503
Дәуір жаңарса, құндылық өзгеруге тиіс
Дәуір жаңарса, құндылық өзгеруге тиіс

Адам болмысы жағынан табиғаттан алшақ емес. Оны айтасыз, жаратылыстың көктемі мен жазы, күзі мен қысы болатыны секілді адам өмірі уақыт өте солай өзгеріп тұрады. Ал сананың өсуі де тарихи жадыны жаңғырта тұра оның мән-мағынасын айқындап, керегін алып, керексізін күресінге лақтырып отыратынымен көрініп отырады. Себебі қоғам дамуы өткеннен сабақ ала тұра оны бүгінімен бағамдап, келер күніне қажет не қажетсіз екенін үнемі саралап отыруына байланысты.
Жас қартаймақ, жоқ тумақ, туған өлмек,
Тағдыр жоқ өткен өмір қайта келмек.
Басқан із, көрген қызық артта қалмақ,
Бір Құдайдан басқаның бәрі өзгермек.
Ұлы Абайдың осы бір сөзінде жаратылыс заңдылығы айқын көрінеді. Демек, қазақтың да дәуірлер тынысында ойы сергіп, өткеніне серлей қараса, көп нәрсенің сырын ашып, өзіне тізгін бермеген замандарда санасына зорлап таңылған қайсыбір ұғым-түсініктерден арыла бастауы тиіс. Статистика бойынша бүгінде жан саны 19 миллионнан асқан халқымыздың тең жартысы 30 жасқа дейінгілер екен, яғни, тәуелсіздіктен кейін дүниеге келгендер. Бұл ендігі кезекте біздің елімізде идеологияны жаңаша жүргізу қажеттігін көрсетеді.
Шынын айту керек, қай салада болса да, бізде әлі күнге дейін басшылық қызметте жүргендердің көбі кеңестік кезеңде туып, білім алғандар. Демек, қоғамдық дамуға деген көзқараста әлі де ескішілдік басым деуге болады.
Әрине, қоғам санаулы жылдардың ішінде түбегейлі өзгеріп, жаңарып кете қоймайды. Қай дәуірдің адамдарында болса да, өзіне сай либералдық көзқарастар болады. Бірақ қоғамдық даму адамзат үшін аса қажетті құндылықтардан өзгесін ысырып тастап отырады. Сондықтан қанша қимасақ та, әлемдік даму үрдісіне кіндігімізден байланған мына дәуірде талай нәрсемен қимасақ та қоштасуымызға тура келеді. Өйткені өткеннің рухани ресурсы таусылмай тұрмайды.
Басқаны былай қойғанда, жасы елуден асып бара жатқан біздің қатарластарымыздың азаматтық санасы қалыптасар тұс тәуелсіздікпен тұспа-тұс келді. Ол бір жаңару, жаңғыру дәуірінің басы еді. Ал тәуелсіздіктен кейін туғандар өз елін азат сана, еркін даму жолында көріп ержетті. Ендеше қаншама ұлттық тарихымыздың белгілі бір кезеңін алып жатса да, кеңестік дәуір идеологиясы сіңірген талай рухани құндылықтардың біртіндеп-біртіндеп бояуы оңып келе жатқанын мойындауымыз қажет.
Кеңестік дәуір ортақ Отан деген ұғымды миымызға сіңірді. Ол тек біздің ғана емес, он бес одақтас республикада өмір сүрген барлық жұрттың санасынан мықтап орын алып, бір мақсатқа жұмылдырды. Бірақ амал не, қазақ айтпақшы, «Кезі келгенде бастан жақ та ажырайды» екен. Алып империя іштен іріп, бір-ақ сәтте шаңы бұрқ еткенде әркім өз шаңырағын шаң-тозаңнан арылтып, қайта көтеріп жатты. Сөйтіп бір жарым ғасырға желкелеп тұрған жуық жаттың бодандығынан басымыз босап, жаңа мемлекет құрдық. Ал жаңа мемлекеттің жаңа бағыты болары анық. Біз ол бағытта да айтуға болатындай жетістікке жеттік: әлемнің барлық елдерімен тереземізді тең ұстап еркін байланыс жасай бастадық, саяси-экономикалық жүйеміз жаңарды, рухани әлемімізді керексіз нәрселерден тазарта бастадық. Дегенмен әлі күнге көшкенде ескі-құсқысын тастауға қимайтын сүйегіне жоқшылық өтіп кеткендердің әдеті бізден әлі күнге қала қоймаған секілді...
Айталық, халқымыз үшін тозбайтын рухани құндылықтарды түгендеп жатқан заманда орынсыз кертартпалық – біздің құтылуымыз тиіс бір әдет. Адамдар сана тәуелсіздігіне ұмтылып жатқан шақта құны төмендеген кейбір нәрселерден бас тарту ең әділ іс дер едік.
Кеңестік дәуірдің біз орны толмас қайғы-қасіреттерін сезіне білуіміз керек. Сондықтан өткеннің бізбен санаспаған саясаты санамызға зорлықпен таңған кейбір пафостары ендігі жағында бізбен бірге еріп жүрмеуі керек. Айталық, Екінші дүниежүзілік соғыс. Шыны керек, ол соғыста біздің аталарымыз қан майданда ерлік көрсетті, миллиондаған қазақ қыршын кетті. Бірақ соның пайдасын ақыр-соңында кім көріп отыр?
бүгінгінің санасы ояу, зердесі жүйрік жастары «жеңіс күні» мейрамын тойлауға, шын мәнінде, құлқы жоқ. Оларға өкпелей алмайсың, өйткені бүгінгі күннің шындығы солай екенін көз көріп, құлақ естіп жүр...
Қазір бұл мәселеде халық пікірі екіге жарылған. Бір тобы «Сол соғыста аталарымыз қан төгіп, жеңіске үлес қосты. Сондықтан оны тойлауға моралдық қақымыз бар» десе, екіншілері «Жетпіс миллионнан аса адамды жер жастандырған, оның ішінде миллиондаған қазақты келмеске жіберген соғыс екі елдің, екі түрлі жүйенің арасындағы саяси текетірестің кесірінен тұтанды. Ендеше жазықсыз халықтың қанын төккен және игілігін өзгелер иеленіп отырған жеңісті тойлаудың қазаққа не керегі бар?» деген уәж айтады. Міне, осыларды сараптай келгенде, шындықтың кейінгілерге бүйрегі бұратынына көңіл сенердей.
Тарихқа әрдайым кейінгілер дұрысырақ баға береді. Өйткені адам баласы уақыт өткен сайын ес жиып, сараптауға мүмкіндік алады. Демек, бұл – ойланатын нәрсе.
Өткен жылы әлеуметтік желіге мынадай деп пікір қалдырыппын:
«9 мамыр да өтті өйтіп-бүйтіп. Ол жайында пафостар болды біраз, сын көзімен қарағандар да аз болмады. Бұл нені көрсетеді?
Ең бірінші сабақ алатын нәрсеміз – жаттың жерін қорғау үшін төгілген қан зая кетеді екен. Сосын, тарих, ерлік дегеннің тек Қазақстанға – өз Отанымызға қатысты жерін ғана ұлықтаймыз деген санасы азат ұрпақ өсіп келе жатыр. Олардың «Отан соғысы», «Ұлы жеңіс» деген ұғымдарға көзқарасы басқаша, егер дұрыстап түсіне алсақ – әділдігі басым.
Демек, қанша тырмысқанымызбен қолымызға қызыл империя ұстатып кеткен арқан сусып не шіріп барады. Сондықтан алдағы жылдарда кеңестік кезеңде «Ұлы Отан соғысы» делінетін соғысты ІІ Дүниежүзілік соғыс деп атап, 9 мамырды «Жеңіс күні» емес, «соғыс құрбандарын еске алу күні» ретінде атап өтуге дайындала бергеніміз жөн.
Жасанды тарихты замана желі өзгертпей тұрмайды!»
Бұл қандай да бір эмоцияның жетегінде емес, ойланып айтылған сөз.
Әрине, біз қатары тым селдіреп қалған Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлерін құрметтейміз, бірақ олар қорғаған мемлекет қазір жоқ және ол мемлекеттің қазаққа жасаған қиянаттарын да ұмыта алмаймыз!
Адамзат қоғамы алға қарап өмір сүргенді ұнатады, сондықтан ендігі жағында қайсыбір оқиға болса да оның қазақ ұлтының өткені мен болашағына қатысы қандай деген мәселе біз үшін аса маңызды.
Жаңа мемлекет өз бағытын табуы үшін оны алаңдатар жайттар болмауы керек, ол үшін жүретін үдерістің аты сана деколонизациясы. Жалтақтықтан арылмаған мемлекеттің өз бағытын табуы да, өз даму жолына түсуі кешеуілдей береді.
Әлі күнге біздің елде ақпанның 23-і күні «Кеңес армиясы» күнінде бір-бірін құттықтап жүретіндер аз емес (тіпті бір депутатымыз Парламент Мәжілісінде отырып құттықтағанын ел ұмыта қоймаған шығар). Керісінше, Қазақ армиясының күні – 7 мамырдың біз үшін мейрам екенін ұмытып кететіндер көп! Ал Желтоқсанның 16-17-сі күндері тәуелсіздік күні десек, содан бұрын жаңажылдық шыршасын тігіп, көшелерде «Жаңа жылыңызбен» деген жазулар пайда болатынын немен түсіндіруге болады?!
Деколонизация демекші, ол үдерісті бізбен бірге тәуелсіздігін алған елдер әлдеқашан бастап кеткен. Мәселен, 1999 жылы Өзбекстанның тұңғыш президенті Ислам Каримов 9 мамырды «Соғыс құрбандарын еске алу күні» деп белгілеп, содан бері көршілес елде ол күн «Жеңіс күні» ретінде тойланбайды. Сол сияқты Балтық бойы елдері де ол күнді мейрам тізімінен шығарып тастаған. Демек, біз де соны ескеруіміз керек.
Жеңіс күні деп алаулатып, жалаулатқанымыз аздай, «Ажалсыз полк» деген бір шерусымақ өткізу тәуелсіз ел үшін аса ыңғайсыз нәрсе. Ол аздай, кешегіде біреулер алаңда кеңестік қызыл туды желіретіп, қазақты қан-қасапқа ұрындырған Сталин мен Берияның портреттерін көтеріп шығып жүр. Бұл – елді сыйламау, халықтың қасіретіне күлу деген сөз. Демек, деколонизация жүрмеген елде адамдардың санасы тұманданып, әлі баяғыны көксей беретіндердің даусы шыға береді. Өзін сыйлай білген адам ғана халықты да, мемлекетті де сыйлайды. Егер ондайды жаратпайтындар болса оларға тозған мейрам мен күні өткен идеология туралы түсінік беруге, әрі-беріден соң заңмен тыйым салып, көнбегендерді жауапкершілікке тарту керек болады.
Жаңарған дәуірде құндылық өзгеруі тиіс. Жаңа Қазақстан ескірген құндылықтармен өмір сүрмейді!
Ахмет ЖҰМАҒАЛИҰЛЫ