Белгілі диктор Әбдірәлі Бөлебай өмірден озды

Белгілі диктор Әбдірәлі Бөлебай өмірден озды

Белгілі диктор Әбдірәлі Бөлебай өмірден озды
ашық дереккөзі
Радио және телевизия саласының ардагері, белгілі диктор Әбдірәлі Бөлебай 70 жасқа қараған шағында дүниеден өтті деп хабарлады turkystan.kz Қазақ радиосына сілтеме жасап. Әбдірәлі Бөлебай Жамбыл облысы Жамбыл ауданының Ерназар ауылында дүниеге келген. Алматыдағы №46 қалалық кәсіптік техникалық училищені, Құрманғазы атындағы консерваторияны бітірген. Еңбек жолын «Қазақфильм» киностудиясында режиссердың көмекшісі болып бастаған. Қазақ радиосында, Қазақ теледидарында диктор, дикторлар тобының жетекшісі, «Хабар» агенттігінде «Жеті күн» ақпараттық сараптау бағдарламасының және «Жаңалықтар» қызметінің жүргізушісі, «Қазақстан» ұлттық арнасы Астана филиалының дикторы, ҚР Президенті Телерадиокешенінің продюсері, ҚР Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемкорлыққа қарсы күрес агенттігінің (қаржы полициясы) баспасөз хатшысы болып қызмет атқарды. Сондай-ақ ол өмірінің соңына дейін Қазақ радиосында диктор болды. Телерадиода дикторлық өнердің қыр-сырын терең меңгерген, дауыс үні өзгеше, шеберлігі толысқан білікті маман еді.
«Оның оқыған телерадиохабарларынан өзгеше бір тыныс, кең ауқым, биязылық пен парасаттылық лебі еседі. Жүзі жылы, жайдарлы, қарапайым. Бұл теңеу Қазақ телевизиясы мен радиосы тарихынан ойып тұрып орын алған Әбдірәлі Бөлебай туралы айтылған. Кез келген ақпараттың шырайын шығарып оқитын Әбдірәлі ағамыздың бейнесі көзі қарақты көрерменнің жадында мәңгі қалары сөзсіз. Әбдірәлі ағамыздың алтын дауысы Қазақ радиосының «Алтын қорында» сақтаулы», - деп атап өтті радио ұжымы.