Жамбыл облысында жоғалып кеткен сарбазды туыстары іздестіріп жатыр

Жамбыл облысында жоғалып кеткен сарбазды туыстары іздестіріп жатыр

Жамбыл облысында жоғалып кеткен сарбазды туыстары іздестіріп жатыр
ашық дереккөзі
Жамбыл облысындағы «Андас батыр» шекара бөлімінде әскери борышын өтеп жүрген Бердішов Ұлықбек Айдарбекұлына  туыстары іздеу салды деп жазды turkystan.kz. Жас сарбаздың анасы Орынкүл Мерекованың айтуынша, ұлының жоғалғанына бір айдан астам уақыт болыпты. Сол уақыттан бері застава маңындағы ауылдан үй жалдап тұруға мәжбүр болып отыр.
«Баламның жоғалғаны туралы 2 наурызда білдім. Старшина телефон соғып, өзін «Жанболатпын» деп таныстырды. Алдымен «Ұлықбек хабарласты ма?» деп сұрады. Мен «Иә, екі күн бұрын сөйлестік» деп жауап бердім. Артынша телефон тұтқасын қоя салды. Кешке тағы хабарласып, ұлым жоғалып кеткенін айтты. 12 сағат бойы жаңалық күттік, бірақ Ұлықбек келмеді. Күйеуім, қарт әкем және тағы бір туысым таксиге мініп, сол жаққа кетті. Мен де үйде отырып, күте алмадым. Үйде кәмелетке толмаған төрт бала қалды», – дейді Ұлықбектің анасы.
Анасының айтуынша, ұлы әскери борышын өтеуге келген бөлімде оның қалай жоғалып кеткенін ешкім білмейді.
«Шарасыздықтан құмалақшыға да бардық, Ұлықбек тірі дейді, «бірақ біреу күшпен ұстап отыр" деді. Әскерилердің, полицияның ешқайсысы Ұлықбекті іздеп жатқан жоқ, әйтеуір мен іздеп жатқандарын көргенім жоқ. Күні кеше ғана байқадым, әскери киім киген адамдар оның суреттерін іліп қоя бастады. Сонымен бітті. Осы мәселе бойынша Жамбыл облысының әкіміне бармақ ойым бар. Нәтиже болмаса, Нұр-Сұлтанға еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауына барамын», – деді Орынкүл Мерекова.
Бұған қоса, әйелге бөлім командирі Ұлықбекті іздеу жұмыстары тоқтатылғанын айтқан.
«Бізге жарғы бойынша жоғалған адамды 30 күннен аспайтын уақыт іздейтінін айтты. Ұлыма қатысты қылмыстық іс қозғалды. Мен ешқайда кетпеймін. Ана жүрегім балам жақын жерде екенін айтты, мен оны іздеймін», – деді ол көзіне жас алып.