717
Ақтаңдақ ақиқаты
Ақтаңдақ ақиқаты
ХХ ғасыр басында кеңестік өкіметтің қол астында өмір сүрген халықтар қиын-қыстау кезеңдерді бастан кешірді. 1935-1938 жылдар аралығында еліміздің біртуар елеулі азаматтары жаппай қуғын-сүргінге ұшырады. Кеңес өкіметі халықтарды біржолата бұғаулау мақсатында ұлт зиялыларын қудалап, көздерін жою саясатын ұстанды және оны жүзеге асырды. Сол сұрапыл саясат қазақ жерін де айналып өткен жоқ. Қуғын-сүргін салдарынан жүздеген отбасының шаңырағы шайқалып, әйелдері жесір, балалары жетім қалды. Әкелері жер аударылып, шешелері лагерьлерге жіберілді. Ал ұрпақтары «халық жауының баласы» атанып, қиындық пен азап көрді.
Қаза тапқандарды және шет жерге көшкендерді қоса есептегенде, сол жылдары халқымыз 70 пайызға жуығынан айырылды. 1926 жылы Адай уезіндегі 350 мың адам мен 1,5 млн малдан 1939 жылы 26 мың адам және 25 мың мал қалды. Қуғын-сүргін жылдары Маңғыстау өңірінен 720 азамат ату жазасына кесілген. Жалпы, саяси тұрғыда қуғындалған азаматтардың саны әлі белгісіз.
«Бай болсаң, халыққа пайдаң тисін» деп Әйтеке би айтқандай, ел-жұртының қамын ойлаймын деп, жазықсыздан жер аударылып кеткендердің бірі – маңғыстаулық Баймағанбет Сәнеубердіұлы.
Ол 1886 жылы дүниеге келген. Әкесі Құдай жолын ұстанған көзі ашық, өз дәуірінде күйлі-қуатты кісі болыпты. Бай болса да ақылға, мінезге, білімге бай болып, бір рулы елдің тізгінін ұстап, жан-жағындағысын қамтып, қамқорлық жасаған. Балалары мен немерелерінің сауатты болуына қатты мән беріпті. Жары руының ішінде алғашқы болып Сәнеуберді ағасы Аймағанбетпен бірге қажылыққа барған. Мұсылмандық парызын өтеп келген екен. Сонда қажылықтан келген Сәнеубердінің қолын алуға алыс-жақындағы ауылдардан қонақтар екі ай бойы үзілмепті деседі.
Маңғыстау халқының атам заманнан мал шаруашылығымен айналысқаны, төрт түлікті асылдандырып, күнкөріс қылғаны баршамызға мәлім. Жоғарыда атап өткен Баймағанбеттің әкесі Сәнеуберді Меккедегі қажылық сапарынан асылтұқымды айғыр алып келген. Сол аттың тұқымынан «Көшім торы ат» деген аты бір жылда 5 бәйге қанжығаға байлапты. Одан бөлек, Баймағанбет Орал өңірінен 6 қошқар алдырып, қойдың тұқымын асылдандырумен де айналысқан.
Сәнеубердінің Боқан деген баласы ел арасындағы дауларды шешіп, бітім жасап, билік айтып отырған деседі. Сонымен қатар Боқан елге келген саудагерлердің саудасы халыққа тиімді жағдайда жасалуын қадағалап отырған. Сәнеуберді ұрпақтарында менмендік, тәкаппарлық сипат болмапты. Батпа деген қызы Қобылаш деген малшы кедей жігітті жақсы көретінін айтқанда, екеуін үйлендіріп, өз алдына үй тігіп, еншісін беріпті.
1928 жылғы кәмпескелеу саясаты кезінде Маңғыстауда Баймағанбет 500 пұт ет, 500 пұт жүн өткізген. 1929 жылы үй басына 500 пұттан ет салығын салғанда Баймағанбет 200 қой, 20 жылқы берген. Тұщықұдықта «НКВД штабы» құрылған болатын. Форттан Әділбай Шумақов деген милиция келіп, 1932 жылы Баймағанбетті «бай» деп ұстап әкетіпті. Ауылдағы екі ағаш үйді түрмеге айналдырған патша үкіметінің жандайшаптары жазықсыз айыптағандарды сонда қамап ұстапты. Сол ағаш үйді күзетуге ауылдың жігіттерін алған. Сонда Жаманқара руынан Дәулет Сағындықов деген кісі күзетші болған. Үлкен ұлы Көкеш тамақ алып келгенде, әкесімен кездестірмей, тамақты бергізбеген. Дәулет «Ертең төрт адамды отын жинауға алып шығамын. Сенің әкең де болады. Сол жерге кел» деп, Баймағанбет пен баласы Көкешті отын жинауға шыққанда жасырын жүздестіріп, тамақтарын ішкізген. Дүние-мүлкін түгел кәмпеске деп жинап алған. Содан кейін халық ашаршылыққа ұшыраған. Міне, Баймағанбетті күзетуге өз ауылының жігіттерін қойған қызыл империя үкіметі өзі аз қазақты бір-біріне айдап салған екен.
Баймағанбеттің 7 ұлы, 1 қызы болған. Көкеш, Оразғали, Мырзағали, Бекқали, Бекасыл, Жанасыл және Қайырхан, қызы Қадыхан. Баймағанбет ұсталған жылы балалары жас, қабырғасы қатпаған. Ең кенжесі Қайырхан қырқынан да шықпаған екен. Алты қанатты үйдің екі керегесімен бір үзігін қалдырып, басқа мал-мүлкін алып кеткен. Сол ашаршылық кезде баласы Бекасыл аштыққа шыдамай, дүниеден өтіпті. Оразғали, Мырзағали Астраханьға барып, орыстармен теңізге шығып балық аулаймыз деп жүргенде суға кетіп қайтыс болған. Бекқали әскерге шақыртылып, Ұлы Отан соғысына қатысқан. Жанасыл да «малды ұрлап, сойып жеді» деген «айыппен» ұсталып, түрмеде қайтыс болған. Баймағанбеттің тек өзі емес, балалары да сол кездегі қуғын-сүргіннің құрбаны болып, бұл күнде сүйегі қайда қалғаны белгісіз.
«Баймағанбеттің әкесі қажылыққа барғанда, Меккеден әкелген кілемдері 1936 жылға дейін дүкенде тұрды» деп еске алады Баймағанбет отырған түрменің күзетшісі болған Дәулет ата. Шебір ауылындағы Жаманқара руынан Дәулет Сағындықовтың арманы — жазықсыз қудаланған, атылған, ұзақ жылға бас бостандығынан айырылған, қорланып өлген, мүгедек болған, ел-жұртынан айырылып, туған жердің бір уыс топырағы бұйырмай, жат елде, белгісіз жерде, арманда кеткен бабаларымыздың ақталуы. Бұл әңгімені ағаш үйдің күзетшісі болған Дәулет атаның өзінен 1991 жылы, Баймағанбет аға айыпталып кеткенде қырқынан шықпаған баласы Қайырханның қызы Ғайша Баймағанбетова жазып алған.
Біз, жас ұрпақ, осы солақай саясат, содыр басшылық кесірінен ашаршылық, қуғын-сүргін құрбаны болған бабалар рухын еске алып, құрмет көрсетуіміз керек. Тарихты білмей, келешекке бағдар жасай алмаймыз. Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы 24 қарашадағы №456 Жарлығымен құрылған болатын. Комиссия құрамына белгілі тарихшылар, саясаттанушылар, құқықтанушылар, ғылыми-зерттеу институттарының, мемлекеттік және құқық қорғау органдарының қызметкерлері кірді. Республиканың 17 аймағында өңірлік комиссиялар құрылып, заңсыз жазаланғандар мен атылып кеткен азаматтарды толық ақтау бойынша еліміздің түкпір-түкпірінде мұрағаттарда еңбек етуде.
Өткенге салауат айтып, саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын, ақтаңдақ ақиқатын жадымызда сақтау – біздің қасиетті борышымыз. Өткенімізге салауат айтып жүрейік.
Мейрамгүл Асқарқызы, Жарасқан ӘНДІР, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Филология және әлем тілдері факультетінің студенттері