Қазақ ұлттық ренессансы және Ахмет Байтұрсынұлы

Қазақ ұлттық ренессансы және Ахмет Байтұрсынұлы

Қазақ ұлттық ренессансы және Ахмет Байтұрсынұлы
ашық дереккөзі
6975
Қазақтың мұңын жеткізетін, әлеуметтік жайын, қоғамдық қарым-қатынастарын көр­сететін бірден-бір халықтық мінбер сөз өнері болғандықтан, олардың баршасы әдебиеттен көрініс тауып жатты. Сондықтан да қазақ Ренессансы өзінің толық мазмұнын осы сөз өнері­нен тапты. Дегенмен Ренессанс сияқты аса ірі құбылыстың бір ғана сөз өнерінен бай­қалуы аздық ететін еді. Осы құбылыстың бар­лық негізгі сипаттарын көрсетуі үшін ол бас­қа салаларды да қамтымақ. ХХ ғасыр ба­сын­да қазақ ой-өрісінің кеңеюі, жазба әде­биет жанрларының қалыптасуы, ғылымның тууы, театр өнерінің дүниеге келуі, ең басты­сы, осыларды қалыптастыратын қазақ зиялы қауы­мының шоғырлануы ренессанстық бел­гілер болатын. Әрбір халық өзінің тарихында даму үдерісіне және деңгейіне орай Жаң­ғыру дәуірін өткізеді. Әлемдік тарихнамада ол «Ренессанс» атауымен белгілі. Ренессанс әсіре­се, өркениетті елдердің тарихында то­­лы­ғырақ зерттелген. Осыларды зер­де­лей­тін болсақ, онда Ренессанс құбылысының үш түрлі типін аңғарамыз. Біріншісі – VIII ға­сырдан ХІІІ ғасырға дейін жалғасқан ис­лам дінінің адамгершілік қағидаларына не­гізделген және ғылымның көптеген са­ла­сы ерекше дамыған «Исламның алтын дәуірі» немесе «Мұсылман Ренессансы» деп ата­латын Еуропаға тікелей ықпал еткен Жаң­­ғыру дәуірі. Екіншісі – антропо­цент­ризм­ге негізделген ХІV ғасырдан ХVІ ғасыр­дың ортасына дейін созылған Батыс Еуро­па­дағы Ренессанс. Үшіншісі – отарланған ха­лықтардағы алдымен ұлттың жағдайына, со­дан кейін адамның хәліне гуманистік көз­қарас танытқан ренессанстық құбылыс. Әлем­дік тарихтағы қалыптасқан осындай даму ерекшеліктерін ескеріп, біз Қазақ Ре­нессансын осы құбылыстың үшінші типіне ен­гіземіз. Сол себепті де біздің ұлттық Ре­нессансымыз туралы айтқанда, оны ХХ ға­сырдың басындағы Алаш қозғалысымен ті­келей байланыстырып, оны саяси-қо­ғамдық және мәдени үдерістері кон­те­кс­тін­де қараймыз. Бұл ұлттық Ренессансты ұғыну мен оған баға берудің ең басты алғы­шарты десе болғандай. Мұсылман Ренессансы дәуірінде араб әлемінде білім беру, ғылым, әде­биет, өнер, мәдениет айрықша дамыды. Бағ­дат, Каир, Дамаск, Бұхара, Газна, Са­мар­қанд, Хорезм, Исфахан, Нишапур, Балх, Кор­дова, Тебриз сияқты қалалар әлемнің ірі бі­лім мен мәдениет ошақтарына айналды. Әлемдегі ең алғашқы университет те мұсыл­ман елінде ашылды. Ол – 859 жылы марок­ка­лық ханшайым Фатима аль-Фихри Фесе қа­ласында ашқан алғашқы университет. Ал оның алдында ІХ ғасырдың 20 жылдары Бағ­датта «Бейт аль-Хикма» атты Ислам ака­демиясының негізі қаланды. Халиф әл-Мамұн ашқан бұл «Даналық үйіне» ғалым­дар­дың айтуынша, Орта Азиядан, Ираннан көптеген оқымысты келіп жұмыс істеген. Білім мен ғылымның ренессанстық дәуірде шамшырағы болған бұл қалаларға Еуропа­ның, Азияның, Африканың көптеген ел­інен оқымыстылар жиналды. Солар­дың бірі – қазақ даласынан келген әл-Фараби. Энцик­ло­педиялық білімі, ғылыми еңбектері оны исламның алтын дәуірінің көрнекті тұлғасы етеді. Жалпы Мұсылман Ренессансы Батыс Еуропадағы Ренессанстың тууына, қа­лыптасуына айрықша ықпал жасады. Бұл жө­нінде Америка ғалымы Г.Тернер: «Мұсыл­ман суретшілері және ғалымдары, жұмыс­шы­лары мен князьдары бірегей мәдениетті жа­сады, ол барлық құрлықтарға тікелей жә­не жанама әсер етті» деп баға берді. Еуропадағы Ренессанс тұсында адам­зат баласының халықаралық қаты­нас­тары ерекше дамыды. Бұл ұлы геогра­фия­лық ашылулардың дәуірі болды. 1492 жылы Христофор Колумбтың Америкаға, 1498 жылы Васко да Гаманың Үндістанға баруы, 1522 жылы Фернан Магелланның бү­кіл жер шарын аралап шыққан атақты экс­педициясы секілді мысалдардың өзі-ақ ре­нессанстық дәуірдің адамзатқа не бер­генін жақсы түсіндіре алады деп ойлаймыз. Олар­ға қоса, Ренессанс өкілдері қатарында Данте, Галилей, Коперник, Бруно, Монтень, Рот­тердамский, Макиавели, Кампанелла, Шекспир, Сервантес, Микеланджело, Лео­нардо да Винчи сияқты адамзаттың ақыл-ойына, жалпы танымына аса зор үлес қос­қан тұлғаларды атасақ, бұл дәуірдің өр­кениет тарихындағы маңызы аңғары­латын болады. Мұсылман Ренессансында, одан кейінгі Батыс Ренессансында ал­дың­ғы қатарға адам, адамның адамгерші­лігі, моралі, ойы, әрекеті, сезімі шықса, қазақ сияқты отарланған халықтың жаңғыруында ұлт пен адам тығыз сабақтастықта көрінді. Бұл отарланған Азия, Еуропа, Америка ха­лық­тарының барлығына да тән ерекшелік. Мы­салы, ХІХ ғасырдың соңы ХХ ғасырдың ба­сындағы Үндістандағы Бенгал Ренес­сан­сын айтуға болады. Оның басты тұлғасы Р.Тагор болды. ХVІІІ ғасырдың аяғы мен ХІХ ғасырдағы Болгариядағы осындай жаңғыру «Болгар ұлттық Ренессансы» деп аталды. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге боларлық. Жалпы, мұндай халықтардағы Ренессанс дәуірі ұлт-азаттық қозғалыспен бірге жүретінін аңғару қиын емес. ХХ ғасыр басында қалыптасқан Ояну дәуірін «Қазақ ұлттық Ренессансы» деген дұрыс. Себебі ілгеріде жазғанымыздай, қа­зақ Ренессансында алдыңғы қатарға тұтас ұлт шықты. Адам сол тұтас ұлттың ауқы­мы­н­­да қарастырылды. Алаш қозғалысы өзі­не дейінгі барлық қозғалыстан басты айыр­масы, қажет болса, тіпті артықшылығы – оның интеллектуалдық-мәдени қозғалыс болуында. Әлбетте бұл Алаш қозғалысы саяси бағыттағы күрес дегенімізбен, оның негізінде ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасыр­дың басында заманауи білім алған қазақ зиялылары тұрды. Олардың ішінде гума­ни­тарлық білім алғандардың үлесі үлкен бол­ды. Егер қозғалыс жетекшісі Әлихан Бөкей­хан­ды саяси көсем дер болсақ, Ахмет Бай­тұр­сынұлы рухани көсемі болды. Қазақ ұлт­тық Ренессансының антропоцентристік, адам­гершіл мұраттарын Абай тұлғасы және оның шығармашылығы дайындағаны бел­гілі. Қазақ ұлттық Ренессансы өзінің та­ри­хи миссиясына тән, біздің ойы­мыз­ша, бірнеше ренессанстық тұлғаларды ту­дырды. Ренессанстық тұлға дегеніміз кім жә­не қандай сипаттарымен ерекшеленеді д­е­ген сауалды қояр болсақ, онда былай деп жауап беретін едік. «Ренессанстық тұлға» де­геніміз адамның, халықтың адамгершіл бол­мысын бейнелеген және оны кеңінен на­сихаттаған, гуманистік идеяларды шы­ғармашылығы мен күресінің арқауына ай­налдырған ұлттың тарихы мен мәдениетіне, өнеріне, білімі мен ғылымына үлкен бет­бұрыс жасаған тұлға. Ахмет Байтұрсынұлының қайраткерлік, шы­ғармашылық тұтас өмірбаяны оны аса ірі ренессанстық тұлға етеді. Егер Ақаңның Алаш қозғалысы тұсындағы зор қай­рат­кер­лігін, ұлттық мектепті қалыптастырудағы ұстаз­дығын, ғылымның негізін салушы бол­ғанын, дәуір ұранына айналған көркем шы­ғармалар мен публицистикалық ең­бек­тер жазғанын жіктейтін болсақ, онда оның жан-жақты тұлғалық қасиеттері Ренес­санс­тың ең негізгі бағыттарын анықтағанын аң­ғарар едік. Ақаңды «Ұлт ұстазы» деуіміздің ас­тарында оның осындай дәуірлік көш­бас­шы болғанына лайықты бағамыз жатыр. «Ақаң ашқан қазақ мектебі, Ақаң түрлеген ана тілі, Ақаң салған әдебиеттегі елшілдік ұран – «Қырық мысал», «Маса», «Қазақ» газе­ті­нің 1916 жылдағы қан жылаған қазақ ба­ласына істеген еңбегі, өнер-білім, саясат жо­лындағы қажымаған қайраты, біз ұмыт­сақ та, тарих ұмытпайтын істер болатын» де­ген Мұхтар Әуезовтің бағасы оның ренес­санс­тық тұлғасын танытады деп ойлаймыз. Жалпы, Әуезовтің осы мақаласында Алаш қоз­ғалысына байланысты еш нәрсе айтыл­маған. Кеңестік кезеңдегі заманның райы Мұқаңа оны айтудан сақтандырған. Ахмет Байтұрсынұлының тарихи тұл­ға­сын қалыптастырған алғышарттар оның ре­нессанстық тұлға болуына тікелей қа­тыс­ты. Біздің ойымызша, ондай алғы­шарт­тар қа­тарында мыналарды атауға болады. Бірін­ші­ден, ол бала кезінен отаршылдықтың зар­дабын көріп өскен адам екенін «Анама хат» өлеңінен және зерттеулердегі өмір­баян­дық деректерден жақсы білеміз. Екін­шіден, Ақаңның ат жалын тартып азамат бо­лып қалыптаса бастаған кезеңінде ұлт оқығандары шоғырланып, отаршылдыққа қар­сы күресті бастады. 1905 жылғы Ресей­дегі төңкеріс, бостандық идеялары, қазақ жеріндегі алғашқы құзырхаттар, саяси басқосулар және осылардың нақ ортасында Ахмет Байтұрсынұлының болуы оған бел­сенді қатысуы оны қайраткерлік жолға тү­сірді. Мысалы, «Қарқаралы құзырхаты», «Қар­қаралы шеруі». Осы кезеңде оның Ә.Бө­кейхан, Ж.Ақбаев, М.Дулатов сияқты ұл­тының тағдыры үшін күрес бастаған тұл­ға­л­армен адами, рухани және саяси серіктігі ор­тақ мүдде үшін қайраткерлік тұлғасын қа­лыптастыра бастады. Бұл мәдени, ағар­­тушылық күреске ұласып, 1913 жылы «Қа­зақ» газеті бетінде саяси-қоғамдық күреске, 1917 жылдың көктемінен бастап саяси күрес­ке ұласты. Нәтижесінде аталған Алаш кө­семдерінің және тағы да басқа қай­рат­керлердің күресі арқасында саяси маз­мұн­дағы облыстық, уездік қазақ сиездерін, І, ІІ жал­пықазақ сиездерін өткізуге, «Алаш» ұлт­тық партиясының бағдарламасын жариялауға, партияның Семейден бастап бірнеше өңірде комитеттерінің ашылуына, Алашорда үкіметінің құрылуына, Алаш автономиясына алып келді. Үшіншіден, Ренессанстың басты белгілерінен саналатын білім мен ғылымның қазақ даласына кеңінен таралуына, қалыптасуына Ақаң тікелей атсалысқанын баршамыз білеміз. Оның ана тілінде білім беруді насихаттауы және тікелей соның мазмұнын жасауы, тіл білімі, әдебиеттану және әдістеме сияқты ұлттық ғылымның негізін қалауы, сондай-ақ ғылыми мектеп қалыптастыруы нағыз ұлттық Жаңғыру болды. Төртіншіден, «Қы­рық мысал», «Маса» поэзиялық жинақтары арқылы гуманистік идеяларды, атап айт­қан­да тұтас халық пен жеке адамның бол­мы­сы мен бейнесін адамгершіл мұраттар не­гізінде көрсетті. Бұл ретте Абайдың ұлы гу­манизмін Ахмет Байтұрсынұлына ықпал еткен идеялық-көркемдік фактор екенін атауға тиіспіз. Бесіншіден, ол халықтың мәдени деңгейі артып, басқа халықтармен мәдениет жағынан теңескенде ғана рухани бостандық пен саяси азаттық болатынын еңбектерінде жиі қайталап жазды. Бұл да Ренессанстың үлкен ерекшеліктерінің бірі. Әрі қаламгер қайраткер тұлғалардың өмірлік мұраты олардың жаз­ған­дарынан айқын көрініс табатыны сияқты, Ақаң­ның да азаматтық болмысы оның шы­ғармаларында баяндалды дейміз. Қай­рат­кер ақын: Адамдық диқаншысы қырға шықтым, Көлі жоқ, көгалы жоқ құрға шықтым. Тұқымын адамдықтың шаштым, ектім...– дейді әйгілі өлеңі «Адамдық диқаншысында». Жал­пы, осы өлеңнің атауы сияқты оның маз­мұны да Ақаңның ренессанстық тұлға ре­тіндегі автопортреті. Сондай-ақ: «Адамға ең қымбат нәрсе – жұрт қамы, жұрт ісі», «Ұл­тын керек қылып, халыққа қызмет қы­ла­мын деген қазақ балалары қазақ жұмы­сына қолынан келгенше қарап тұрмай кірі­сіп істей берсе – ұлт жұмысы ұлғайып, то­лықпақшы», «Қазақтың бас адамдары! Әуе­лі сіздер адаспаңыздар: адаспас үшін ақыл­дасып, ойланып, ынтымақпен іс етің­дер» деген және тағы да басқа қаншама сөз­дері оның зор адамгершіл тұлғасын аң­ғартады. Егер Ақаң ұлтын соншалықты сүй­месе және ондай перзенттік махаббат телегей білім, зор жігер және қажырлы қай­ратқа сүйенбесе, дүрбелең кезеңде туған елі мен халқы үшін өмірін қатерлі тәуекелге тік­п­ес еді. Ұлт мұраты үшін әлдеқайда күш­ті, зорлықшыл үкіметке қарсы күреске шық­қандардың барлығы да үлкен тәуе­келшіл тұлғалар. Осы тәуекелдің арқасында Ақаң сияқты реформатор тұлғалар халқы­ның даму бағытын тың арнаға бұрып, жаңа­ша тарих жасағандар. Бұл – әлем тари­хын­да­ғы барлық Ренессанстарға тән құбылыс. ХХ ғасыр басындағы Қазақ ұлттық Ре­нес­сансының гуманизмі – отаршыл Ресей им­­периясының антигуманизміне деген қар­сы реакция. Бұл жөнінде Ақаңның саяси жә­не рухани серігі М.Дулатов: «Бізді ұлтшыл қыл­­ған кемдікте, қорлықта жүргеніміз кө­рін­­геннен соққы жегеніміз еді» деп жазған еді. Отаршылдық антигуманизмнің бас­тапқы кезеңінде қазақ сан рет кө­тері­ліске шығып, халықтық абыройы мен на­мысын қарудың күшімен қайтармақ бол­ғанын да тарихтан жақсы білеміз. Сы­рым Датұлы, Кенесары Қасымұлы, Жанқожа Нұрмұхамедұлы және тағы да қаншама жүздеген көтерілісші жеңіліс тапты. Алаш зия­лылары осындай оқиғалардан қорытын­ды шығарып, ХХ ғасыр басында саяси және мәдени күресті таңдады. Бұл сол кездегі тари­хи мүмкіндіктер шегіндегі ең дұрыс таң­дау болатын. Тарихи деректерден Алаш қозға­лы­сына тыйым салынған уақыттан соң тағы да туған халқының амандығы мен тағ­дыры үшін Ахмет Байтұрсынұлының төң­керістік комитет құрамына енгенін біле­міз. Осы кезде ол кешегі империалистік маз­мұндағы сияқты тағы да антигуманизмді көрді. Ол қазақ сияқты халықтарға әлі де ше­кесінен қарайтын, сонымен бірге таптық платформадағы антигуманизм еді. Билікке жаңадан келген большевиктердің осындай антигуманизмі Ақаңның «Төңкеріс және қырғыздар», «Ленинге хат», «Қазақ қалам қайраткерлері жайынан» еңбектерінде жан-жақ­ты баяндалды. Айталық, орыс тілінде жа­зылған «Төңкеріс және қырғыздар» мақа­ласында қазақтың жағдайын баяндай келе: «Олар бірінші төңкерісті қаншалықты шаттықпен қарсы алса, екінші төңкерісті соншалықты үреймен қарсы алды... Бірінші төңкерістің дұрыс түсіндіріліп, қуанышпен қар­сы алынуы қырғыздарды патша үкіме­тінің езгісі мен зорлығынан құтқарса, екін­шіден, олардың мәңгілік арманы – өзін-өзін басқаруға деген үмітін күшейтті... Қазан төңкерісі өзінің сыртқы әрекеттері арқылы оларға қорқыныш билетті» деп жазды. Бо­льшевиктік антигуманизмді айыптау, оның жоғарыда аталған еңбектерінде тікелей жал­ғасын тапты. Мысалы, «Ленинге хатын­да»: «...жергілікті коммунист жолдастар қазақтарды ешнәрсе түсінбейді деп ой­лайды, құйтұрқы саясатқа салып, еңбек­ші қазақ халқына олардың тұрмысын кеңестер негізінде құруына туысқандық көмек көр­сетуді ұсынбай, қайта оларға әртүрлі қулық­пен өз үстемдігін танытып отыр» десе, «Қа­зақ қалам қайраткерлері жайынан» мақа­ласында: «Құл болған халықтан туып, құл­дықтың қорлық, зорлығын көріп оты­рып, қазақ қалам қайраткерлері қаламын ұлты­ның ауырын жеңілту, ауырын азайту жо­лына жұмсамасқа мүмкін емес; кемшілік көр­ген жұрттан туып, кемшіліктен құтқару­ды мақсат етіп, ылғи сол жолда жұмыс қыл­­ған қазақ қалам қайраткерлері жұрт­шыл, ұлтшыл, яғни, халқына жаны ашитын, хал­қының жаны ауырғанда жаны бірге күй­­зелетін, бауырмал болмасқа тағы мүмкін емес» деп ұлт зиялыларының объективті бол­мысын дәл көрсетеді. Қазақ ұлттық Ренессансын қалып­тас­тырған тұлғалардың көпшілігі әм­бебап тұлғалар еді. Алаш көсемі Әлихан Бө­кейханнан бастап келесі жас буын өкіл­дері Мағжан Жұмабаев, Қошке Кемеңгерұлы, Мұх­тар Әуезовке дейін ұлт-азаттық қозға­лы­сына қатысып, әсіресе мәдени күресте туған халқы үшін тарихи үлкен дәуірлік жұмыстар атқарғанын баршамыз жақсы білеміз. Сол кезеңде жарық көрген әйел тең­ді­гіне байланысты өлең, поэма, әңгіме, повесть, роман жанрларының пайда болуы да қазақ қоғамындағы гуманистік идея­ның өрістеуімен тікелей байланысты еке­нін айтуға тиіспіз. ХХ ғасыр басындағы Алаш әдебиетінің өзі­не дейінгі де, өзінен кейінгі де әдебиеттен үлкен айырмашылықтарының бірі – ондағы көр­кемдік әдістердің, соған орай әдеби ағым­дар мен бағыттардың алуандығы. Мұн­дай әдеби құбылыс қазақ ойының өмір шын­дығын бейнелеудегі алуан көркемдік жә­не идеялық тәжірибелерін аңғартса ке­рек. Адамды, қоғамды әр қырынан ғана емес, әртүрлі көркемдік әдістер арқылы бей­нелеу ұлттық сөз өнердің өскенін көр­сетеді. Осы кезеңде туып қалыптасқан сен­тиментализм, символизм, натурализм һәм дәуірдің ең басты көркемдік әдістері болған романтизм мен реализм және олардың ішкі ағымдары әдебиет өкілдерінің өмірді әр­түрлі ракурста, әртүрлі көркемдік шешімдер арқы­лы танығанын паш етеді. Ұлттық Ренессанс тұсында алғашқы ұлттық әліпби, жазудың орфогра­фия­лық нормалары, жаңа әдеби, публицис­тикалық жанрлар қалыптасты. Сөз өнерінің өскенін байқататын әдеби сын пайда болды. Қазақ баспасөзі, қазақ театрының негізі де осы кезеңде қаланды. Алғашқы тарихи ма­қа­лалар жазылды. Кеңес дәуірінде жарық көр­ген тарихи кітаптардың авторлары да Алаш қозғалысына қатысқан Мұхамеджан Ты­нышбаевтың, Санжар Асфендияров сияқ­ты қайраткерлер болды. Сол сияқты мате­матика, медицина, физика, геометрия, геог­рафия, биология, химия тағы да қан­ша­ма ғылым салалары Алаш зиялыларының ойы мен еңбегінің жемісі екені бүгіндері ба­ғаланып жатыр. Ұлттық ғылымның туып-қалыптасуы – сол халық үшін қашанда аса ерекше құбылыс. Ол – халықтың есейгенін, ақыл-ойы­ның жаңа сапалық деңгейге көтеріл­генін айқын көрсететін мысал. Білімі мен ғылымы бар халық әлемдегі заттар мен құбылыстардың сырлары мен құпияларын тани бастайды, оның өмірі мейлінше жеңіл­деп білімінің арқасында жаңа кәсіптер мен ма­мандықтарды игереді. Оны өміріне жара­та бастайды. Бұл – үлкен жетістік. Жүздеген жыл­ бойы таза аграрлық ұлт болып келген қазақтың халықтық санасы ұлттық Ре­н­ессанс кезеңінде әжептеуір өсті. Алаш қоз­ғалысын қалыптастырған зиялылар Мәскеу, Петербор, Ыстамбұл, Каир, Варшава, Қа­зан тағы да басқа ондаған қаланың жо­ғары оқу орындарында білім алды. Олар тари­хы­мызда осындай жоғары білім алған ең алғашқы кәсіби мамандар еді. Лайықты білім алу, сол білімді халықтың қажетіне жұм­сау сияқты саналы әрекет Алаш зия­лыларының барлығына тән азаматтық, қайраткерлік кредо іспетті болды. Ренессанстық белгі ретінде қазақ ба­ла­сының жалпы әлемдік кеңістікті тануы да осы кезеңнен басталады. Әлбетте, қазіргідей Қазақстан Республикасы сияқты әлемдік қауымдастықтың теңқұқылы субъектісі, яғни дербес мемлекет болмаған­нан кейін Алаш зиялылары мұндай ғалам­дық кеңістікке мемлекеттің атынан емес, қазақ халқының атынан шықты. Бұл үдеріс ең алдымен қалыптаса бастаған жазба әде­биетінен көрінді. Атап айтқанда, пуб­лицис­­тикалық мақалаларда, ғылыми еңбектерде, ал әдебиетте аудармалар арқылы аңғары­лады. Халқының азаттығы үшін күреске шыққан Алаш азаматтарының Ресейдің көптеген қаласында, сонымен бірге Вар­шавада, Ыстамбұлда, Мысырда оқуы Ғаб­долғазиз Мұсағалиев сияқты азамат­тардың Үндістан, Пәкістан, Индонезия, Жапония сияқты елдерді аралауы қазақтың әлемді тануына кеңінен жол аша бастады. Ұлт-азаттық көтеріліс қайраткерлері Жа­пония, Германия, Америка тағы да басқа мемлекет­тер жөнінде танымдық еңбектер жазды. Олардың мақсаты өнерге, білімге, кәсіпке бет қойған жұрттарды қазаққа үлгі ету еді. Көркем әдебиетке келсек, Алаш кө­семдері Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлынан бас­тап барлығы дерлік аудармамен шұғыл­дан­ды. Осы кезеңде Будда, В.Шекспир, В.Гюго, Мопасан, А.Дюма, Р.Тагор, Д.Лондон және та­ғы да басқа шетел классиктері қазақ ті­ліне аударылды. Алаш зиялыларының пуб­лицистикалық, танымдық, ғылыми еңбек­терімен танысу барысында олардың дү­ние­жүзінің тарихынан мол мағлұматы бол­ғанын және сол дәуірдегі саяси, қоғам­дық, мәдени оқиғалардан жақсы хабардар екенін анық аңғаруға боларлық.

Серіктес жаңалықтары