Машан батыр

Машан батыр

Машан батыр
ашық дереккөзі
Машан батыр Арықұлы 1692 жылы туған, 1772 жылдары 84 жас шамасында дүниеден өткен. (Кейбір деректерде 1776 жы­лы өлді делінеді.) Нағашы жұрты Жалайыр тай­па­сы­нан. Ма­шан төрт мәрте жұп құрған тұлға. Үлкен бәй­бішенің (Ұмай ананың) есімі Арғында Күнбибі, екіншісі қалмақтан Хон­хор, үшін­шісі Кіші жүзден: Жайық-Ай, төртіншісі қара (қалмақ) қыр­ғыздан: Нұрым­бике. Машан батырдың өз кіндігінен: Жанжіт, Бай­жігіт, Айтуған, Шың­қожа (Күшік), Бітібай, Дәулеткелді, Малқара (Мал­дыбай), Солпы, (Отаубай). шамамен 1717 жылы туған Машанұлы Байжігіт ата арғын руында қал­­ды. Бүгінгі Арғын – Қаратоқа – Молқы – Байжігіт деп жүрген ұзын са­­ны 300-ге жуық үйелмендер осы ма деген болжам бар. Кіші әйелі Жайық-Айдан туған Түгелбай (Өткелбай), Қайтарбай екеуі Кіші жүз ру­­ларын­да Жайық-Айдың төркінінде қалған болуы мүмкін. Галдан қонтайжы заманы Галдан қошуыттарының әс­ке­рі­нің нығайған кезеңі 1672-1679 жылдарына дөп келеді. Жоңғар­ға бағынған және күш жинаған осы тұс­та Галданды Алдар әмірші, Данзан тәй­жі, Дайчин Омбо қатарлылар қол­да­ды деп тарихта жазылады. Ол кезде Гал­данның қолы Ертіс өзені өңірінде тұрақ­тады. Сэнгэден кейін Ойраттың хан­задасы болған Шешен қонтайжының ордасы Еміл бойында қоныстанған. Қаракөл маңындағы қақтығыста Шешен қонтайжыдан жеңілген Галдан кешікпей ой­раттардың ірі ламаларын өзіне тар­тып, Шешенді жеңді. Галданның жеке басының беделі мен ықпалына сенген ірі дінбасылар ойраттардың ішкі саяси тартысын өзіне қарай бейімдеген. Гал­даннан жеңілген топтың қолбасшысы Зотов батыр Ойраттан ығысып Көк нұр­ға қарай қашты. Алайда Ойраттар ара­сын­да қайталаған тақ тартысына Сэнгэ­нің балалары немере ағасы Галданға қар­сы шығумен болды. Осы кезде Сэнгэ­нің ержүрек ұлдарының бірі Соном­рав­дан оққа ұшып, екінші баласы Цэвээн­рав­дан отбасын қорғаған шағын қосы­ны­мен Тұрпанға қарай өтіп кетті. Осы кезде қонтайжылыққа кө­терілген Галдан 1672 жылы Мән­жі билігіне өз жағдайын мә­лімдеп хат жолдайды да, бұрынғы қарым-қатынасты түзеп, сауда жасауға ұсы­ныс жасайды. Галданның елшісі 1673 жылы ақпанның 4-і күні Бейжіңдегі 1661-1722 жылға дейін хандық құрған Мән­жу Чин (Хан-ши немесе K ang-hsi) ха­нына жолығып мақұлданған жауап ала­ды. Бұл оқиға Ойраттардың саяси өмі­рінің бір бетбұрысы еді. Бұл кезде орыс патшалығы Ойраттарды өз шекара маңы­на шоғырланып, бұрындары орыс­қа бағынышты болып бөлінген ойрат­тармен одақтасуы мүмкін деген күдікте болған. Бұдан кейін жалғасты жасалған саясаты бойынша Галдан бұлай­ша әрекет етудің тиімсіз екенін сезінді де, 1672 жылы өз елшісін Мәскеуге жө­нелтті. (Монгол хийгээд Евразийн дип­ломат шаштир ІІІ боть, 2006. 346 б.) Орыс­қа елші мәмілегерлікке барған­дар­ды Сейітқұл Әблин деген мүсілім бас­қар­ды. Галданның елшілері 1673 жылы та­мызда Мәскеуге барып, ойраттың жаңа бас­шысының дипломатиялық мәнде дұғай сәлемін жеткізеді. Орыс патшасы бұл сапарды жылы қабылдаумен бірге Тоб­­льскдегі Сібірдің әскери әміріне жар­лық түсіріп: кез келген сәтте Галданның елшілерін шекарадан Мәскеуге кідіртпей өткізуді бұйырған (ЦГАДА.­ф.126.д.2.л.66-67). Бұл туралы И.Златкиннің «История джун­гарского ханство» (1964. 248 б.) ең­бегінде анық деректер бар. Машанның заманы Осынау алмағайып заманда Абақ Керейдің молқы руының батыры һәм ұраны Арықұлы Ма­шан батыр 1692 жы­лы дүниеге келді. Бұл уақытты кейбір дерек­терде 1682 жы­лы туды деген мәлі­мет­тер де кездеседі. Осы соңғы мәлімет қи­сынға келің­кіре­мейді. Ойрат Галданның қазақ да­ла­сы­на қарай майдан ашқан ке­зі 1679 жыл болса керек. Осы жылы Далай ламадан Галданға «бо­шық­ты хан» дәрежесін ұсынған. Осыған қат­ты арқаланып, есірген Галдан бошық­ты әуелі Тұрпан, Қашқар, соңынан Жар­кент­ті алуға қол жинап аттанғаны де­рек­терден айқын көрінеді. Алатаудың қа­зақтары қырғыздармен бірге Галдан­ның алдынан шығып тойтарыс бе­р­ге­ні­мен, алғашқы кезде күші жетпегендіктен кейін шегінген. Осыдан кейін Галдан бо­­­шықтының шеріктері 1680 жылы Сай­рамды алуға аттанып, шудың жаға­лауын­дағы Тәңір тауы маңындағы қара қыр­ғыз­дармен шайқасып, 1683 жылы Фер­ғанаға соңынан Мұрғап өзені, Памир тауы, тіпті түстіктегі Сары өзенге дейін жо­рық жасады. Галдан бошықты өзі жо­рық­қа бармаса да Галданның әскербасы Равдан 1685 жылы Сайрам, талас өзеніне жетіп, Таразды қоршауға алған. 1685 жыл­дары Ноғай ордасын басып алған. Осы­дан кейінгі Галдан бошықтының тұ­тас ғұмыры қайтадан Мәнжу Чин им­периясының жиі-жиі түрткі болуымен хал­қа мен ойратаралық соғыстарға ұлас­ты да, 1685-1697 жж. ширегіндегі 12 жыл қырғын майдан арасында өтті. Ойраттың Галдан бошықтысы 1697 жылы наурыз айының 13-і күні 54 жасында у ішіп өл­ді. Осы тұста егер Арықұлы Машан ба­тыр 1682 жылы туды десек те 15 жасқа ке­леді екен. Он бесте – отау иесі. (Ал 1692 жылы туғаны рас болса, 5 жаста бо­лар еді). Біздіңше соншама айырмасы жоқ. Машан батырдың 1772 жылы дү­ние­ден өткенге дейінгі дәуірінің бір ке­зеңі осы тұста. Әртүрлі қисындара сүйе­не келе, Машан батыр Арықұлының ту­ған жылы 1692 жыл дегенге саяды. Бұлай болса Машан батыр Қаракерей Қабан­бай­мен (1692-1770) түйдей жасты, құр­дас. Сэнгэнің баласы Цэвээнравданның заманы Цэвээнравдан өзінің ата жауы Галданға қарсы қаншама мәр­те қарсы болуды жоспарласа да, Мәнжу Чин патшасы Энх-Амгалан (Хан-ши немесе K ang-hsi) оны әдейі дип­ломатиялық тәсілмен шегеріп ұстап отыр­са керек. Ол 1697 жылы ойраттарды тү­гел бағындырғаннан кейін Орта Азия­ны біржолата жаулап алу саясатына көш­ті. Цэвээнравданның хандық еткен дәуі­рі 1697-1727 жыл аралығында болды. Әуелгі кезекте төрт Ойраттың ба­сын қосқан Цэвээнравдан Шы­ғыс Түркістандағы Қаш­қар, Ақсу, Тұрпан, Жәркентке шабуылдап, қа­зақ­тың үш жүзіне бірдей қарсы май­дан ашты. Осы кезде Қазақ хандығы Тәу­ке ханның билеуінде 35 жыл болды (1680 -1715). Бұл кезде Әз-Тәуке ханның ба­ласы Галдан бошықтыға қолды болып Да­лай ламаның қасында қалған кезі еді. Цэвээнравдан әуелгі кезекте 1698 жылы Мән­жудің Энх-Амгалан (Хан-ши) ха­нына өтініш жасап, Тәуке ханның ба­ла­сын босатуға көмектеседі. Бірақ Тәуке ханның баласы Цэвээнравданның 500 әс­кермен қорғап, әкесіне табыс ете өзі­мен келген әскерлерді түгелдей қырып, Цэвээнравданға қайыра шабуыл жасап, 100 шақты түтінді тартып алып кетеді (Монгол хийгээд Евразийн дипломат шаш­тир ІІІ боть, 2006. 346 б.). Онымен қой­май қарындасын қалыңдыққа берген қал­мақтың Аюке ханының (1724 жылы өл­ген) баласының керуенін тонады, се­німді ақтамады деген түрлі жала, жа­ныс­тырулармен қазаққа қарай ойраттың шап­қыншылығы осылайша «күтпеген жағ­дайда» басталып кетті. Машанның атқа мінген заманы Машан батыр (1692-1772) атқа мін­ген тұсы – осы Жоңғар шап­­­қыншылығына дөп ке­ле­тін кезең. Ел билеген Әз-Тәукенің за­ма­нына қатысы бар. Бұл кезде Жән­те­кейдің ұраны болған Шақабай батыр да Машанмен бірге жүрген деген нақты дерек­тер бар. Сәмембеттің немересі Шақа­бай Есентайұлы (1688-1778) тура­лы Шәміс Құмардың «Шақабай батыр» кі­табында да деректер келтіріледі. Ал осы­нау дәуірде шерушінің ұраны Бай­тай­лақ батыр Бәйімбетұлы (1691-1760), Қара­қастың (Сидалы) ұраны болған Қаптағай Түгелбай батыр (1700-1760) өмір сүрген. Мінеки, Абақ Керейдің бір дәуір­де туған атқамінер тұлғаларының тү­гелі замандас болып келеді. Осыған қа­тысты аңыздарды қуалап, індетуге тыр­мысып отырғанда Абақ Керейлер Сыр бойынан ауып, Орға біршама уақыт бойы табан тірейді де, соңыра Еділ, Жайық, Нұра, Есіл, Еміл, Ертіс өзендерінің бойы­на қарай ойысқаны байқалады. Атамекені Машан батырдың елі Сыр бойы­­нан келіп, өмірінің соңы­­на дейін мекен еткен же­­рі: Есіл, Еміл, Ертіс сағалары және Шың­­ғыстау, Бақанас, Көкпекті, Көксала маңы. Асқар Татанай еңбектерінде Абақ Ке­­рей 1760 -1770 жылдары осы өлкеден Жай­­саң жаққа қарай көшкені туралы кел­­тіруін де есепке алу жөн болады. Машанның атымен аталатын жер­лері де аз емес: Ресей мен Қазақстан шекарасындағы – Машан сазы және Семейде Абай ауда­ны­на қарасты Шыңғыстаудың бір саласы – Машан тауы, Аягөз ауданынан 30 ша­қырым­дағы Батпақты өзенімен қатарла­са орналасқан Машан өзені бар, Қараған­ды өңірі мен Керекудің арасында Жанжі­г­іт көлі де осыған қатысты болуы мүмкін. Бұған көркемдік жағынан баса на­зар аударған Шыңжаңдағы қа­зақ жазушысы Шәміс Құмар­дың «Жәнібек батыр» романындағы көр­кем образдар дәйек бола тұрады. Осы ме­зеттерге сүйенсек, тағы да: Ботағара ба­­тыр Қожамжарұлы 1660-1740 жыл­да­ры, кейбір деректерде 1686-1766 жыл­дар ша­масында өмір сүргені дол­бар­ла­на­ды. Біз­діңше, соңғысы қисынға келетін се­кіл­ді. Ботағара батыр Машанннан 5-6 жас үлкендігі бар дейтін бұрынғы Қобда бе­тіндегі ұлы кәрілердің айтуында негіз бар. Осы жерде Ботағара батыр мен Ма­шан батырдың достық қарым-қатына­сы­нан аздаған ақпарат табылады. Бота­ғара­ның баласы Тыныбектің әйелі бо­са­нып, ұл тапқанда Нұра өзенінің бойында шіл­детілеуге Машан батыр қатысып ақ батасын береді, атын қояды. Баланың атын Нұра деп қоюы, өзеннің атауына қа­тысы бар немесе өзеннің атауы Нұраға қа­тысты... Мүмкін Ботағара Машаннан бұрын туып, кейін өлген. Машан батыр – Керейдің Ер Жә­­­нібегі дүниеге келген 1714 жылы 22 жастағы жа­лын­ды азамат. Тұңғышы Жанжігіт туған­да 1715 жылы 23 жаста, екінші баласы Бай­жігіт туғанда 1717 жылы 25 жаста, орыс пен жоңғардың шекарасының сы­­­зығы Усть-Каменогорскпен шектеті­ліп, бүгінгі Зайсан Жоңғарда қалдырыл­ған 1720 жылы 28 жаста, Мәнжу Чин пат­шасы Хан-ши өлген 1722 жылы 30 жас­та, Ақтабан шұбырынды – Алқакөл сұла­ма болған 1723 жылы 31 жаста. Галданцэарэннің баласы (ізба­сары) Цэвээндорж 1750 жылы Лама Дорждың қолынан қаза тапқан кезде һәм Машанның өз ізбасары Жан­торы 1750 жылы туғанда 58 жаста еді. Ойраттың Әмірсанасы 1754 жылы Мән­жу Чин патшалығымен араздасқанда 62-ге таяп қалған кезі екен. Әбілпейіз сұл­­­­танның 1764 жылы қырғыздармен соғы­сып Тұмар ханымды (шамамен 1748 жылы туған) олжалаған тұста (Жамбыл Ар­тықбаев, «Қазақстан тарихы» сайты­нан қараңыз) 72 жаста. Тұмар ханым Жан­торымен құрдас, шамалас. Ал Машан ата Көгедай дүниеге келген 1773 жылдан бір жылға таяу сәтте қайтыс болады. Машан батырдың аңызынан Машан батырдың тарихына қатысты түрлі деректер, әр вариантта сақталды. Алайда аңыз әңгімелер де көп. Солардың бірі – жоңғарлармен соғысқан сәттерінде болған бір жекпе-жек туралы айтылады. Ма­шан батырдың 35-41 жас аралығында жоң­ғарлармен дүркін-дүркін қақты­ғыс­тар болады. Соғысар жерді межелеп, тұ­ры­сар кезді нақтылап, жекпе-жекке шы­­­ғатын батырларды да алдын ала жос­­­парлап, жоңғардың бір батыры қа­зақ­тың бір батырын жекпе-жекке ша­қыратын, намысын қоздырып ай­бын­дайтын қанды алаңдар да аз болмаған. Ар­ғымақ аттың күші, ақ найзаның ұшы­мен екі жақтан келіп шабысатын да­ла ұландарының білек күшін сынай­тын бір тұста Машан батырды әдейі жек­пе-жекке шақырады. Бірақ қарсы жақ­тан Машанмен майданға шығатын қал­мақтың батырының кім екені анық ай­тылмайды. Қарсы келсең батыр, қаш­саң қатынға теңейтін, намысты қай­рай­тын ереуіл айтақтар, дөрекі айқайлар ха­барланса керек. Машан батыр нар тәуе­кел қалмақтың қарсыласымен жек­пе-жек сайысқа әзірленді. Екі жақта мың­даған қарулы сардар жиналып аруақ ша­қырысып, байрақтарын желбіретіп сүрен көтерсе керек. Артқы жақтағы шеп­тен – «Машан!», «Машан!», «Машан!» де­ген ұрандар көтеріледі. Жау жақтан су­дай қара арғымақ мінген жұнттай киін­ген, бітеу перделі дуылғалы батыр ой­қастап алаңға келіп тұрды. Артқы жақ­тан айқайлаған дауыстар қара ат­тыға: «Алдараа мандуулам зээ!» деген болуы керек, дүрлігіп. Көкке шаншыла се­­­­кірген найзалы батырда үн жоқ. Ара­лық қашықтыққа барар алдында ба­тыр­лар жақындап бір-бірін айналып өтетін, көз түйістіретін немесе қатты намысына тиетін сөздер айтуы соғысшылардың байыр­ғы әдетіне айналған үрдіс. Бірақ жау­дың батыры ләм-иім үн шығармаған. Сол кезде Машанның көзі қарсыласының бет­пердесінен оның көзін байқап қала­ды. Кәдімгі әйел заты секілді сезіледі. Үш мәрте қарсы шауып найзаласады. Тегеурі­ні қатты, айласы мығым... Екінші сайыста Машанды аударып кетуге дәс қалады. Үшін­ші сайыста найзасын қағып ұшыр­ған Машан қалмақтың батырын атынан аударып алдына өңгеріп таяу маңдағы мәре­төбеге қарай зымыраған. Екі жақ­та­ғылар аңтарылып тұрса керек. Машан ба­тыр қарсыласын жерге түсіріп, дулы­ғасын жұлып алғанда, қарсы алдында то­ғыз өрімді қара шашы төгілген қыз ті­зе­сін бүгіп тұрады... Сол батыр қыз қал­мақ­тың Хонхор бибісі еді... Сол Машан ба­тырға екінші ханыша ретінде қара­тылды. «Көкпектіде Молқы бас...» Бұған дейін Көкпектіде Абақ Керей­ге хан сайлауы туралы бірнеше рет жиындар өткен се­кілді. Көкпекті жиындарда Машан батыр­дың дер шағы болса керек. Он екі Керейдің игі жақсылары бас қосқан кеңесуді басқарған Молқының абызы Машан батыр деседі. Сол кездерде көптің ара­сында тәмсіл, тәнікке (афоризмге) ай­­налған – «Көкпектіде Молқы бас, Кө­киірімде (Көктоқай) Керей бас...» деген сөзі осыдан қалған. Бір деректі екінші біреу­лер толықтыра түссе санаға саңы­лау, тарихқа құп болар еді. Көкпектінің ір­гесі кейініректе 1770 жылдары қалан­ды деген мәліметтер бар. 1770 жж. ширегінде Абақ Керей ақыл­мандары алқалы кеңес құрып, Абақ Керейг­е хан нәсілінен бір мұрагер әкеліп, төре етіп белгілеуге кіріседі. Бұның себебі ұлан-ғайыр байырғы мекенге егелік ету үшін елді елдестіру мақсаты тұрды. Байыр­ғы Өр Алтай өңіріне қайта мекен­дей бастаған іргелі жұртқа айбыны мен ақылы астасқан басшылық билік жүйесі қажет еді. Алқалы ақылмандар ақыры бір бітім, ортақ мәмілеге келді. Көгедай төре мен Жанторы би Сол ұсынысты әйгілі Есімханның не­мересі Жәнібектен туатын Әбілпейіз сұлтанның назарына жеткізіп, оның екінші әйелі Тұмар ха­ным­нан туған Көгедай, Сәмен, Жабағы есім­ді үш ұлының біреуі тақ мұрагерлікке лайық деп әкелінеді. Бұл деректерді әй­гілі ғұлама ғалым Асқар Татанай «Тарихи дерек, келелі кеңес» кітабында: «...Көгедай 1773 жылы дүниеге келген он екі жасында 1785 жылы Абақ Керейге төре бол­ды. Іргелес елдерден де әредік һәм әл­денеше дүркін қағажу көре бастаған елді түрлі қыспақтан құтқару үшін Ер Жә­нібек Бердәулетұлы 18 жастағы Көга­дайды өз разылығымен 1791 жылы Бей­жіңге (Нанжин) аттандырады...». Көгедай 39 жыл ел билеп, 1824 жылы небәрі 51 жасында дүниеден өтті...» деп келтіреді. (Асқар Татанай «Тарихи дерек, келелі кеңес» І, 1986, Шыңжаң халық баспасы. 1992). Ол осы жолы Мәнжу Чин пат­ша­лығынан (Ежен ханнан) «гүн» шенін алды. Бұны ары қарай нақтылау керек деген түйінге келеміз. Осы сапарға шерушінің қарт абызы Байтайлақұлы Шұбаш би (1721-1794), жәнтекей Тайлақұлы Барлыбай би (1722-1801), молқы Машанның немересі Жанжігітұлы Жанторы би (1750-1823), қарақастан Құтымбетұлы Байқан би (1749-1809) қатарлы ақылмандар Әбіл­пейізұлы Көгедаймен (1773-1824) бірге сапарлады да, түгелдей Ежен ханның мәр­тебесіне ие болды. «Төрт орынды төрт би» деген тарихи атау осыдан кейін бе­рік қалыптасты. Машан батырдың өз кіндігінен туған Жанжігіт (шамамен 1715 ж.т.), Айтуған (шамамен 1720 ж.т.) екеуі батыр болған. Ал Жанжі­гіт­тен туған немересі Жанторы батыр би бол­ды. Жанторы 1750 жылы туды да, әке­сі Жанжігіт батырмен Сарыарқада өмір сүрді. 1785 жылы 35 жасында Төрт би­дің бір орнына ие болған қайраткер, ел билеген тұлға. 1823 жылы 73 жасында Зай­сан өңірінде дүниеден өтті. Көгедайдың Мәнжу Чин пат­ша­лығына барған сапары туралы ел арасында: «...Көгедайды ақ киіз­ге көтергенде... Көктеменің кезінде... Көк­пектіде отырғанда... Көкқасқа тай ша­лып, көптің тілегімен хан көтерді...» де­ген ұлағаттар қалады. Бұл туралы Көн­са­дақтың ақыны Ахметтің жырында: «...Барлыбай, Шұбаш ерген Көгедайға, Жанторы, Байқан да бар осы жайда. Ежен хан үшеуіне мәнсап беріп, Ұқсады Керей елі туған айға.., – деп жыр­лаған.

Сұраған РАХМЕТҰЛЫ, ақын, тарих ғылымдарының кандидаты