Оқушыларға ораза ұстауға бола ма?

Оқушыларға ораза ұстауға бола ма?

Оқушыларға ораза ұстауға бола ма?
ашық дереккөзі
Рамазан айы басталмас бұрын ұстаздар мен ана-аналар және әлеуметтік желінің белсенді қолданушылары «Оқушылардың ораза ұстауы қаншалықты орынды?» деген сұрақты талқылаған болатын. Осы сұраққа Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасы баспасөз бөлімінің меңгерушісі Ағабек Қонарбайұлы жауап берді деп хабарлады turkystan.kz. ҚМДБ өкілінің Facebook-тегі парақшасында жазуынша, балиғат жасына жетпеген балаларды ораза ұстауға мәжбүрлеудің қажеті жоқ.
«Біріншіден, шариғатымыз бойынша балиғат жасына жетпеген жас балаға ораза ұстау – парыз емес. Бұл туралы Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деген: «Үш адамнан қалам көтерілді: айыққанға дейін жын түрткен адамнан, оянғанға дейін ұйқыдағы адамнан, балиғатқа толғанға дейін баладан». Біз бұл хадистен балиғатқа толмаған жас балаға құлшылық жасау, оның ішінде ораза ұстау міндет емес екенін түсінеміз. Екіншіден, балиғатқа және кәмелетке толмаған жас баланың ораза ұстау кезінде оның организмінде әлсіздік, дәрменсіздік пайда болуы мүмкін», – деді А. Қонарбайұлы.
Сондай-ақ ол ата-аналарға кеңес берді. Айтуынша, ораза ұстау баланың білім алуына, зейініне кедергі келтірмеуі керек.
«Кез келген құлшылық, оның ішінде ораза толыққанды білім алуға, тиянақты жұмыс істеуге кері әсер етпеуі керек. Оразаны себеп етіп, әркімнің өзіне жүктелген жауапкершілігіне немқұрайлы қарауына болмайды. Өйткені әр адам сауап амалды өзі үшін орындайды. Үшіншіден, ата-аналардан балиғат жасына жетпеген балаларды ораза ұстауға мәжбүрлемеуді сұраймыз», – деді ҚМДБ өкілі.