырмыз әлі. Қаңтар оқиғасы болды, діни сипаттағы шаралар болды, әлі күту үстіндеміз. Жылдар бұрын 2013-2017-ге арналған бағдарлама қабылданған, ол бітті.
Қазір 2017-2022 жылдарға арналған, діни экстремизм мен оның алдын алуға бағытталған мемлекеттік бағдарлама аяқталып жатыр. Демек, 5-5 жылдан 10 жылдық бағдарламаны бітірдік. Бұл аз уақыт емес. Толыстық, жетілдік, кемшілігімізді де, артықшылығымызды да көрдік. Бірақ мұнымен тоқтап қалуға болмайды. Енді алдағы жылдарға арнап қандай бағдарлама жасауымыз керек деген мәселеге үңілуге тиіспіз. Үлкен кешенді, барлығын қамтитын метабағдарламаларды құрастыру керек. Оған құқықтық тұрғыдан баға беруді де ұмытпаған жөн. Былтыр осындай шара, конференция өткіздік, биыл да солай болсын деген қағида мүлде іске аспайды. Қазіргі уақыт ағымына сай техника да, адамға ақпаратты жеткізу тәсілдері де дамып жатыр. TikTok бар, Instagram бар, мысалы. Дәстүрлі форма да керек, бірақ тек сонымен ғана жүре беруге болмайды. Оған қатысты біздің тараптан ұсыныстар берілді. Алдағы қабылданайын деп жатқан «Ұлттық жобадан» күтетін жаңашылдықтарымыз көп. Заманның дамуына байланысты осы саладағы кейбір қызметтерді жаңалауды қажет етіп отырғанымыз рас. Өйткені, 10 жыл бұрынғы діни ахуал қай күйде болды, 10 жыл бұрынғы діни қатынастарға қатысты қабылданған заң қандай болды, әлі сол жолмен келе жатырмыз біз. 1-2 жылдың ішінде кейбір тармақтар толықтырылғанымен, үлкен-үлкен өзгерістер бола қойған жоқ. 2018 жылы ол заң толық көлемде, аналитикалық тұрғыдан талданып, жаңаланады деп күтіліп еді, алайда белгілі бір себептерге байланысты оны тоқтатып тастады. Бірақ 2011 жылы қабылданған «Діни қызмет және діни бірлестік» атты құқықтық заңнамада дәл осы деструктивті бағыттарға арналған баптарды жетілдіру керек. Өйткені жыл ішінде көп нәрсе өзгерді, көп дүниеге басқаша ракурста қарау керек боп тұр.
Әрбір адам мемлекетте бүлік, террорлық әрекеттер болғанын, қоғамның жайсыз күй кешкенін емес, керісінше, ешқандай содырлардың ортаға шықпағанын, елдің тыныш болғанын, алға дамығанын қалайды. Солай ете тұра, осы бағыттағы жұмыстардан тез нәтиже көргісі келеді. Темір торға түскен сотталушы тез райынан қайтса, онымен жүргізілетін психологиялық-теологиялық оңалту шаралары тек оң бағытта өрбісе, қоғамда ешқандай теріс пиғылды адам қалмаса деп тілейді. Бірақ, өзгерістің неғұрлым жылдам болғанын қаласаң, онда күткен нәтижеңе сәйкес соншалықты тез әрі ұтымды шешімдер қабылдауға тура келеді. Ол не? Уахабилік бағытты ұстанушы сәләфизм ағымына сотпен тыйым салу керек.
– Оларға әлі күнге дейін тыйым салынбаған ба сонда?
– Иә, елімізде «сәләфизм-уахабизм» идеологиясына ресми тыйым жоқ. Тыйым салынғандар тізімінен олардың атауын таппайсыз. Жақсы, егер саяси, халықаралық деңгейдегі ұстанымдарға қайшы келеді деген пікірді ескеретін болсақ та, оған жетелейтін жолдарды тоқтатуға болады ғой. Сөз бен әрекет әрқашан бір жерден табылғаны дұрыс. «Қоғамда тыныштық болсын» десек, сол тыныштықты бұзуға, іштей ыдыратуға бағыттайтын каналдардың жолын кесу керек.
Сосын, бір процесс өте ұзақ мерзімде жасалып, бірақ одан мәселе шешілмей жатса, бір жерден кінәрат кетті деген сөз. Мысалы, «алдын алу керек», «тоқтату керек» деген сөздер айтылады, бірақ терактілер басылмайды. Мен мұны бір салаға бағыттап емес, ғылыми тұжырымдарға сүйеніп айтып отырмын. Кез келген жоба 100 пайыз идеалды болмайды. Кемшілігі болуы мүмкін, бірақ оның бәрі тәжірибе барысында жөнделіп отырады. «Тәуекел түбі жел қайық, өтесің де кетесің» деген сөз бар ғой қазақта. Құндылық айқындалды ма, жоспар бар ма, алға қарай жүре беру керек. Ол кемшіліктерді мүлде болдырмаймыз деп, процесті бір орында ұстап тұруға болмайды. «Жоқ, бұған құқықтық баға беріп алайық» немесе «терең зерттеп, талдай тұрайық» десек, көп уақытты жоғалтамыз. Ал радикалдар ешқашан тоқтамайды.
– Әңгімеңізге көп рақмет!
Сұхбаттасқан Әсем БЕКТЕМІРҚЫЗЫ