Дәурен Абаев көкпаршы орыс қызына араша түсті (ВИДЕО)

Әлеуметтік желіде орыс ұлтынан шыққан көкпаршы қыздың видеосы тарады деп хабарлады turkystan.kz.

Видеода орта жастағы азамат қызға көкпар ойнауға болмайтыны жайлы мораль айтқан. Кейін әлеуметтік желіде орыс қызы өзіне ақыл айтқан азаматты жекпе-жек ойынға шақырды.

«Жігіт болсаңыз, атқа мініп, менімен сайысқа түсіңіз. Егер сізден жеңілсем, көкпарға мүлде қатыспауға дайынмын», – деп мәлімдеді Ева есімді орыс қызы.

Дау-дамай министр Дәурен Абаевқа да жетті. Ол оқиғаға қатысты Facebook-тегі парақшасында ой бөлісті.

«Мәдениет және спорт министрі ретінде бүгін шабондоз қыз Еваның өзімен сөйлестім. Қолдау білдіріп, сәттілік тіледім. Ұлттық спорт министрліктің әрдайым айрықша назарында бола береді. Осы оқиғаға қатысты тағы бір дүниені айтқым келеді. Қазақ әрдайым қызын ұлымен тең өсірген. Сондықтан әйелдер арасынан атақты өнерпаздар, шеберлер, тіпті, палуандар көптеп шыққан. Қажет болса, ел басына күн туғанда айымдарымыз атқа да қонған. Арғысы Томирис пен Бопай ханымдар, кешегі Әлия мен Мәншүк – сол батыр қыздар үрдісінің жалғасы. Әрі бұл – Ұлы дала демократиясының айқын көрінісі» деп жазды министр.

Сондай-ақ ол ұлт болып ұйысу аса маңызды екенін айтты.

«Осы ретте салт-дәстүріміз бен ұлттық ойындарымыздың ұлтты біріктіруші ұлы күш екенін естен шығармау керек. Жасампаз ел болу үшін жік боп бөліну емес, жұп боп бірігу қажет. Атымыз сүрінбесін, шабандоз жығылмасын, өмір көкпарында салымды болайық!» – деді Дәурен Абаев.

Тағы оқи отырыңыз: «Арақ ішіп, шу шығарды»: әнші Айгүл Елшібаеваның басы дауға қалды

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button