 Кезекті оқу дайындықтарының бірінде, 1941 жылдың 22-нен 23-маусымға қараған түні неміс әскері басып кіреді. Сол кезде атамыз жау қоршауында қалады. Сөйтіп конслагерге қамалады. Атам ол жайлы «Жау қолында қорлықтың көкесін көрдік қой. Таңертең жуынуға суық су құяды, жуынғансымақ боламыз. Содан соң жұмыс істеуге алып барады, күш жоқ, әйтеуір істейміз. Өлгені өледі, шалажансарларын әрең дегенде сүйреп алып келеміз. Ол жерде күндігіне бір  ыстық тамақ пен екі тілім нан беретін. Соның өзін мықтылар әлсіздерден тартып жейтін. Тіпті кейбірі киімдерін тамаққа айырбастап, суықтан үсіп қайтыс болғандар да болды.  Түріміз қорқынышты хәлге түсті, құр сүлдеріміз қалды. Сүйек пен тері ғана қалды ғой», – деп ауыр күрсініспен айтатын. Атамның майдан туралы әңгімелерін ұйып тыңдайтынбыз. Әсіресе алаш қайраткері Мұстафа Шоқайдың тұтқындағы жандарға жасаған қайраткерлік ісі туралы тарихи оқиғаны баяндағанда тамсана құлақ түретін жұрт. «Жау қолында жарты жылдай болдым, егер тағы біраз жүргенімде тірі қалуым екіталай еді. Күздің аяғына таман Мұстафа Шоқай өзі келіссөз жүргізіп, конслагердегі мұсылмандарды тұтқыннан шығарып алды. Сол жауынгерлердің бәрі бұл тұлғаға өмірлік қарыздар десем, артық айтпаспын. Ол кісі үнемі өзі келіп, алаш жігіттерін жігерлендіріп, жағдайларын көріп, тексеріп тұратын. Ай, әруағыңнан айналайын, Мұстафа», – деп тебірене сөйлеуші еді атам.
Тұтқыннан босап шыққан соң оларды үш топқа бөліпті. Біріншісі, жаңа түскен денелі сарбаздар, екіншісі орташа, үшіншісі, алғашында түскен өте жүдеулері. Атамды үшінші топқа жатқызған екен. Ең алдымен оларды қойдың аш ішегімен тамақтандырған. Себебі асқазандары ауыр тамақты көтере алмайтын хәлге жеткен. Солай бір ай дегенде адам қатарына қосылып, ажал аузынан тағы бір мәрте аман қалады. Кейінірек оларды орыс әскеріне қарсы ұрысқа жібермекші болады. Бұны естіген атам өз еліне қарсы шабуыл жасамау үшін орыс тыңшыларына қашуды жоспарлайды. Атам «Өзіміздің жақтастарымызға қалай қол көтереміз? Өлсем денем өз топырағымда қалсын, өлмесем еліме ораламын, туған-туысыммен көрісермін деген ой болды», –  деп еске алатын. Немістер біліп қойса аман қалдырмас еді, сонда да басын бәйгеге тігіп, бірнеше жігіт орыс тыңшыларына келіп қосылады. Тыңшылық жұмыс та оңай емес. Түнделетіп жүріп көптеген тапсырмаларды орындайды. Поездардың өтуіне кедергі жасау үшін рельс астын миналайды, жаудың қару-жарақ қоймаларын жарады. Неміс тілін біраз меңгеріп қалған атам аудармашы да болады. Қолға түскен немістердің сөзін аударып, талай құпияларын ашқан екен. Тыңшылар қатарында жүргенде, кеңес әскері жақындап, әскер қатарына қосылады. Жауынгер қатарында жүргенде соғыс аяқталады. Бір жыл қайта қалпына келтіру қызметтерін істеп, 1946 жылы елге аман-есен оралады. Ол кісінің 7 жылдық өмірі соғыс алаңында өтті.
Атам соғыстан оралғанда жасы қырыққа таяп қалса керек. Көп ұзамай Күмісбала апамызбен отау тігіп, он бала сүйеді.
Атам жас кезін көрген жандар оның қайсар, мінезі қатал, айтқанынан қайтпайтын бірбеткей адам болғанын айтатын. Бірақ мен мейірімді, мінезі жұмсақ,  үлкен-кішіге «Сіз»  деп сөйлейтін сыпайы атамды ғана білемін. Ақыл-парасаты мол, бүкіл ауылды аузына қарататын көсем қария еді. Оны ауыл адамдары «Сынықшы ата» деп те атайтын. Сынық салатын қасиеті де бар еді.
Атамның майдан үшін алған медальдарын біреуге көрсетіп, мақтанғанын көрген емеспін. «Шыны керек, қандай мақтаулар алғанымды өзім де дұрыс білмеймін, білгім де келмейді. Мен үшін ең бағалы марапат – елге аман оралғаным, перзент сүйгенім. Құдай сендерге соғысты көрсетпесін, менің көргенімді ұрпағым көрмесін», – деп отыратын. Өзінің ғасырлық ғұмырында немере, шөбере, шөпшек көрген атам 2017 жылы 106 жасында дүниеден озды.

Альбина ТУЛАҚОВА,
Астана