Әлемнің ең мықты теннисшісі кім?

Әлемнің ең мықты теннисшісі кім?

Әлемнің ең мықты теннисшісі кім?
ашық дереккөзі
Өткен аптада испандық теннисші Карлос Алькарас Мадридте өткен «Мастерс» сайысының ширек финалында атағы жер жарған жерлесі, «Үлкен дулыға» жарыстарының 21 дүркін жеңімпазы Рафаэль Надальды, сосын жартылай финалда әлемнің нөмірі бірінші ракеткасы, сербиялық Новак Джоковичті жеңіп, сенсация жасады. Бұл кездесуден кейін журналистер оған «Қазір әлемдегі ең мықты теннисші кім?» деп сұрақ қойған болатын. Төрт күн бұрын 19 жасқа толған Карлос бұл сұраққа «Кім екенін айтпаймын. Білемін, бірақ айтпаймын. №1 ракетканы жеңдім, бірақ мен рейтингте әлі тоғызыншы орындамын. Менің алдымда сегіз ойыншы бар» деп жауап берді. Содан соң Алькарас финалда неміс теннисшісі Александр Зверевті (6:3, 6:1) жеңіп, кезекті титулды жеңіп алды. Осылайша, ол маусым бойы көрсеткен көрсеткіші жағынан әлемдегі ең мықты теннисші өзі екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Осы маусымда ешкімге дес бермеген Алькарас 4 титулды ұтып алған болатын. Сондай-ақ ол жеңген ойындар саны бойынша да көш басында келеді – 28:3. Сонымен қатар ол Мадридте өткен жарыста бір турнирде топ-5 теннисшінің үшеуін жеңген ең жас ойыншы атанды. Қазір ол 22 мамырда Парижде басталатын «Үлкен дулыға» санатына енетін Франция ашық біріншілігіне («Roland Garros») дайындалып жүр.