Қарттарымыз қасиетті төрінен айырылып қалды

Қарттарымыз қасиетті төрінен айырылып қалды

Қарттарымыз қасиетті төрінен айырылып қалды
ашық дереккөзі
1352
Мемлекеттік Елтаңба авторы, сәулетші Жан­дарбек Мәлібековті өткен нау­рыз айында ғана Президент I дәрежелі «Барыс» орденімен марапаттаған болатын. Мем­лекетіміздің басты нышанының бірі Ел­таңбаны ұлт болмысына сай зерлеген сәу­летшіміз биыл 80-нің сеңгіріне шығып отыр. Бірақ ақсақал 80 жаста екенмін деп үйде отыр­ған жоқ. Ұлттық сәулеттің ертеңін ой­лап, жарғақ құлағы жастыққа тимей, ты­ным­сыз еңбек етіп жатыр. Сәулет өнерінің ас­та­рында ұлттың бүкіл болмысы мен са­на­сы жатқанын дәлелдеу үшін ғылыми жоба жа­сапты. Өзі қызмет ететін Л.Гумилев атын­дағы ЕҰУ-де орталық ашып, оны «Ойтек» ғы­лыми орталығы деп атапты. Сәулетшінің ғы­лыми орталығына арнайы барып, Елтаңба ав­торымен ұлттық сәулет жайында әңгіме өр­бітіп қайттық. – Болашақ архитекторлардың ұлт мә­дениетінен жан-жақты үлгі ала оты­рып білімін шыңдауға арналған жақсы бір орталық ашып жатыр екенсіздер. Бұл жобаның аты да, заты да өзгеше екен­і көрініп тұр. «Ойтек» жобасын қол­ға алуға қандай мәселе себепші бол­ды? – Кез келген жоба бір күнде пайда бола қал­майды. Қандай да бір ірі істі бастау үшін жыл­дар бойы ойланып, толғанасың. Өмірден көр­ген-білгеніңді, көкейіңе тоқығаныңды, тә­жірибеңді саралайсың. Осылайша, ау­қымды жобаны қолға аласың. Осы жобаны қолға алғанда мені ең әуелі толғандырған мәселе – біздің халқымыздың болмысына, өмір сүру стиліне сай ұлттық архитектура қа­лыптастыру еді. Жұрт архитектура дегенде ең әуелі ғимараттың сыртқы бейнесін, не­месе қандай да бір құрылысты елестетеді. Ол олай емес. Архитектураның – ұлт сана­сын­дағы, өмір сүру машығындағы салмағы өте айрықша. Ұлттың өмір сүру салтына сай жо­баланған архитектуралық кешен сол ха­лық­тың болмысын, өзіне тән ерекшелігін, ғұ­мырлық дағдысын қалыптастыруға тиісті. Ал қазіргі біз өмір сүріп жатқан үйлердің ар­хитектурасы өзгелердің жобасы, біздің ұлт­тық ерекшелігімізге арналмаған. Мәселен, Қазақстанда 87 жерде қарт­тар үйі бар. Мен олармен кездесуге бара­мын, әңгімелесемін. Бұрындары қарттар үйін­де өзге ұлт өкілдері көп болған болса, қа­зір қазақтарға толып қалды. Кейбірінің ба­ла-шағасы болса да, олар оны алып кет­пейді немесе қарттарымыздың өзі сол бала­лары­мен бірге тұрғысы келмейді. Неге? Мен бұл жөнінде көп ойланамын. Себебі біз қарт­тарымызды қасиетті төрінен тайдыр­дық. Қазіргі қалалардағы шағын, кішкентай бөлмелерде ата-енесімен келіндердің, күйеу­ба­лалардың бірге тұруы өте қиын. Егер бұрын­дары қарт адам дастарқан басында төр­де отырып, басқаларға үлгі болған болса, қа­зіргі үйлердің төрі жоқ. Мұндай өмір сүру сал­ты бірте-бірте қарттарды өзінің қасиетті ор­нынан тайдырып, олардың қадірін кетіре бас­тады. Кіп-кішкентай ас үйде ене мен ке­лін де керісіп қала береді. Енді қарап отырсақ қарияның барлығын қарттар үйіне қамап қойсақ, немере-шөбереге кім ақыл айтады? Біздің халқымыз үлкенді сыйлап, қарияның айт­қанына құлақ салып, оған құрмет көр­сетуші еді. Біз де кішкентай кезімізде солар­дың айтқанымен ақыл тоқтатып, есейдік, ержеттік. Ал қазір бәрі басқаша қалыптасып жатыр. Қоғамның әр саласынан алып қара­сақ жоғалтқанымыз, ұтылғанымыз көп сияқ­ты. Мәселен, білім-ғылым саласы жайлы айтайықшы. Біз қазір балаларды балабақша жасынан бастап жан-жақты тәрбиелеп, орта білімде тереңдетіп білім беріп, жоғары білім­де шетелдік үлгімен оқытуға тырысамыз. Ал сон­шама еңбек сіңіріп, жан-жақты тәрбие­ле­ген жастарымыз қолдарына дипломын алған соң кейін, кей жағдайда жұмыссыз қа­ла­ды. Демек, бұл жүйенің өзі біздің қоғам­ға арналмағаны немесе дұрыс құрылмағанын білдіреді. Бізге өзіміздің ұлы даланың мә­де­ниеті, ақылы, танымдық мектебі қажет. Адам­ды тәрбиелейтін, оны тұлға ретінде қа­лыптастыратын орта. – Иә, қазіргі қоғамдағы өзекті мәсе­ле­ні айтып отырсыз. Бұл мәселеге сіз­дер­дің жобалап отырған «Ойтектің» бай­ланысы бар ма? – Біз сол ортаны жасауымыз қажет. Ол үшін ұлттық санада серпіліс жасап, оның байыр­ғы түп-тамырына оралуымыз қажет. Мә­селен, біздің жобамыз бойынша бағанағы ай­тып отырған қарттар үйі болмайды. «Ой­тек­ті» сәтті жүзеге асырсақ қарттарымыз өзі­нің төріне қайта жайғасатын болады. Біз «төр системасын» қайта жаңғыртуымыз қажет. Қазіргі біздің тұрып жатқан үйлер халқымыздың салты мен дәстүріне, ұлттық ерекшелігіне арналмаған. Қазіргі үйлердің үлкенін де, кішісін де алып қарасаңыз он­да­ғы технология, система, безендіру, жалпы көрі­нісі ұлттың болмысына сай емес. Онда аталарға, енелерге, келінге, немереге, күйеу балаға арналған орындар жоқ. Барлығы бір сарын­да. Мәселен, күйеу баласы атасының жо­ғарғы жағына отыра береді. Осыдан бо­лып бірте-бірте қарттың, қарияның отба­сындағы, қоғамдағы орны төмендейді. Қазір жастар арасында ажырасу өте көп. Сонымен қатар шетелге кетіп жат­қандар да бар. Біздің қоғамда өз өзіне қол жұмсау да өте күрделі мәселеге айналды. Ал енді мұның барлығы неге осыншама етек алып кетті деп ойлаймыз. Себебі біз өзіміздің от­басылық дәстүрімізді дұрыс қалыптас­тыру­ға арналған архитектуралық кеңістікте өмір сүріп жатқан жоқпыз. Басқалардың ар­хитектурасының құлы болып отырмыз. Біз­дің «Ойтек» архитектуралық жобасы хал­қы­мыздың байырғы дәстүрлі отбасы құн­дылығын арттыруға негізделген. Бұл жоба бойынша әулет ақсақалының салмағы ар­тып, отбасының әрбір мүшесі өзіндік мәнді орын­ға ие болады. «Ойтек» жобасы «үлкен үй», «ортаншы үй», «кіші үй» бөліктері негі­зін­­де құрылады. Қазір қарияларымыздың бар­лығы ауылда. Ал балалары қалада. Қария­лар қалаға келсе жастардың шағын үйле­рін­де бірге тұру қиын болады. Сондықтан ауыл­дарда тұрып жатыр. Ал қариялар ауыл­да, алыста болғандықтан немере-шөбереге ақыл айту, өмірден көргенін ұғындыру, хал­қымыздың ұлттық танымына сай білім беру үрдісі үзіліп барады. Біздің жоба бойын­ша үлкен үй мен отаулар бір кіреберісте өмір сүре­тін болады. Таңертең жұмысқа кеткенде жастар немерелерін атасы мен апасының қарауына қалдырып кетеді. Кешкісін асты барлық әулет мүшелері бірігіп үлкен үй шаңырағынан ішетін болады. Дастарқан басында, өзінің төрінде қарияның отыруы ештеңе айтпаса да жас ұрпақ үшін үлкен тәрбие мектебі болмақ. Осылайша, біз қария­ның салмағын арттырып, әулеттегі негізгі ор­нын алуына себепші боламыз. – Айтып отырғандарыңыз көңілге қо­нымды. Бұл әзірше жоба түрінде тұр ма? – Иә, бұл – жоба. Біз мұны ғылыми жоба ре­тінде ұсынып отырмыз. Бұл ғылыми жоба болғандықтан мұның құрамында психолог, филолог, құрылысшы, сәулетші тығы да бас­қа мамандар жиналып эксперимент жа­сауы қажет. Біздің мақсат – астанада болсын, басқа қалада болсын осындай бір үйді экс­перимент ретінде салып, сол арқылы тә­жіри­бе жүргізіп көру. Қазір біздің үйлерімізге немере-шөбереміздің басын қосып, әулетті тү­гел жинап қонақ та күте алмаймыз. Хал­қы­мыздың салтына сай құда да күте алмай­тын болдық. Себебі біз басқа архитектураның құлдығында отырмыз. Ол архитектуралық жоба біздің ұлттық санамызға сай келмейді. Қазіргі архитектура біздің еркіндігіміз бен ұлтқа тән азаттығымызды шектеп отыр. Мәселен, қазір әжептәуір орта жасқа келіп қалған отағасының үйінде қо­нақ күтетін зал, шығармашылық бөлме, ша­ғын кітапхана, тағы да адам қызығу­шы­лы­ғына байланысты орындар болуы қажет. Мүм­кін болса, шағын бау-бақшасы болса қан­дай керемет. Мысалы, қазір елге танымал бір қоғам қай­­раткері өмірден өтсе ол адам­ның жақын­дарына көңіл айту үшін үйіне кіріп-шығудың өзі қиын. Ол жерде жаназа да оқылмайды. Себебі үйлеріміз шағын, мұн­дай жиындарды өткізуге арналмаған. Өзі­міздің салтымызды осылайша өзіміз құртып жа­тырмыз. – Демек, архитектура дегеніміз құ­ры­лыстың сыртқы немесе ішкі бөлігі ға­на емес, ұлт санасының негізі болып тұр ғой... – Әрине, архитектура ұлттық санаға негізделуі қажет. Мәселен, біздің шебер­ха­наларда Сократтың немесе тағы басқа әлем­дік ойшылдардың мүсіндері тұрады. Ал ме­нің пайымым бойынша – олардың орнына ең әуелі Шәкәрімнің, Абайдың, Қажымұқан­ның бейнесін жасауымыз қажет. Ұлт қай­рат­керлерінің бейнесін, мүсінін жасай жүріп сту­дент олар жөнінде көптеген дерекке қа­нық болады. Олардың өмірі мен шығарма­шы­лығы жөнінде ізденеді. Қазіргі жаңа тех­нология құралдарында барлығы бар. Егер біз өзіміздің құндылығымызды әр сала бойын­ша жастардың санасына сіңірмесек, бар­лық салада ұтылып қалуымыз мүмкін. Бұл бір ғана адамның немес азғантай топтың жұмысы емес. Бұл – бүкіл ұлт­тың сана-сезімінің жемісі, салт пен дәстүрдің то­ғысатын жері. Қазір біздің жобамен сырт­тай танысқан адамдар мұны жүзеге асыру үшін қаржы керек немесе тағы да басқа деп сылтаулар айтып, сенімсіздік танытуы мүм­кін. Егер эксперимент жүргізіп көріп, соның нәтижесінің қаншалықты өнімді болғанын көргенде бұл жоба бірден сұранысқа ие бо­лар еді. Сондықтан кез келген ұлттық жобаға ең әуелі сенім мен демеу керек. Менің пайымым бойынша әрбір қа­зақтың баласы өзінің баспанасында тұруы қажет. Ол үйдің қасиетті төрінде ұлт­қа қатысты зергерлік бұйымдар ілулі тұрса қан­дай керемет. Үкілі домбырасы, зерлі қам­шысы дегендей. – Сіз қазір университет профес­со­ры­сыз, қаншама шәкірттер алдыңыздан өтіп жатыр. «Ойтек» ғылыми-зерттеу ор­талығын да ашып жатырсыздар. Өзіңіздің тәжірибеңізден айтсаңыз, кез кел­ген адам архитектор бола ала ма, жоқ әлде осы өнерге бейімі болу қажет пе? Өзіңіз бала кезіңізде бұл саланы қа­лай таңдадыңыз? – Егер кешенді білім алып, түбегейлі із­деністе болса кез келген адам архитектор болу­ға негіз бар. Ал мен қалай архитектор бол­дым дегенге келсем, бала күнімде «ар­хи­тектор» деген мамандықтың бар екенін де біл­медім. Бірақ сызуға, сурет салуға бейім бол­ды. Сол бейімдікті жетілдіре жүріп, одан әрі дамыттым. Мектепте оқып жүрген кез­дері салған суреттерім Ескендір Құдияров ұста­зымыздың ұсынуымен «Сыр бойы» газе­тінде жарияланған. Ескендір ағайымыз аст­рономия, геометрия, физика пәндерінен са­бақ берді. Ол кісі маған физика оқулы­ғын­дағы суреттерді қағазға оқу құралы ретінде қайталап салып келуді тапсыратын. Келесі са­бақта менің салған суреттерімді көрнекі құрал ретінде тақтаға іліп қойып, оқушы­лар­ға сабақ түсіндіреді. Мен сол кезде қан­дай мағынада сурет салғанымды түсінетін­мін. Сол оқулықтағы әртүрлі фигураларды кө­шіріп жазу менің сурет салуға деген қы­зығушылығымды одан әрі дамытып, осы өнер­ге жетеледі. Қазір мен «Ойтек» бағдарламасы не­гі­зінде болашақ мектеп жобасын сыз­дым. Онда мектеп ғимаратының шеткі жақтарын түгелдей шеберханалар мен әртүрлі үйірмелерге қалдырып отырмын. Сол шеберханалар мен үйірмелерден шыққан соң оқушылар әрі қарай сыныптағы сабағына кіре береді. Оқушылар бірінші сыныптан бастап әртүрлі шеберханаларды кө­ріп өссе, бір күндері солардың ішінен өзінің бейімі бар саланы таңдауға мүмкіндігі мол болады. Біздің жоба бойынша 1-5 сыныпқа дейінгі балалар ең әуелі ұлтқа қатысты тарихты, мәдениетті, әдебиетті, өнерді игеріп алуы қажет. Оның барлығы анау шеберханаларда үйретіледі. Сосын әрі қарай басқа тіл, басқа мәдениетті, әлемдік озық білімді игере берсін. Бастауыш сыныпта іргетасы мықты қаланған оқушы әрі қарай ешқайда адасып кетпейді. – Сіз архитектураға байланысты білімді Ташкенттен алдыңыз... – Иә, бір ауыз орысша білмесем де, Таш­кенттегі политехникалық институттың сәулет өнері факультетіне оқуға түстім. Ол 1959 жылдары болатын. Сол уақытта Таш­кентте қазақтар да көп еді. Бірақ бізге сабақ бер­ген оқытушылардың барлығы Мәскеуден жер аударылып келген ірі ғалымдар болды. Біз орысша жөнді түсінбесек те, ол ға­лым­дардың практикалық тәжірибесінің көп­тігі­нің арқасында іргелі білім игеріп шықтық. Олар біздің түсінбегенімізге ешқашан ренжі­мес­тен барлығын басынан бастап түсіндіріп, үйрет­кен білікті ұстаздар еді. Бір сөзбен айт­қанда мектеп жақсы болды. Мен орта мек­тепте сызу сызып үйреніп барғандықтан институтта оны әрі қарай оңай алып кеттім. Сту­денттердің сәтті жұмыстарын көрме ре­тінде коридорға іліп қоятын. Мұндай ынта­лан­дыру бізді одан сайын қанаттандырып, мамандықтың қыр-сырын тереңірек игеруге жақсы себеп болды. Онда біз Еуропаның ар­хи­тектуралық мектебінің озық үлгілерін оқы­дық. Ол үрдіс қазірге дейін жалғасып ке­ле жатыр. Ал біздің қазіргі «Ойтек» архитек­тура­сын­да «күй архитектурасы», «Абай архитек­тура­сы» деген ұғымдар бар. Мәселен, Абай­дың «Жаз», «Күз», «Қыс» деген өлеңдері сөз­бен салған, тұнып тұрған архитектура. Лео­нард да Винчи сұлу әйелдің бейнесін жа­лаңаш түрінде берсе, Абай оны сөзбен шебер суреттейді. Және біздің ұлттың бол­мысын ашып көрсетеді. Бұл жерде сен гар­мо­нияның не екенін, масштабтың қай дең­гейде екенін, әдемілік деген не, оның бір-біріне қарым-қатынасы қандай екенін се­зіне аласың. Бұл жердегі орта ұлттық деңгейдегі сана-сезімнің қалыптасуына себепші болады. Ал бізде қазір ұлттық сана жай­лы түсінігіміз алашұбар болып кетті. Се­бебі өзгелердің жасаған архитектуралық кеңістігінде өмір сүріп, рухани таным мен ор­тамызды басқаша қалыптастырып отыр­мыз. Біз өзімізге тән архитектура қалып­тас­тырып, кірме архитектураны ығыстырып шы­ғаруымыз қажет. Архитектураның қала құрылысы, ауыл құрылысы, өндіріс орын­дары құрылысының заңдылықтары, көпір архитектурасы дегендей алуан түрлі ұғым­дары бар. Мұның барлығында ұлтқа тән си­пат, халықтың рухани-мәдени өмірінен ха­бар беретін айшықтар болуы қажет. Ұлт­тық архитектураның әсерімен тіліміздің дұрыс дамуына да себеп бола аламыз. Біз осы жобамызды жүзеге асыратын бір ғимарат болса да салуға сендірсек бәрі нәтижелері болар еді. – Сеніміңіз бар ғой... – Сенімім бар. Мұны жүзеге асыруға мүм­кіндігіміз мол. – Кезінде Елтаңбаны ұсынып, кон­курсқа қатысқанда да сенімді болып па едіңіз? – Жоқ. Мен қазір де бұл конкурстардан ұтып шығарыма сеніп отырған жоқпын. Бір­ақ болашақта осы жоба негізінде архи­тек­туралық үрдіс қалыптасатынына сеніп отырмын. Себебі біз – ұлы дала мәдениетінің өкілдеріміз. Ол болашақта күнделікті өмірі­міз­­дің ажырамас бөлігі болуы қажет. Бұл мә­де­ниеттің иесі біз екенімізді айтып кету – бізге берілген аманат. Себебі Кеңес Одағы тұсындағы ма­ман­дардың барлығы орысша оқып, өзге мәдениеттің шырмауынан шыға алмады. Ал Тәуелсіздіктен кейінгі буынға жол көрсету, болашақ бағдарымызды анықтап беру – біздің парыз. Елге қызмет еткісі келетін әкім қара, шенеуніктен бастап зиялы қауымға дейін барлығымыз ұлттық архитектураны қайта жаңғыртуға көңіл бөлуіміз қажет. Себебі мұ­ның астарында қаншама қастерлі құнды­лық­тарымыз жатыр. Мәселен, біздің шағы­нау­дандарымыздың атауын Ақансері ауылы, Біржан сал ауылы, Қажымұқан ауылы, Қанжығалы Бөгенбай ауылы деген сияқты өзгертсек, мұның маңызы ерекше болар еді. – Кезінде Өзбекстанда жүргенде ар­хитектуралық конкурстардың біра­зында жеңімпаз болған екенсіз. Нақты қан­дай жобаларға қатыстыңыз? – Кеңес Одағы тұсында кемінде 10-15 кон­курста жеңіп шықтым. Мәселен, Самар­қан­ның орталығын дамыту менің жобам бойын­ша іске асты. Наманған, Қоқан, Нүкіс қалаларын дамыту жайлы конкурстарда да бірін­ші орын иелендім. Біздің сол жобалары­мыз негізінде қаланың болашақ архитектура­лық тағаны тартылып, әрі қарай жетілдіріліп, дамып отырады. Елге келген соң да талай жо­баларға қатысып, өз үлесімді қостым. Ірі жобалардың барлығы – ұжымдық еңбек, ол жер­де әртүрлі сәулетшілердің қолтаңбасы бар. Біз іргелі ел боламыз десек, өзіміздің ұлт­тық ерекшелігімізге, таным, түсінігімізге сай сәулет мектебін қалыптастыруымыз қа­жет.

Сұхбаттасқан Бейбіт ТОҚТАРБАЙ

Серіктес жаңалықтары