БҚО-да маса-шыбынмен күресуге 300 млн теңгеге жуық қаржы бөлінген

БҚО-да маса-шыбынмен күресуге 300 млн теңгеге жуық қаржы бөлінген

БҚО-да маса-шыбынмен күресуге 300 млн теңгеге жуық қаржы бөлінген
ашық дереккөзі
Оралда маса-шыбынмен күрес жұмыстарына 300 млн теңгеге жуық қаржы бөлінгеніне қарамастан, аталған мәселеге қатысты тұрғындар тарапынан шағым әлі де азаймай тұр деп хабарлады turkystan.kz аймақтық газетке сілтеме жасап. Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев Оралда жүргізіліп жатқан дезинсекция жұмыстарын қатаң сынға алды. Әкім масаларды жоюға көп қаражат бөлінгенін, бірақ нәтиже жоқ екенін айтты.
«Профилактикалық дезинсекция жыл сайын жүргізіледі, бірақ қала тұрғындарының масалардың көптігіне шағымы азаймайды. Неге олай? Маса мен шыбынға қарсы күреске 300 млн теңгеге жуық қаржы бөлінді, бірақ нәтижесі – нөл», – деп Ғали Есқалиев дезинсекцияға жауаптыларға сұрақ қойды.
БҚО энергетика және ТКШ басқармасының басшысы Асхат Ғабидуллин бұл сұраққа жауап бере алмады. Аталған мәселемен күресті жүзеге асыру үшін мердігер «Магтоксин» ЖШС компаниясы бюджеттен 291 млн 200 мың теңге алады. Келісімшарт 2021-2023 жылдарға арналған.
«Өткен жылы ЖШС 93 млн 306 мың теңгені игерді. Жалпы жоспарланған тазалау алаңы – 13 мың га. Орал қаласының маңы, Серебряково, Круглоозерное, Коминтерн, Желаево, Октябрьское, Зеленое, Макарово, Достық, Меловые горки, Өскен және Жамбыл кенттеріндегі орман аймақтары мен массивтері өңделетін болады», – деді Асхат Ғабидуллин.
Жиында Ғали Есқалиев Орал қаласының әкімі Абат Шыныбековтен мердігердің жұмысына қатысты пікір білдіруін сұрады. Абат Шыныбеков компанияның жұмысына көңілі толатынын айтты. Жиналысқа мердігер ұйымның басшысы қатысқан жоқ. Асхат Ғабдуллин мердігердің жұмысын бақылауға алуға уәде берді. Сондай-ақ, ол дезинсекциялық жұмыстарға ақша аз бөлінетіндіктен жұмыс тиісті нәтижені бермейтінін атап өтті.