Өнегесі өрісті сөз шебері

Өнегесі өрісті сөз шебері

Өнегесі өрісті сөз шебері
ашық дереккөзі
21992
Қалам ұстағанның бәрі жақсы жа­зу­ға тырысады, сол арқылы елге, халыққа пайдасын тигізуді ой­лай­ды, бірақ кез келгеннің еңбегі еленіп, бақ-жұл­дызының жана бермейтіні бар. Өйт­кені мұндай бағытта табысқа жету үшін шын шеберлік қана емес, көңілдің таза­лы­ғы мен ниеттің түзулігі қажет. Мен бі­летін Көлаға – зерделі журналист, ең­бек­қор зерттеуші Көлбай Адырбекұлы – сондай дегдар азаматтың бірі. Кей адам туралы жазғың келсе ойыңа сөз, қаламыңа дерек ілінбейді, ал кей кі­сі туралы жазуға отыра қалсаң ой да нөпір, де­рек те көп. Неге олай десеңіз, мұның ал­ғаш­­қылары – қа­тарда көп жүрсе де бітіргені аз не мәнсіз, ал кейін­гісі – бітіргені көп болса да төккен тері еленбей, назардан тыс қал­ған­дар. Ал жазушы, журналист Көлбай Адыр­бекұлы мұның екеуіне де жатпайды, оның бі­тіргені де көп және ол жайында жазған жан­­дар да аз емес. Халқыңның рухани әле­міне пай­дасын тигізер ісің мол болса әрі ол уақытында баға­ланып жатса қандай ғанибет! Қаламгер бақы­ты деген осы емес пе!? Көлбай ағаның бір кереметі – жазған­дары­ның бәрін ел біледі. Қаламынан шыққанның ешбірі тартпасында ұзақ жатып қал­ған кезі жоқ. Түгелдей баспасөзде жария­лан­ған. Бірақ мен бірдеңе бітірдім деп кеуде кө­теріп, ешқашан міндет қылған емес. Ойда жүр­ген бір шаруасын бітірсе «осымен болар, біраз демалайын» демейді, сол күні-ақ екін­ші­с­ін жазуға отырады. Мәселен, ол әйгілі Жел­тоқсан көтерілісінде жазықсыз жапа шек­­­кендер туралы «Казахское дело» циклдік зерт­теу мақалаларының бір кейіпкеріне ар­нал­ған бір тарауын бітірсе, ертеңіне-ақ «Ауыл әңгімелері» желілі хикаяттарының та­ғы бірі жазып кете береді. Одан соңғы күні «Үштаған» деген ортақ тақырыппен қоғамда тал­қыға түсіп жатқан үш мәселені талдап, ш­а­ғын мақалалар пішінінде ойларын өр­нек­теп тастайды. Соның арасында елімізде түрлі саладағы белгілі тұлғалармен сұхбат жасап та үлгіреді. Журналистика деген күтіп тұруға уа­қыт бермейтін сөз өнерінің өн­дірі­сі ғой, онда ақын-жазушылар сияқты шы­ғар­маның әуенін табам деп шабыт күтіп жүруге мүмкіндік жоқ, ұзақ ойланып отыру­ға уақыт тар. Ойыңда жүрген дүниені не өзің еңбек етіп отырған басылымның аяқастынан тап­сырма етіп берілген кез келген мәселесін әріс­і бір аптада, берісі екі-үш күннің ішінде жа­зып тапсыруың керек. Ал оған көп іздену, ты­нымсыз оқу мен үздіксіз еңбек ету қа­жет­тігі белгілі. Міне, осындайда Көлбай аға­ның алғырлығын талай рет көрдік. Мен Көлбай ағамен 2014 жылдың жа­зында таныстым. Сол кезде Túrkistan газетіне енді келген кезім. Жұмысқа қабылданған соң бас редактордың орын­басары Жаңабек Шағатай мені ұжыммен таныстырды да, «Мына жерге отыр, бұл –Көл­бай ағаңның орны, өзі қазір еңбек дема­лысында» деп журналистер бөлмесінің ең төрін­де тұрған, үстінде компьютері бар, жан-жағы кітап-газетке толы, сол жақ тұсы­на әйгілі мемлекет қайраткері Дінмұхаммед Қоневтың үлкен суреті ілінген столға әкелді. Сөйтіп, газеттегі алғашқы жұмыс күнім Көла­ғаңның орнында отырып мақала жазу­дан басталды. Арада бір ай өткенде Көлағаң жұмысқа ке­ліп, мен басқа орынға отырдым. Бірақ Көл­бай ағамен тез шүйіркелесіп кеттік. Ме­нің қайдан келгенімді, бұрын не істегенімді сұрап, жақсылап танысып алдық. Маған ол кісінің адам жатырқамайтын ашықтығы, біл­генін бөлісуге асығатын елгезектігі және жұмыстағы тындырымды қасиеті ұнады. Қолымыз боста жиі әңгімелесеміз, асханаға бірге барамыз, жұмыстан бір­ге шығамыз. Көлағаңның әңгімесі таусыл­майды. Студент кездегі қызықтарын айтып күлдіреді. Әсіресе, курстасы, марқұм ақын Аманхан Әлім туралы анекдотқа бергісіз хикаялары езу жидыртпайды. Екеуі бір жыл, бір ай, бір күнде (1952 жылғы 20 қаңтарда) дүние есігін ашқан, ҚазМУ-да бір курста оқыған. Екеуі де баспасөз саласында қатар жұ­мыс істеп келе жатқан. Ол аз десеңіз, екеуі­нің де зайыбы Арал қаласында дүниеге кел­ген, бір сыныпта оқыған апаларымыз екен. Көлбай ағаның бір кезде «Қазақ әде­биеті» газетінде жұмыс істеген кезін­де мақалаларын оқып тұратын едім. Алайда ол кісі туралы тым аз біледі екенмін. Өзінің айт­қандарынан және басқалардың әңгіме­лері­нен Көлағаның қазақ журналистика­сын­да тындырғаны көп екенін білдім. Бұл кісі Қалтай Мұхамеджановтың қарауында «Zaman-Қазақстан» газетінде, кейін 1994 жылдың 28 қаңтарында Túrkistan газеті ашыл­ғанда да біраз жыл істеген. Былайша айт­қанда, Túrkistan-ның негізін салушылар­дың бірі деуге болады. Қалтай аға туралы да көп қызық әңгімелер айтты. Газеттің басы­нан қандай қиыншылықтар өтті, қызмет­кер­лер қандай қиындықты бастан өткізді, газетте кімдер еңбек етті, бәрін-бәрін ерін­бей әңгімелегенде тура бір тірі шежіре дер­сің! Тіпті, айы-күніне дейін жатқа соғады. Білетіні тым көп, қазақ қаламгерлері жайын­да жұртқа белгісіз талай хикая шертеді. Ол – айтушы, мен – тыңдаушы. Сөйтіп, газетке келгенде тапқан олжамның ең үлкені Көлбай Адырбекұлы болды. Мен келгенде Көлаға газеттің жауап­ты хатшысының міндетін атқару­шы еді. Басылымның жаңа саны шығарда кеңестік кездегідей ерінбей отырып қағазға макет сызады. Сосын газет қаттаушылар­дың қасында тұрып бетке материалды қалай салу керегін көрсетіп, қайтіп безендіру қа­жет­тігін, қандай фото беру дұрыс болатынын ерінбей түсіндіреді. Кейде менің сүйекті ма­териалдарымды бетке салдырған соң өзім­ді шақырып көрсетіп, «Ал бала, бар өнер­ді салдым. Қарап көрші, қалай, ұнай ма?» деп сұрап қоятын. Мен не дейін, «макетті Кө­ла­ғаң жасаса, оның қалай дері бар ма?» деп ар­қа­сынан қағамын, ризашылығымды біл­діріп. Апта сайын бейсенбі күні газеттің лезде­ме­сінде нөмірдің кезекшілері жаңа сан тура­лы пікірлерін айтқаннан кейін Көлбай аға да газетте шыққан материалдарға қатыс­ты өз ойын білдіретін және ешкімді алала­май, жақсы мақала-сұхбаттарды мақтап, жас журналистерге қанат бітіріп отыратын. Ме­нің де мақала-сұхбаттарымды талай мақ­тап, мерейімді көтерген. Ендеше мұндай көңі­лі кең азаматқа қалай риза болмай- сың?! Көлағаңнан журналистика саласында жүрген жандардың үйренері көп-ақ. Оның еңбек жолына, жазғандарына көз жү­гіртсек, талай қызықты мәліметтерге кезі­гері­міз анық. 1980 жылы қазіргі әл-Фараби атындағы Қа­зақ ұлттық университетінің Журналис­тика факультетін бітірген Көлбай Адыр­бек­ұлы ең алғаш Алматы облыстық «Жетісу» га­зе­тінде тілші болып еңбек жолын бастаса, 1989 жылдан бастап бірнеше жыл «Қазақ әде­биеті» газетінде жұмыс істеген. Тәуелсіздік ал­ған соң «Zaman-Қазақстан» газетіне ауыс­са, 1994-2018 жылдарда халықаралық Túrkistan саяси апталығында жемісті еңбек етіп, содан зейнетке шықты. Аталған газет­тер­дің сол кезеңдегі тігіндісін ақтарған адам ең­бекқор журналистің қаламынан туған не­бір ойлы мақалаларды көрер еді. Ол жай журналист емес, зерттеуші жур­налист. Көлемі қалың бес том­дық кітап болатын «Казахское дело» атты зерт­теулері Желтоқсан көтерілісінен соң қуда­ланған тұлғалардың тағдырына арнал­ған. «Желтоқсанға» байланысты қудаланған оқытушы-ғалым Өмірбек Жолдасбеков, кә­сіпорын басшысы болған Рзабай Хобда­бер­генов, атақты заңгер-ғалым Салық Зиманов, әде­биет сыншысы Сағат Әшімбаев, оқытушы-ғалым Көпжасар Нәрібаев, Желтоқсан шын­дығын КСРО депутаттары съезінде әлемге жа­рия еткен ақын Мұхтар Шаханов және Жел­тоқсан көтерілісіне қатысқан Қайрат Рысқұлбеков, Жансая Сәбитова, Гүлнәр Бай­босынова, Мырзағұл Әбдіқұлов, Ерлан Де­келбаев, Болат Шарахымбай, өзге де тұлғалар жайында архив материалдары негізінде жазылған бұл еңбектің тарихи мәні күшті. Өйткені Желтоқсанға байланысты мұндай жүйелі де көлемді еңбекті басқалардан кез­дестірмейміз. Осы еңбегі үшін оған 2006 жылы БАҚ саласындағы Қазақстан Прези­дентінің сыйлығы берілді. Осынша қыруар ең­бектің бір бөлімі ғана «ХХ ғасыр: соңғы реп­рес­сия» деген атаумен кітап болып шық­ты. Әйтпесе, мемлекетттік тапсырыспен шық­са да, демеушілер көмектессе де «Ка­захское дело» кітабын толық түрде баспадан шы­ғару игілікті іс болар еді. Себебі онда қа­зақ елінің белгілі бір кезеңдегі тарихының шындығы бар. Тарих ғылымының бір саласы тұл­ға­тану деп аталса, жоғарыда аты ата­лып өткен еңбегінен басқа К.Адырбекұлының Тұрар Рысқұлов, Сұлтанбек Қожанов, Нығ­мет Нұрмақов, Әзімбай Лекеров, Ермұқан Бек­маханов, Нығмет Сырғабеков, Қаныш Сәт­баев, Кәрім Мыңбаев, Нұртас Оңдасынов, Ах­мет Жұбанов, Төлеген Тәжібаев, Өзбекәлі Жә­нібеков, тағы да басқа өнер, ғылым, мем­лекет қайраткерлері жайында жазғандары да сол ғылымға қосылған сүбелі үлес деуге бо­лады. Олар да кітап болып басылып шы­ғ­уын күтіп жатқан толымды еңбек. Бұлар­д­ың арасында тек мемлекет қайраткері Тұрар Рысқұлов туралы жазғандары жүйеленіп, 2018 жылы «Алты алаштың ардақтысы» де­ген атпен кітап болып шықты. Онда Тұрар Рыс­құловтың өмірі мен еңбегі, тұрартанудың қа­лай басталғаны, оған еңбегі сіңген аза­мат­тар жайында мол мағлұматтар, қызықты дерек­тер бар. Тағы бір ерекше айтатын нәрсе, К.Адырбекұлының тұлғалар туралы жаз­ған зерттеу мақалаларында бұрын назар ау­д­арылмай келген шындықтар ашылып жа­тады. Мәселен, өткен ғасырдың 30-жыл­дарын­­да еңбек етіп, халқы үшін талай игі­лікті істер атқарған тұлғалы азаматтың бірі Әзімбай Лекеров жайындағы «Бесеудің хаты» немесе «Лекеров неден жазықты бол­ды?» атты зерттеуінде қазақ даласы ашар­шы­лықтан зардап шегіп, кеңестік саясаттың ке­сірінен халық қынадай қырылып жатқан кез­де – 1932 жылдың ортасында Қазақ өлке­лік партия комитетінің жауапты хатшысы Филипп Голощекинге жазылған тарихқа белгілі «Бесеудің хаты» жайында жан-жақты айтылады. Ең бастысы, аталған хаттың жа­зылуына үлкен рөл атқарған, сол кезде өлке­лік жоспарлау комитеті төрағасының орын­басары болып жұмыс істеген Әзімбай Леке­ров жайында оның зайыбы Халида Ле­керованың естеліктерін және архив құжат­тарын пайдалана отырып жазған бұл мақала өзінің «Бесеудің хаты» жайындағы ақиқатты қалпына келтіруімен құнды. Көлағаның 1989 жылдың 16-19 мау­сым күндерінде болған Жаңаөзен оқи­ғасы туралы жазған «Казахское дело: Жаңаө­зен көтерілісі» атты мақаласын бөлек­ше атап кетуге болады. КСРО дәуірі аяқталар тұста Маңғыстау қазақтарының кеңестік саясаттың әділетсіздігіне деген қарсы бас кө­терген оқиғасы туралы оның келіп шығу се­бептерін архив материалдарымен саралап, оқиға болған бойдан жазып жариялаған жур­налистік зерттеуі назар аударуға тұрар­лық. Сол оқиға болған кезде де, кейін де ол та­қырыпқа жазылғандардың бәрінен салма­ғы жөнінен мақала кейіпкерінің материалы оқ бойы озық тұр. Көлбай Адырбекұлының жазғандары­на ел ішінде ғана емес, халықаралық деңгейде де назар аударылған. Мәселен, оның «Жанпида» атты мақаласы кезінде АҚШ-қа дейін мәлім болды. Бұл жайында ол 2019 жы­лы 24 ақпанда, Túrkistan газетінің 25 жыл­дығына орай шыққан арнаулы санында жа­рия­ланған Túrkistan-да шыққан мақа­ла­ны Америкада талқылады» атты естелігінде былай баяндайды: «...2001 жылы қаңтар айы­ның басында ұлы Ильхомжан сауда-сат­тық жасауға Тәжікстанға барады. Жай­шы­лықта сондай сапардан ары десе бір аптада қайтып оралып жүрген ол ұшты-күйлі хабар-ошарсыз кеткен. Мұнда әке-шешесі және үш баласымен жары зарыға күтіп, ауыр кү­ндерді өткізіп жатты. Арада бір жыл өткен соң 2002 жылдың 5 қаңтар күні респуб­ли­калық «Хабар» телеарнасының тілшілері Ауғанстанның Шеберған қаласындағы НАТО мен АҚШ әскери күштеріне берілген шет­ел­дік жалдамалы тұтқындар лагеріне ат ба­сын тіреп, «қазақстандықтар бар ма?» деп іздес­тірген. Телекамераға Ильхомжан ілігіп, өзі­нің Оңтүстік Қазақстан (қазіргі Түркістан) об­лысының Сарыағаш ауданынан екенін, та­либтердің Тәжікстаннан Ауғанстанға ерік­сіз күшпен алып келгенін, мұнда аспазшы бол­ғанын, ешкімге қарсы оқ атпағанын айта­ды. «Күн сайын ұлымнан бір хабар бо­лып қала ма?» деп телеарна жаңалықтарына телміре қарап отырған Хасияттың жүрегі алда­мапты. Экраннан жылт ете қалған ұзын са­­қалды ұлын бірден танып, ертеңіне елор­даға жол тартқан. Сыртқы істер министр­лі­гіне барып, тұтқында отырған ұлы Ильхом­жан­ды қайтаруын өтінеді. Олар көмектесуге уәде берген. Бірақ бұл шырғалаң жайдың жуық арада оң шешіле қоймайтынын, төзім­ділік сақтау керегін ескертеді. Ана: «Егер сіздер баламды жуық арада қайтарып бере алмайтын болсаңыздар, онда Ауғанстанға өзім барып, ұлымды алып келуіме қажетті жол құжаттарын беріңіздер» деп талап ет­кен. Хасият алған бетінен қайтпай, табандап тұрып алғаны соншалық, күнде министр­лік­тің есігін ашып, талабын қоюдан танбай­ды. Ақыры олар тиісті құжаттарын беруге мәжбүр болады. 2006 жылдың көктемінде Абай елді ме­кенінен Тұрдыбай телефон шалды. Ол Гуан­танамоға Нью-Йорк қаласындағы тәуелсіз адво­катурасының өкілдері барып, ондағы тұт­қындардың хал-жағдайымен таныс­қанын, сонда Ильхомжанмен де сөйлескенін айта келіп: «Балаңыздың ақтығын дәлелдеп көрсететін қандай құжаттар бар? Егер қол­дарыңызда сондай құнды құжаттар болса, біз әскери лагерьден бостандыққа шығуына көмектесер едік» деген. Ол осыдан төрт жыл бұрын халықаралық Túrkistan газетіне жарияланған «Жанпида» атты көлемді мақа­ланың барын айтады. Тәуелсіз адвокатура сол мақаланы, сондай-ақ көршілер мен оқы­ған мектебінен мінездеме алып, шұғыл түрде жедел байланыс жүйесі арқылы өздерінің Нью-Йорктегі мекемесіне жіберуін өтінген. ...Тұрдыбай сол жылы маусым айының ба­сында тағы хабарласты. «Америкадан балам­ның ісімен айналысып жүрген Томас Джонсон деген адвокат осы маусым айының екінші онкүндігінде Алматыға келеді екен. Сонда кездесіп, баламыз туралы толық мәлімет бермекші. Сол кездесуге бізді өзің бастап барсаң жарар еді» деп өтінген. Біз Алматыдағы «Отырар» қонақүйінде кездестік. Томас Джонсон 40-тың бел ортасындағы ұзын бойлы, ақсары өңді, денелі жігіт екен. Қасында Роман атты аудар­машысы бар. Кездесу төрт сағат уақытқа созылды. Томас қолындағы ноутбуктен Гуан­та­намодағы Ильхомжанның тұрып жатқан палатасын, төсек-орнын көрсетті. Тұрдыбай мен Хасият баласы туралы барлық жайға қанықты. Кездесуден соң Томас Джонсонмен оңаша отырып сұхбаттастым. − Джонсон мырза, сіз қалай ойлайсыз, Ильхомжанның ісі федералдық сотқа дейін шешілуі мүмкін бе? − Әбден мүмкін. Оған біз іштей толық се­ніп те отырмыз. Оның үстіне жуырда «Нью-Йорк таймс» газетінде әскери сот өткен жылдың қараша айында Гуанта­намо­дағы 500-ге жуық тұтқынның ісін қайта қа­рап, олардың 140-ын Америкаға қауіп төн­діретін содырлар қатарына жатпайды деп шешім шығарып, әкімшілікке тұтқыннан босататындары жөнінде хабар еткенін, әкімшіліктің оны қолдағаны жөнінде жа­зыл­ды. Сол 140-тың бірі Ильхомжан Ботаев бола ма деп үміттеніп отырмыз. Оның жа­зық­сыздығын толық дәлелдейтін біз жі­бер­ген құжаттарға әскери сот пен әкімшіліктің көңіл бөлмеуі мүмкін емес. Осы орайда атап айта кететін бір жайт, сіздің Túrkistan газе­тінде 2002 жылы 8 тамызда жарияланған «Жан­пида» атты мақалаңыз соттың алғашқы іс қарауында-ақ бізге көп көмегін тигізді. Оны біз Ильхомжанның әкесі Тұрдыбайдан бай­ланыс жүйесі арқылы алдырдық. Әуелгіде оны орыс тіліне аударатын жан таппай біраз жүгіріп, іздеуімізге тура келді. Орыс тілінен ағыл­шынға аударған мына мәскеулік азамат – Роман. Сондай қиын кезде, Ауғанстанға ұлын іздеп барған Хасият Ботаеваны айт­сай­шы! Неткен батыл жан еді?! Аналық махаббат кез келген қорқынышты жеңеді екен-ау. Сол мақаладан Ильхомжан өскен отбасындағы жандардың қарапайымдылығын, өрескел істерден бойын алыс ұстайтындарына кө­зіміз жетті. Сол секілді көршілерінің, мектеп ұжы­мының Ильхомжанға берген мінез­де­мелері де Әскери соттың шешіміне ықпал ете­рі анық. Енді ары кетсе екі айда Ильхом­жан­ды Әскери сот екінші рет іс қарауында ақтап, босатып та қалар. Егер бұдан мәселе шешілмесе, қыркүйек айында федералдық сотта ісі қаралатын болады, − деді. Сұхбат 2006 жылғы 22 маусымда жа­рық көрді. Екі айдан соң Әскери сот Ильхомжан Ботаевтың ісін екінші рет қарап, тапсырылған құжаттар негізінде қылмыстық істен ақтап, бостандыққа шығарды. Сол құ­жат­тардың бірі адвокат атап айтқан менің «Жан­пида» атты мақалам болды». Бұл – қазақ журналистикасы үшін бұ­рын-соңды бола қоймаған оқиға. Ол Көлбай Адырбекұлының қолынан келді! Жалпы, Көлағаның мақалалары туралы көп айтуға болады. Оның бә­рін жаза берсек, тұтас кітапқа жүк болады. Енд­і оның деректі әдеби шығармалары тура­лы бірер сөз айта кетсек, К.Адырбекұлы­ның Қарақалпақстаннан шыққан бес Кеңес Одағы Батырының бірі Плис Нұрпейісов тура­лы жазған «Жүрекжұтқан», ІІ Дүние­жү­зілік соғыс қатысушысы, Түркістан легио­нын­да болғаны үшін сотталған Зекен Темір­ғалиев туралы жазған «Тамұқ», «Зекеннің қилы кезеңдері», Желтоқсан көтерілісіне қатысқаны үшін Қайрат Рысқұлбековтен бұрын ату жазасына кесіліп, әйелінің сол кез­дегі КСРО Сыртқы істер министріне жаз­ған хатының арқасында аман қалған Мыр­зақұл Әбдіқұлов туралы «Кебенек киген ке­ле­ді» атты повестері де журналист-жазу­шы­ның қаламгерлік қабілетінің сан-салалы екенін танытса керек. Тағы бір айта кететін нәр­се, К.Адырбекұлының «Тамұқ» повесі Қы­тайда қазақ тілінде кітап болып шыққан. Бұлардың бәрі де қазақ деректі прозасының қазынасын молайтқан туындылар еді. Өкі­ніш­тісі сол, осы шығармалар туралы әдеби сын­да лайықты баға берілмей қалды. Сөзімнің соңында айтарым, бүгінде 70 жастан асып бара жатқан шебер жур­налист, Қазақстан Журналистер одағының, БАҚ саласындағы Қазақстан Республикасы Президенті сыйлықтарының лауреаты, «Бәй­дібек ауданының Құрметті азаматы» Көлбай Адырбекұлы – қаламы қолынан түспеген қаламгер. Енді оның қаламынан туған шы­ғармаларды кітап қылып басып шығарып, хал­қымен қауыштыру – тиісті орындар тара­пынан орындалатын игілікті іс.

Ахмет ӨМІРЗАҚ

Серіктес жаңалықтары