50426
«Қартайған шағында жексұрын болды»: журналист Сапарбаевқа шүйлікті (ВИДЕО)
«Қартайған шағында жексұрын болды»: журналист Сапарбаевқа шүйлікті (ВИДЕО)
Журналист Жасұлан Әбдіхалық Facebook-тегі парақшасында Бердібек Сапарбаевтың қарамағындағыларға «бейшара» деп айтқан сөзіне шүйлікті деп хабарлады turkystan.kz.
«Жетпіске келген әкімнің аузынан жөн сөз шықпайтын болды. Өткен жолы ғана «Иттерден неге сұрамайсыңдар, олар қаба ма, қаппай ма?» деп бір масқара болған еді. Бұл жолы бүкіл елдің көзінше білдей аудан әкімін «бейшара» деді. Алжыған шығар деп айтуға ауыз бармайды. Алайда ақсақалдың айтар сөзі бұл емес. Мемлекеттік қызметкердің этикасын былай қойғанда, адами тұрғыдан дұрыс емес. Қарамағындағы кадрдың намысына тию, қорлау! Ашуың келсе, оңаша кабинетте боқта, ұрыс, сойып ал. Бірақ журналистер қатысқан ашық жиында мұндай сөз айту - әбден есіргеннің белгісі», - дейді ол.Оның айтуынша, Әлихан Балқыбеков «бейшара» емес. Осы облыстың отымен кіріп, күлімен шығып жүрген еңбекқор азамат. Ұл өсіріп, қыз ұзатып отырған үлгілі отағасы. Бүкіл елдің алдында бұлай қорлауға болмайды.
«Сондықтан Сапарбаев артық айтқан сөзі үшін аудан әкімінен кешірім сұрауы керек! Ал осы видеоны қадағаламай, көпшілікке шығарып жіберген баспасөз қызметін пісіріп жесе де өзі білсін. Қанша рет айтып келемін, Сапарбаевты айналасындағылар қартайған шағында жұртқа жексұрын етіп бітетін болды» деп жазды әріптесіміз.