AMANAT партиясының «TazaLike» жобасы бастау алды (ФОТО, ВИДЕО)
AMANAT партиясының «TazaLike» жобасы бастау алды (ФОТО, ВИДЕО)
Шымкентте AMANAT партиясының Атқарушы хатшысы Асхат Оралов медицина қызметкерлерімен, бастауыш партия ұйымдарының төрағаларымен және партияның қалалық активімен кездесті деп хабарлады turkystan.kz. Сондай-ақ ол қаладағы дендрологиялық саябақта жастар қанатының белсенділерімен бірге «TazaLike» жобасының алғашқы іс-шарасын өткізді. Осылайша Асхат Оралов 1 наурызда өткен партия Съезінде жарияланған «TazaLike» партиялық жобасы аясындағы алғашқы экологиялық акцияға қатысты. Сонымен қатар, іс-шараға 100-ден астам жас қатысып, олар Асанбай Асқаров атындағы қалалық дендросаябаққа 200-ден астам көшет отырғызды. Партияның Атқарушы хатшысы бұл жобаның басты мақсаты – азаматтардың экологиялық мәдениетін арттыру, қоршаған ортаны таза ұстауды күнделікті өмір салтына айналдыру және ресурстарды үнемді пайдалану мәдениетін дамыту екенін атап өтті.
«AMANAT партиясы кәсіби экологтарды, белсенділер мен еріктілерді жұмылдырып, жыл бойы түрлі экологиялық акциялар өткізетін болады. Жаңа экологиялық жоба әрбір өңірде, әрбір аудан мен ауылда қолдау табатынына күмәніміз жоқ. Өйткені жерімізді таза ұстап, елімізді көркейту – басты міндеттеріміздің бірі», - деп атап өтті Асхат Оралов.
Сондай-ақ партияның Атқарушы хатшысы қалалық Онкологиялық орталықта болды. Аталған орталықта «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасын іске асыру аясында позитронды-эмиссиялық томография (ПЭТ) түсіруге арналған жабдық орнатылған. Орталық ұжымымен кездесуде ұлт денсаулығы – «AMANAT»-тың басты басымдықтарының бірі екендігі айтылды. Еліміздегі 75 мыңға жуық медицина қызметкері – партия мүшелері. Бұл – аманаттықтардың жалпы санының шамамен 10 пайызы.
«ПЭТ зертханасы бұған дейін тек Алматы мен елордада болды. Енді Шымкенттің және оған жақын орналасқан облыстардың тұрғындары жолға уақыт пен қаражат шығындамай, заманауи жабдықта тегін тексеруден өте алады. Позитрондық-эмиссиялық томографияның бірегейлігі, ол - онкологиялық өсіндерді ерте сатысында анықтауға және тиісінше тиімді ем жүргізуге мүмкіндік береді», - деді Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының басқарма төрайымы Диляра Қайдарова.
Сонымен қатар, Шымкентте қаладағы бастауыш партия ұйымдары төрағаларының жиналысы өтіп, онда жергілікті жерлерде партияның жаңа жобаларын сапалы жүзеге асыру мәселелері талқыланды. Бүгінде қалада құрамында 31 мыңнан астам партия мүшесі бар 51 бастауыш партия ұйымы жұмыс істейді. Осы күні Асхат Оралов Шымкенттің партия активімен де кездесіп, ел Президентінің Жолдауында жарияланған реформаларды сапалы жүзеге асыру үшін «AMANAT» партиясы модернизациясының басымдықтарын талқылады.
«Қаламызда жұмыс істемейтін, оқымайтын және жұмыс табуға талпынбайтын NEET санатындағы жастарының үлесі – 6,7%, яғни 15 мыңға жуық адам. АMANAT партиясының алдында осы санаттағы адамдарды әлеуметтендірудің тиімді шешімдерін әзірлеу бойынша қыруар жұмыс тұр», - деді кездесуде Шымкент қалалық Жастар ресурстық орталығының жетекшісі Мағжан Исахов.
Тағы оқи отырыңыз: AMANAT партиясы өңірлердегі кездесулерді Түркістан облысынан бастады